Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Солтүстіктен жем-шөп келеді

Солтүстіктен жем-шөп келеді


Жуырда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев брифинг өткізді. Өңірдің мал шаруашылығына байланысты жаңалықтармен бөлісіп, шаруашылықтарға субсидия бөлінгенімен сүйіншіледі.
Қуаңшылыққа байланысты мал шаруашылығы қазіргі таңда басты назарда. Әсіресе, мал шаруашылығы өнімінің сапасын арттыру, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту қолға алынды. 2019 жылдан бастап мал шаруашылығын субсидиялауға тапсырыстар электронды форматта жүзеге асырылуда. Ондағы негізгі мақсат сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу болып табылады. Субсидия алуға ниетті 1179 шаруашылықтың өтінішіне сәйкес асыл тұқымды мал сатып алған шаруашылықтарға республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді. Оның 1,6 млрд өтініш берген шаруашылықтарға төленіп, қаржының игерілуі 63,2 процентті құрады. Статистикалық деректерге сенсек, мал шаруашылығы тұрақты түрде мемлекеттік қолдау көргендіктен мал басының және мал шаруашылығы өнімдерін өндірудің өсу динамикасы қалыптасып отыр. Қолдаудың арқасында облыс бойынша 17,4 мың тонна ет (тірі салмақта), 40,9 мың тонна сүт және 3,2 млн дана жұмыртқа өндіріліп, 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ет өндірісі 3,5% процентке, сүт өндірісі 1,9 процентке, жұмыртқа өндірісі 20,2 процентке артқан.
– Бүгінде мал шаруашылығымен айналысуға ниет білдіруші кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдаулар қарастырылған. Бұл ретте жаңадан отандық немесе шетелдік мал сатып алып, шаруашылық ашушыларға «Аграрлық несие корпорациясы» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жеңілдетілген несиелер (4%-пен) ұсынылады. Аталған несиелер алған несиенің көлеміне қарай 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімде 2 жылдық демалысымен беріледі. Сонымен қатар, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен бірлесіп, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жолдары қарастырылған. Бұл жағдайда инвестициялық салынымның 51 проценті инвестор тарапынан, қалған 49 проценті «Байқоңыр» ӘКК» АҚ тарапынан қаралады.
Бүгінде облыс бойынша табиғи шөпті ору науқаны басталды. Барлық аудандарда штабтар құрылып, шабындықтардың көлемі айқындалды. Облыс бойынша әрбір ауылда жем-шөп дайындайтын 114 бригадалар құрылып, оған 170 ауыл шаруашылық техникалары мен 1000-нан астам адам жұмылдырылды. Сонымен бірге, облыс бойынша «2021-2022 жылдардың қысына түсетін малдарды жем-шөппен қамтамасыз етудің іс-шара жоспары» дайындалып, барлық көлем аудандар бойынша бекітіліп берілді.
Қазіргі таңда, облыс бойынша жағдай толықтай тұрақтанды, мал шығыны тіркелген жоқ. Сондай-ақ, қысқа түсетін малдарға қажетті 769,9 мың тонна шөптің 392,5 тоннасы дайындалып, барлық қажеттіліктің 51,0-% қамтылып отыр. Жалпы, облыс бойынша шөп жинау науқаны қарқынды жүргізілуде, – дейді Т.Тұрсынұлы.
Сонымен қатар, өңірде мал азығы бағасының қымбаттауына және шаруалардың мал азығына деген қолжетімділігін арттыру мақсатында тауар өндірушілердің мал азығын алуға жұмсаған шығындарын ішінара арзандату бағытын субсидиялауға республикалық бюджет резервінен 1,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі күні облыс әкімдігінің қаулы жобасы дайындалуда.
Малдарға қажетті құрама жемдердің жетіспейтін көлемін солтүстік облыстардан сатып алу мақсатында ҚР АШМ-нің келісімі бойынша «Азық-түлік келісім шарт» ҰК» АҚ арқылы жеңілдетілген бағада 7,4 мың тонна жем сатып алуға тапсырыс берілді. Бұдан бөлек, облыс бойынша шөп шабумен айналысатын тауар өндірушілерді жанар-жағар маймен қамтамасыз ету мақсатында Энергетика министрлігінен облысқа қосымша 3,8 мың тонна жеңілдетілген дизель бөлінді.

Ақбота БАЯНБАЙ
10 тамыз 2021 ж. 377 0