Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Егемендік – ең басты құндылығымыз

Егемендік – ең басты құндылығымыз

Қазақстанның жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі – Тәуелсіздік. Егемендігіміздің арқасында дүниенің бір бұрышында қазақ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең халық екенін әлем білді.
16-желтоқсан еліміздің егемендігін жариялаған күн. Содан бері 30 жылға таяу уақыт өтті. Осы өшпес жылдар белесінде Қазақстан экономикасы қарыштап дамыды. Саясаттағы сындарлы бағыт өз жемісін беруде. Береке-бірліктің арқасында әлем таныған іргелі мемлекетке айналдық.
Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Қазақ елі талай белестерді бағындырды. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты.
Қазіргі тәуелсіз Қазақстан – ата-бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, бірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді.
Қазірде елімізге тыныштық орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Артқа тастаған отыз жылдың ішінде не атқардық деген сауал туса, тізбектеп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырылды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз артты. Қазақ мектептері мен балабақшалар саны артты. Білім мен денсаулық жағдайына аса мән берілді. Өзге елдермен қарым-қатынасымыз жақсарып, саяси және мәдени қатынастар да үдей түсті. Еліміздің барлық саласындағы қызметкерлерге, шет елдің түрлі саладағы мамандарымен тәжірибе алмасуға жағдай жасалды. Осының бәрі тәуелсіз елдің мақтанышы деуге болады. Еліміздің туы көкте қалықтап, ынтымағы жарасқан ел болайық!

Ләйлә АХМЕТОВА
15 желтоқсан 2020 ж. 4 873 0