Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік – табыстың қайнар көзі

Тәуелсіздік – табыстың қайнар көзі


Тәуелсіздік – еліміздің жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі. Бүгінгі күннің жетістіктері Тәуелсіздіктің арқасында келді. Отыз жыл ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту бағытында қыруар жұмыстар жасалды. Елімізде білім, ғылым, дін, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде.
Ата-бабамыз армандаған тәуелсіз күн арайлап атып, көк байрағымыз көкке желбіреді. Жас елдің тарихындағы жаңа дәуір өзінің бастауын Тәуелсіздіктен алады. Сондықтан, Тәуелсіздік мерейтойы ерекше мәнге ие. Биылғы айтулы жылды жоғары дәрежеде ұйымдастыру және идеологиялық деңгейге жеткізу міндеті тұр. Ел тарихындағы осындай бірегей белесті толайым табыстармен қарсы алу баршамыз үшін үлкен сын. Тәуелсіздік тойы жалпы халықтық сипатқа ие болып, отандастарымызға айрықша рух беруі керек. Тәуелсіздік тойына әрбір қазақстандық өз үлесін қосуы тиіс. Ол – ауыл шаруашылығында, өндірісте, өнеркәсіпте жұмыс істеп жүрген кез келген отандасымыздың сапалы еңбек етіп, ел игілігін арттыру деген сөз. Яғни, азаматтарымыздың адал еңбегі мен елге деген шынайы құрметі тәуелсіздік тойына жасалған үлкен тарту болмақ. Бүгінгі уақыт – елдіктің, егемендіктің, кемелдену мен келешекке құлаш сермеудің тамаша кезеңіне айналуы тиіс.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, елімізде халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруге қатысты үлкен шаралар қарастырылған, экономиканы индустриялық инновациялық дамыту бойынша жаңа міндеттер қойылған. Осылардың негізінде тәуелсіздік пен тұрақтылықты, келісім мен бейбіт өмірді нығайта түсетін боламыз. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иеміз. Қоғамдық өмір сабақтары мен еліміздің мүддесі қазіргі таңда патриоттық дәстүрге сай келетін жаңа талаптарды қойып отыр. Ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр.
Артқа тастаған отыз жылдың ішінде бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырылды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз өсті. Қазақ мектептері мен балабақшалар саны артты. Білім мен денсаулық саласына аса мән берілді. Өзге елдермен қарым-қатынасымыз жақсарып, саяси және мәдени қатынастар да үдей түсті. Осының бәрі тәуелсіз елдің мақтанышы деуге болады.
Тәуелсіздікпен бірге қайта оралған құндылықтарымыздың бірі және бірегейі ата-бабаларымыз ұстанған Ислам діні екендігіне дау жоқ. Ислам діні қайта оралған кезде халқымыздың діни сауатының күй-жайы айтпаса да түсінікті еді. Коммунизм идеялогиясының қою қараңғы түтіні адамдардың санасын улап, дінді «апиын» деп түсіндіріп, ұлттық құндылықтарымыз әбден жаншылып тасталған болатын.Сонда да біздің аталарымыз бен әжелеріміз аз да болса өздерінің білгендерін ұрпақтарына айтып, діни сенімдерін сақтап қалды. Қазақтың кемеңгер ұлдары Ыбырай, Абай, Шәкәрім сынды тұлғалар керісінше дінді қазақы қарапайым тілмен адамдардың санасына жақындатты. Қалам тербелген ойдың түйініне тоқталар болсақ, «тар жол, тайғақ кешумен» келген Тәуелсіздігімізді тұғырдан түсірмейікші. Тәуелсіз Қазақстанның азаматтары, қоғамға жүк болып, жеке басының күйін күйттеп, адами қасиеттерден ажырамас үшін Ислам дінінің имандылық қағидаларын берік ұстануы ләзім. Ұлағатты сөзде: «Отанға деген сүйіспеншілік – иманнан» – делінген. Олай болса, Құдайдың берген тәуелсіздік нығметіне шүкіршілік жасап, осыны қолымыздан шығарып алмау үшін білімді, иманды, инабатты болу бізге парыз.

Бақыт Ұлжаев,
ауданның бас имамы

30 шілде 2021 ж. 548 0