Бір ащының бір тәттісі болады
Тәуелсіздік – киелі ұғым. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп туған халқына келелі ой қозғар кесек мақала арнауы – Ел Президентінің перзенттік, азаматтық парызы. Парыз. Мағынасы телегей терең ұғым. Перзенттік парыз. Азаматтық парыз... Өз тұсында қазақ әдебиетінің абызы, классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов ақсақал экологиялық проблеманы көтерген «Сең» туындысын орыс тіліне аударып, шығармаға лайықты атау беруде ойланып-толғанып, ұзағырақ жүріп қалады. Кейін «Парыз» («Долг») деп ат беріп, айдар таққанда, ел азаматтары «О, бұл іспетті проблеманы көркем әдебиетте көтере білу – нағыз азаматтық парыз емес пе?» деп қол соққаны белгілі. Ендеше, Мемлекет басшысының, өмірлік тәжірбиесі ұланғайыр Елтұтқаларының, ақсақал ардагер ағаларымыздың бүгінгі жаңа ұрпаққа Тәуелсіздік құндылықтарының тағылымы турасында ой өруі – парыз іс.
Ел Президентінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» секілді төрт бөлімнен тұрады. Мақала мазмұнына дендеп енбестен бұрын, «бағдар», «белес», «таным», «тағылым», «қоғам», «құндылық», «ұлағат», «ұстаным» ұғымдарына үңілейікші. Ұлттық менталитетімізге тән ұғымдар, ұлттық межелер. Аталған ұғымдар астарына бойлай келе, оны қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен байланыстырғайсыз. Ойлантпай қоймайды. Шынында да, қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында ұстанған басты бағдарымыз қандай болды? Қандай белес-асулардан өте алдық? От пен судан өткен өткеліміздің танымы неде, тағылымы қандай? Қоғам қалай дамуда? Ұлттық қазақы құндылықтарымызды аяқ-асты еттік пе, әлде құнын ескере, аялай білдік пе? Отыз жылдың ұлағаты неде? Ендігі ұстанымымыз не болмақ?
Расында да, бүгінгі Тәуелсіздік құрдастары ел тәуелсіздігін ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома сынды көреді. Десек те, Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі тиіс. Себебі бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Осы жолда ата-бабаларымыз небір зұлмат замандар мен қанқұйлы нәубеттерді басынан өткерді. Олай болса, бұл ретте жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуы жолында кешенді іс-шараларды қолға алу қажет-ақ. Осы орайда Ел Президенті: «Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет. Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек», – деп жазады. Сөзсіз, аксиомалық мәселе, тек қана ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ғана ұрпақ санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға зор мүмкіндік берері даусыз.
Биыл тəуелсіздікке 30 жыл. Жасыратыны жоқ, отыз жыл уақыт ішінде заман да замана да өзгерді. Адамзаттың басынан өткен ауыр сынақ бұл жолы да алты құрлықты айналып кеткен жоқ. Тəуелсіздіктің көк туын желбіретуге атсалысқан, тер төккен қаншама азаматтарымыздан көз жазып қалдық. Бір елге емес, əлемге төнген қауіп, адамзат атаулыны тарыдай қуырғаны ақиқат. Алайда, еңсе түсірген жоқпыз. Ол рас. Ұлттық болмысымызға тəн қайсарлық пен асқақ рухтың арқасында қандай жағдай болсын жол табуға болатынына бек сендік. Өмір бар жерде қиындық бар. Күн түскен жерде көлеңке бар. Тіпті ол өз көлеңкең болса да. Олай болса, еліміз қиындыққа қасқая қарап, тəуелсіздіктің тағы бір таңын қарсы алғалы тұр.
«Тəуелсіздік бəрінен қымбат» атты мақаласында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы əр қазақтың жүрегін қозғайтын сөз айтқаны есімізде. «Бабалардан мұра болып қалған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деген болатын. Расында да, еңсемізді тіктеп, егемендігімізді алып, өз алдына отау тіккеніміз төзімді халық екендігімізді айқындайды. «Бір ащының бір тəттісі болады», «Басы қатты болса, аяғы тəтті болады» деген мақалдың жарық дүниедегінің бəрінің ақиқаты барына сендіреді. Бұл сөздерді айтудағы бір себеп те осы болса керек, яғни, төрткүл дүниеге төнген індеттің еліміздің ең маңызды мерекесімен тұспатұс келуі. Қандай жағдайда да мойымаған ұлт ұрпағы ретінде бұл қиындықты да артқа тастайтынымызға сенім басым.
Г.ӘБДІХАНИ