Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Азамат атын адалдық шығарады

Азамат атын адалдық шығарады


Кеше ғана арамызда жайраңдап жүрген ағамыз Әбекең көп болды көрінбейді. Біреу білер, біреу білмес, ол былтырғы зобалаң індеттің тырнағына ілініп, бақилыққа аттанған. Әбдішүкір ­Батырбаевты айтамын. Әбекең ауданға танымал, ретімен, жөнімен әдемі қартая білген, жасында Киікбай Смайылов, Жолдасбек Ердешбаевтай ұлағатты ұстаздардан тәрбие алып, РТС деген мекеменің бас инженері қызметін ұзақ жыл абыройлы атқарып, басқа да мекемелерде басшылық жасаған, ысылған, техника тілін шемішкеше шағатын, өнертапқыш маман болатын.
Ол – Шиелі ауданы экономикасы мен мәдениетінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Туған жерін, елін, Шиелі тұрғындарын жақсы көрді, сүйе білді. Оның бойындағы адалдық, тазалық, іскерлік, талапшылдық, ізденімпаздық, жанашырлық, қоғам үшін жанпидалық қасиеттері Әбекеңді қарапайым етіп көрсететін. Кісілігі жоқ. Уәдеге берік, сертіне мәрт. Елгезек. Бала көңіл, қарт ақыл. Шаршамайды, шалдықпайды, ерінбейді. Ананы-мынаны тындырдым деп міндетсінбейді, тіксінбейді. Жаңалыққа жаны құмар. Біреуді сыртынан сөз етпейді. Бұрынғы бастықтарын сынап-мінемейді, керісінше, мақтап, қадірлеп, төбесіне көтереді. Үнемі автокөлік айдап жүрсе де мұнтаздай таза киініп, көлігіне жанар-жағар май құя салғыңыз келсе, ренжіп қалатын. «Көлік менікі, бензинді сен үшін емес, өзім үшін құямын. Қане, отыр» дейтін, зілсіз кейіппен. Уақытпен жүретін. «Біз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ғафу Мұхамеджановтың тәртіп сабағын алғанбыз, ол кісі жиналыстар мен бюроларға бір минут кешікпей келетін, уақтысында бастайтын. Кешігіп қалғандарды ішке кіргізбей қуып жіберетін. Міне, тәртіп» деп отыратын. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев «... Кезегім келіп, кеткенде келмес сапарға, қалмасам екен іздеусіз, ізсіз, жоқтаусыз» демекші, Әбдішүкір Батырбаевты білетіндер, бірге қызметтес болғандар, қатар жүрген ардагерлер, құрдастары мен дос-жарандары ұмыта қоймас. Мен Әбекеңмен көп жүрдім. Кенттің ардагерлер кеңесінің төрағасы болғандықтан ба, әйтеуір, бір тыным болмайтын. «Ана каналды көру керек. Ана көше ыбырсып кетіпті. «Базар» арығын тазаламаса болмайды. Көпірді неге жөндемейді? т.б. жүдә көп. «Осының бәрі неге, кімге қажет, Әбеке, тыныш жатпайсыз ба?» десем, «халыққа, кент тұрғындарына өлгенімше қызмет етіп кетуге тиіспін, барасың ба? Қане, кеттік!» деп автокөлігінің есігін ашып отыратын. Сондағысы мені серік болсын, келеңсіз нәрселерді көрсе, газетке жазып қалама дей ме, білмеймін, менсіз жүргісі келмейтін. Ауданның, кенттің жанашыры еді. Мемлекеттік қызметшілердің кемшіліктеріне, оқыс мінез көрсетулеріне, көптеген ағаларының жағымпаздық іс-әрекеттеріне төзбейтін. Ондайда шыдамай айтып қалып, жасы үлкендерден сөз де естіп қалатын. Бірақ тез ұмытатын, артық жауап қатпайтын, кек те сақтамайтын. Кезінде осындай жаны жайсаң жанды кекетіп, мұқатып, «көп сөйлеме, ананы, мынаны айта берме» деп, қоғам үшін, ел үшін айтқан орынды ұсыныстарына тиым салып отыратын «көсем» ағалары да жеткілікті еді. Ойлап қарасам, адамдар бір-бірін көріп жүргенде қадірін білмейді екен, дұрыс бағалай алмайды екен. Анадай жақсы ұсынысты ол неге менен бұрын айтып қойды дегендей қызғаныш оты лаулайды екен ғой. Оны кім білген? Әбекеңді жеңілтап деп түсінген, жеке басын жек көрген, ұнатпаған пенделердің де тірлігі болуы мүмкін. Дарын иесі, бір туар ақын Мұқағали «... Ойла жас! Өлең менің бар тынысым, Жақсы сөзім – жаны игі халқым үшін» демекші, Әбдішүкір ағамыз Шиелі халқына адал қызмет етті. Оның кенттің гүлденуі үшін, суландыру-нуландыру үшін жүгірген еңбегі, оның өмірде жоқтығы сезіліп тұрғандай. Азамат атын адалдық шығарады екен. Әбекеңнің аты адалдықпен танылды. Әбекең тыныш жатпай осыдан оншақты жыл бұрын Жаңақорған ауданына барып, ауыл шаруашылығы басқармасының бастығына кіріп, аудан ардагерлеріне егін егу үшін жер қалай беріліп жатқандығын өзі барып біліп келді. Оны біздің аудан басшыларына жеткізіп, келісім жүргізіп, нәтижеге қол жеткізді. Аудан әкімдігі шаруашылықтардан жер бөліп беріп, көптеген ардагерлер қыстық картоп, сәбіз, пияз, асқабақ т.б. дақылдарын егіп, бұйырған өнімдерін жинап алды. Егінді еккеннен жинап алғанша, сол алқапта болды. Оның осынау бастамасына бақша еккен ардагерлер де, аудан әкімі Әшім Оразбекұлы да дән риза болған еді. Бұл игі істі «Шарайна-Сейхун» газетінің директор-редакторы Нұрмахан Елтай «Егемен Қазақстан» газетіне насихаттап жазған болатын. Бұл іс жалғасын тапты. Мынандай қымбатшылықта, картоп пен сәбіздің бағасы елді шулатып жатқанда, аудан ардагерлері бас көтеріп, егіншілерді кент ардагерлері Кеңесінің төрағасы Болат Күлімбетов басқарып, Әбекеңді жоқтатпай, жетекшілік жасап отыр. Жайқалған танаптан мол өнім күтілуде.
Облыстық ардагерлер конференция­сында Жалағаш ауданы ардагерлер Кеңесінің төрағасы баяндама жасап, ардагерлер ұйымын тендерлерден қаражат ұтып алып, бес-алты адамына ақы төлеп, ешкімнен демеушілік күтпей-ақ өзін-өзі қамтамасыз етіп отырғанын айтқан еді. Осыны естіген жаңалыққа жаны құмар Әбекең сол кісіге өз көлігімен барып, сөйлесіп, оның жолдарын флеш жадына жазып, сол кездегі төраға Сұлтанбек Қойшыбайұлына әкеліп бердім деген болатын. Аудан әкімі Жарылқасын Тұрабаев күріш жинау науқанында комбайнның негізгі ремені таптырмай сасқанда оның жолын тапқан өнертапқыш Әбдішүкір Батырбаев пен оның жаңалығын қолдаған ауданның бас инженер-механигі Әнуар Кенбаев бастаған шаруа қожалықтарының инженерлері еді. Еңбек жолын РТС-те тракторшы болып бастаған Әбекең ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты. Біреу жақтырып, енді біреулер лақтырып жатты. Бірақ сыр бермеді. Ақылдылық, ұстамдылық танытты. «Сексен жасымда достарым мен дұшпандарымды қосып дәм татқызамын. Бәрі пендешілік қой. Мен ешкімге тәуелді емеспін, еркін қазақпын. Жұрт не десе, о десін. Мінің мінезім – Шиелі тұрғындарына қызмет ету, көмек беру» дейтін. Әбекеңнің сол болмысын кезінде аңғара алмағанымыз, қазір өкінішке айналып отырғандай. Кеңес үкіметі кезіндегі мерекелік шерулерде аудандық РТС мекемесінің бас инженері Ә.Батырбаев жасаған «Ракета» жастарды қызықтырып, таңқалдыратын. Алаңнан «Союз», «Восход» ракеталары ғарышқа ұшатындай көрінетін. Оның авторы да осы кісі болатынтұғын. Жуырда бір азаматтың жылдық асында білімді, жаңашыл іскер жігіт, діни ғибратты, ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаевпен дәмдес болып қалдым. Сол жерде ауыл молдасы «мешіттің асханасы бітті ме, пайдалануға берілді ме?» деп сұрап қалды. Аудан имамы «Шүкір, асхананың салынуына түрткі болған марқұм Әбдішүкір ағамыз. Көкеміз көпшіл, жүрегі таза адам еді ғой. Сол кісінің арқасында Қызылорда қаласына барып, шиелілік құрылысшы-кәсіпкерлерге жолығып, екеу­­леп көмек сұрадық, асханаға демеушілік жасауларын өтіндік. Сөзі өтімді екен. Құдай қаласа, жуырда мешіт асханасы жұмысын бастайды. Енді ішімдік жайлаған мейрамханаларда емес, өзіміздің қасиетті мешітіміздің жанындағы жаңа асханада ас беріп, өткендерге құран бағыштайтын боламыз» деген еді. Әбдішүкірге шүкіршілік жасап отырған Бақыт інімізге Алланың нұры жаусын деймін. Айта берсек таусылмайды. Оның Шиелі тұрғындарына бір кісідей жасаған еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Қазағым «Тірісінде өсектен аманы жоқ, өлгеннің жаманы жоқ» деп баяғыда-ақ айтып кеткен екен ғой. Бәріміз де өмірде пендеміз. Тіршілікте қандаймыз?

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
03 тамыз 2021 ж. 318 0