ОЙЛЫ ОҚЫРМАН – ГАЗЕТ ОЛЖАСЫ
Қазір ақпарат ағынының қарқыны қатты. Әсіресе, әлеуметтік желінің әлеуеті бет қаратпайды. Болған оқиғаны сол сәтте білесің, ертеңіне «ескіріп» қалады. Бірақ, желіде желдей ескен сол «жаңалық» кейбір ойлы оқырманның ақпаратқа деген «аштығын» қанағаттандыра алмайды …
Соңғы уақытта ғаламтор мен түрлі ақпараттық порталдар дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын ығыстырады деген пікірді жиі естиміз.
Соңғы уақытта ғаламтор мен түрлі ақпараттық порталдар дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын ығыстырады деген пікірді жиі естиміз.
Бұрын қағаз бетіндегі ақпараттарыңыз бүгінде ғаламтор бетінде қаптап жүр. Әлеуметтік желілер жылт еткен жаңалықтарымен көз арбап, газеттің қоғамдағы рөлін кейінге ысырып тастағандай әсер қалдырады. Бір қарағанда. Facebook, Instagram, Youtube, WhatsApp секілді әлеуметтік желілер мен қосымшалар арқылы таралатын хабарламалар «жаңалыққа» саналатын болды.
Профессор Намазалы Омашұлы: «Қоғамнан бөлек журналистика болмайды. Қоғам қандай болса, журналистика да сондай болады. Қоғамда қандай өзгеріс болса, журналистикада да сондай өзгеріс болады» деген екен. Бүгінде жалпы қоғамның алдында «газет керек пе?» деген сауал көлденеңдеп шығатын болды. Ғаламтор бетіндегі қаптаған ақпарат басылымдардың беделіне нұқсан келтіргені рас. Дегенмен, тасқа басылған сөздің ғасырларға жететінін ұмытуға болмас. Ғылыми технологиясы бізден әлдеқайда көш ілгері кеткен Американың «New York Times» газеті, жапондардың «Йомиуриы» таралымы жөнiнен әлемде алдыңғы орында. Қанша жерден дамып кеттік дегенмен, ғылыми технологиямыз Америка мен жапондарға жете қоймағаны анық. Сол елдердің өзі газеттерін одан әрі дамытып отырғанда бізге не жорық? Газет елдің бүгіні мен болашағы үшін қажет. Ол ақпараттық құрал ғана емес сауаттылық пен эстетика мектебі.
Қытайда мектеп оқушыларына қаламмен жазғызбайтын дәстүр бар. Оның басты себебі, оқушылар жазуын бұзуы мүмкін. Оның орнына сиялы қаламмен жазуға үгіттейді. Өйткені қалам мен сиялы қаламның айырмасы бар. Біреуі дайын өнім, екіншісі еңбек. Себебі сияға малып мәнерлеп жазу – тәрбие. Осы тұрғыдан келгенде газеттің бәсі басым екенін айту керек.
Ұлт жанашыры Әлихан Бөкейхан айтқан төрт қағида бар. «Бірінші: газет – халықтың көзі, құлағы, тілі; екінші: газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе; үшінші: газет – халыққа білім таратушы; төртінші: газет – халықтың жоқтаушысы». Газет болмаса біз көптеген қажетті мәліметтерді, әлемде болып жатқан жаңалықтарды білмес едік. Шындығында, газет те адам секілді. Дүниеге кeлeді, өсeді, eр жeтеді. Бірaқ қaртаймaйды. Себебі, oл тaбиғат зaңына сай ұрпақтан ұрпаққа ауысып, жалғасып, жaңарып, жaсарып отырaды.
Дәуір тынысын тасқа таңбалап, тарихқа айналдыруда газет көтерген жүк жеңіл болған емес. Өткенге көз жүгіртсек, журналистердің қоғамға сіңірген еңбегі аз болмаған. Тіпті, кейбір елдерде ақпарат құралдарының белсенділігі нәтижесінде билік ауысқан жағдайлар да орын алыпты.
Жуырда белгілі журналист Қанат Әуесбайдың «Фэйсбуктегі» мына бір жазбасына көзіміз түсті: «Қай елге барсам да ең әуелі сол жердің баспасөзін іздейтін әдетім бар. Осы көктемде Еуропадағы 7 елде болып, бір құшақ газет арқалап қайтқам. Басқалар сувенир, киім-кешек, техника т.б алып жатса, мен ақшамды газетке жұмсаймын. Байқағаным, мұнда «газет оқылмайды, газет өледі» деп жатқан ешкім жоқ. Метрода, аялдамада, парктерде, кафелерде газет-журнал, кітап оқып тұрған жандарды көресің. Біз неге «газеттің күні өтті» деп дүрлігіп жүрміз сонда?». Журналистің сөзінен ұққанымыз – баспасөздің ертеңі біз айтып жүрген компьютерлік технологиялардың даму деңгейіне емес, оқырманның оған деген көзқарасына тәуелді. Газеттің қадірін қашыратын да, құндылығын арттыратын да – оның тұтынушысы, яғни, оқырман.
Америкалық NOP World компаниясы жуырда әлем халықтарының ақпарат арналарына деген қызығушылығын салыстырып, ең оқымысты елдердің ондығын атады. Көш басында – Үндістан. Үнділер аптасына 10 сағат уақытын кітап, газет-журнал оқуға арнайды екен. Өкінішке қарай, оқу мәдениеті дамыған елдердің қатарында Қазақстанның аты атаусыз. Қазақ баспасөзінің дәурені аяқталуға жақын деген «көреген» болжамдардың болашағы қандай?
NOP World жүргізген зерттеудің нәтижесіне сүйенсек, адамдар бір аптадағы 16,6 сағат уақытын – теледидар көруге, 8,9 сағатын – ғаламторға, 8 сағатын – радио тыңдауға, 6,5 сағатын – басылымдарды оқуға жұмсайтын көрінеді. Оқымысты елдер рейтингінде Үндістаннан кейінгі орынға Тайланд жайғасты. Аптасына 9,5 сағатын оқуға арнайтын тайлар мерзімді басылымдардан бөлек, поэзияға ерекше ден қояды. Тайландта заманауи тілде жазатын Ангкарн Калаянапонг, дәстүрлі бағытты ұстанатын Наовоат Фонгпэйбун секілді авторлардың шығармашылығына қызығушылық зор.
Үшінші орында – Қытай. Қытайлар көбіне ҚХР тарихына қатысты кітаптар, Мао шығармалары, сонымен қатар, XII-XVIII ғасырдағы оқиғаларды арқау еткен тарихи романдарды оқығанды құп көреді. Өзге тілден аударылған шығармалар ішінде қытайлық оқырмандар Стив Джобстың өмірбаянын сүйіп оқиды. Ал, рейтингтің төртінші орнына тұрақтаған Филиппин халқы жұмасына орта есеппен 7,6 сағатын кітап, газет-журнал оқумен өткізеді. Оқымыстылардың үздік бестігін мысырлықтар тәмамдаған. Бір аптадағы 7,5 сағат уақытын кітап пен басылымдарды оқуға жұмсайтын Египет халқының басым бөлігі діни әдебиетке құмар. Мысырлықтардың 29 пайызы көркем әдебиетті ұнатса, 10 проценті саяси әдебиетті көбірек оқиды.
Сонымен қатар, оқуға көбірек көңіл бөлетін мемлекеттер қатарына Чехия, Швеция, Франция, Сауд Арабиясы, Венгрия еніп отыр. Аталған мемлекеттердің қай-қайсысы да оқуды тұлға мәдениетінің негізгі көрсеткіштерінің бірі деп біледі. Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы бұл мемлекеттерде мерзімді басылымдар мен әдеби кітаптарды оқырмансыз қалдырған жоқ. Жұмыс күнін газет-журналдардың жаңа нөмірімен бастайтын, қоғамдық көліктегі, мейрамханадағы бос уақытында бірден басылымдарға шұқшиятын, кітабын заманауи гаджеттерге айырбастағысы келмейтін қауымды олар біздегідей ескіліктің табынушысына баламайды. Керісінше, жоғары мәдениеттің өкілі деп құрмет тұтады.
Бәріне уақыт төреші. Кезінде кино пайда болғанда дуалы ауыздар театр өледі деп даурыққан еді. Газет шыққанда кітап келмеске кетеді деген болжам айтылды. Ал, интернет ақпарат нарығын жаулай бастағанда баспасөз құрдымға кетеді деп шуласты жұрт. Бәрі де жел сөз екенін уақыт дәлелдеді. Театр көрерменін, кітап тұрақты оқырмандарын жоғалтқан жоқ. Ал, телевизия мен баспасөз жаңа ғасырға бейімделу сатыларынан өтіп жатыр.
«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген Міржақып атамыздың сөзі өз өміршеңдігін жойған жоқ. Мемлекеттік тілде шығатын басылымдар – ұлттық қауіпсіздігіміздің иммунитеті. Ол әлсіресе, қорғанысымыз әлсірейді. Ендеше, иммунитетіміз сыр бермесін!
Айнұр НАЗАРОВА