Жерлесіміз құрмет төрінде
Ел үшін ерен еңбек етіп, халықтың ықылас-ілтипатына бөленіп жүрген азаматтар аз емес. Өзінің ұлағатты істерімен, қарапайым адамгершілік қаситтерімен көптің құрметіне ие болып, бейбіт заманда биік мәртебеге көтерілген жандар көзге ыстық бола түседі. Әңгімемізге арқау болып отырған кісі де ортасына еңбектің жемісі мен жеңісін көріп, бақытын сезінген жанның бірі Балтагүл Оспанова.
Ол 1957 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. 1975 жылы Шиелідегі Октябрьдің 14 жылдығы атындағы №45 қазақ орта мектебін бітіреді. Алғашқы еңбек жолын 1975 жылы Шиелі аудандық партия комитетінде статистик қызметінен бастайды. Содан 1976-1982 жылдар арасында Алматыдағы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіреді. Одан әрі, саналы ұрпақты сапалы біліммен сусындатып, елдің алғысын алады. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Оқу-ағарту саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Балтагүл апаға тағдырдың тағы бір тартуы – еңбекқорлықпен қабысқан біліктілік, ұйымдастырушылық, адалдық, сабыр сақтап, кеуде кермей-ақ үйдей жұмыс тындыратын тиянақтылық деуге болады. 2008 жылы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі атанды. 2014 оқу жылында ХҚТУ-дің «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен марапатталды. Осылайша бір кісі басына жетерлік марапаттары жарқын еңбек жолының айғағы. Сонымен бірге, сүйегіне сүтпен сіңген бірсөзділік, орнықтылық, ұқыптылық сияқты асыл қасиеттердің арқасында жуырда Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атағын алды.
Нәзік иығымен нардың жүгін арқалап, небір қиын істі еңсерген абзал ананың еңбекқорлығы мен қоғамдағы жаңашыл қадамдары, ұрпақ тәрбиесіндегі өзіндік үлесі бүгінде лайықты бағасын алды.
Шапағат Тілеубаев