Кәсіп көзі – көлігі
Жастайынан автокөлік тізгіндеп, техниканың қыр-сырына қаныққан Базарбай Амантайұлы – тәжірибелі камаз жүргізушісі. Темір тұлпарды бағындырған ол қырық жылдан бері жұмысын абыройлы атқарып келеді. «Заманына қарай адамы» деген. Қазіргі таңда, әркім қолынан қандай кәсіп келсе, соны дөңгелетіп өз нәпақасын табуға тырысады.
«Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айырылмас қайғы» деп ғұлама Абай айтқандай үнемі өзің қалаған іспен шұғылданғанда ғана жан рақатын сезінесің. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де өз кәсібінің шебері атанған. Кент тұрғыны Базарбай Амантайұлы оныншы сыныпты бітірісімен «За кавказ военный» округінде 2 жыл Отан алдындағы борышын атқарып келеді. Өз отанына қайта оралған соң, 1983 жылы Қызылорда қаласындағы «Тұрмыстық техникаларды жөндеу» арнайы курсында білім алады. Бозбала жігіт Қызылорда қаласында «Тоңазытқыш дәнекерлеуші» болып он жылдай еңбек етеді. «Жігітке жеті өнерде аз» дегендей, арнайы курста жүк көліктерін басқаратын жүргізуші куәлігін оқып шығады. Кейіпкеріміз кеңестік шаруашылықтар тарап, нарықтық қатынасқа бейімделе бастаған тұста амалсыздан көштен қалмау үшін жеке тірлігін қамдастырады.
– Осы курсты тәмамдап, жеңіл және жүк көліктерін басқаруға рұқсат беретін 1-ші санатты жүргізуші куәлігін алып шықтым. Содан жүк тасымалдаушы көлігіне иек артып келемін. Мына техника жүріп тұрса, бала-шағаның нәсібі бар, – дейді тәжірибелі жүргізуші тас тиелген көлігіне ризалықпен көз тастап қойып.
Бүгінде қарап отырмай бір шаруамен айналысқан дұрыс. Жалпы, мемлекетімізде бос отырмаймын, еңбек етемін, кәсіп қыламын деген адамға барлық жағдай жасалуда. Кейіпкеріміз Базарбай Сәрсенов мемлекет жасаған мүмкіндікті қалт жібермей, өткен жылдың 28-ші қазанында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Содан сәуір айының басында ауыл шаруашылығының қаржылай қолдау қоры арқылы 4500000 мың қаржыға қол жеткізеді. Алған ақшаға арнайы жүк таситын «КАМАЗ» алып, еңбекке кірісіп кетеді. Бүгінде Базарбай ағаны аудан орталығының кез келген тұрғыны жақсы таниды. Өз өмірінің 40 жылын автомобиль тізгінін ұстаумен өткізген кәнігі маман әлі де тұғырдан тайған жоқ. Бүгінде ол барлық тұрғындардың керек -жарағын ақысына келіссе жеткізіп беріп отырады. Сондай-ақ, қыс мезгілінде аудан тұрғындарына көмір тасып, қызмет көрсетеді. Бүгінде жары Серіккүл Файзыбаева екеуі екі ұл, бір қызынан алты немере сүйіп отырған бақытты жан. Кейіпкеріміз алдағы жылдары тағы да мемелекет тарапынан қаржылай қолдау болса кәсіптің көкжиегін кеңейтемін дейді.
Шапағат ТІЛЕУБАЙ