Шаттықтан шалқыған шаңырақ
Асқар таудай әке, мөлдір бұлақтай ана, жайқалған құрақтай бала – отбасының негізгі өзегі. Отанның өзі отбасынан басталатынын ескерсек, қоғамдағы әрбір әулеттің еліміз үшін қосар үлесі зор. Ал, олардың арасында сәулеті мен дәулеті келіскен отбасылар өзгеге үлгі болады. Сондай өнегелі, үлгілі отбасылардың қатарына Әбілдашовтар шаңырағын қосуға болады. Осындай әулеттің берік қазығына айналған Шәзат ақсақал осыдан 1 ай бұрын мәңгілік сапарға аттанған еді. Ал, Шырын апай ақылы дария, пайым-парасатымен, ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесімен, туған-туыс, көршінің арасындағы сыйластығымен, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімімен көпке үлгі болып келеді. Ал, осындай мерейі тасыған отбасы – әр күні мерекеге ұласқан тірлігі бар, береке мен тастүйін бірлігі бар, өзгеге үлгі болар шағын мемлекет емес пе?
Бүтіндей бір отбасының тұтқасын берік ұстау, үйдегі отағасы мен отананың көрегенділігінің арқасы. Марқұм Шәзат ақсақал ауыл-аймақтың батагөй абызы, халықтың салт-дәстүрін қадірлеген ақылшысы болды. Елі «Шәке» деп құрметтеді. Елге үлгі-өнеге, жарлыға қамқор болған ізгі жан еді. Ол 1939 жылы 5 мамырда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Қарғалы маңындағы Тақыркөлде дүниеге келген. Балалық шағы талай жанның жүрегіне жазылмас жара салған соғыс жылдарымен тұспа-тұс келеді. Елдің бас көтерер азаматтары майдан мен тыл жұмыстарына аттанып жатқан сол жылдары, дүниеге келген балада бақытты шақ болған ба? Кейіпкеріміз қатарластарынан қалмай еңбекке ерте араласты. Содан 1940 жылы Жиделіарық ауылына көшіп келіп, егін екті. Әкенің ақылы, ананың ақ сүті ақ жолдан адастырмады. Еңбекқор, жұмысына тиянақты, бірбеткей, әр нәрсені ой елегінен өткізіп, нақты әрі дұрыс шешімді лезде қабылдайтын, ойға кемел, сөзге берен, қағілез, адамдық, адалдық қасиеттерден айнымады. Әрдайым еңбекте белсенді жүретін жас 1968 жылы бульдозер айдаған. Сондай- ақ, дәл осы жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы сырттан оқыту орта мектебінің толық курсын бітіріп, одан кейінгі 1968-1971 жылдары Ленин ордені «Пахтаарал» совхоз техникумын «Агрономия» мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Алғаш еңбек жолын Жиделіарық ауылындағы ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану, егін өнімділігін арттыру мақсатында 1971 жылы «Гигант» колхозында көмекші агроном болып екі жыл еңбек етсе, 1973-1975 жылдары Комунизм колхозында көмекші агроном, 1975-1993 жылдар аралығында Жиделіде есепші, одан кейін бригадир қызметтерін атқарады. 1992-1997 жылдары Комунизм колхозында қойма меңгерушісі болып қызмет атқарып, ауыл шаруашылық саласының ардагері атанып, аброймен зейнеткерлікке шықты.
Өмір жолында кездескен қиындықтарға мойымады. Ең бастысы – адамдық қалпынан айнымады, адамгершілік қасиетін жоғалтпады. Қызметінде білікті басшы, абыройлы, ел сыйлайтын, халық қадірлейтін қарапайым адам. Ағайын-туысқа кішіпейіл, қамқор, кішілігі кісілігіне ұласқан аға, бауыр. Жарының арқа сүйер тірегі, балаларының асқар тауы. Салиқалы ұрпақ тәрбиелеп отырған ардақты әке атанды. Осындай тасы өрге домалаған азаматтың басына қонған бақ құсы, құдай қосқан қосағы – Шырын еді.
«Ерін сыйлаған есікте қалмайды» дейді қазақ даналығында. Жанындағы жарын құрметтеп, балаларына да әкесін бағалауды үйретіп, шаңырағының шырайын келтіріп, ұйытқысы болып отырған Шырын апай көркіне ақылы сай, байсалды адам. Ол бала кезден еңбекке араласып, тоқыма тоқу, ою-өрнек, кілем тоқып қазақтың жаһандық дәуірге жұтылып бара жатқан қол өнерінен алыстамады. Бүгінде бар тілегі балаларының амандығы, бір өкініштісі сенімді серігі, жанындағы жары Шәзат ақсақалдың өмірден өтіп кеткені. «Жақсы әйел ері ұялар іс қылмайды» демекші, үлкен бір әулеттің ибалы келіні, жұртқа құт, ерінің мақтаны болды.
Ерімен тізе қоса, иық тірестіре жүріп, етене еңбек еткен Шырын апай еңбек жолын 1963-1998 жылдар аралығында Комунизм колхозына жұмысшы болып қабылданып, шөпші, аспазшы болып бастады. 1989-1994 жылдарда Коммунизм колхозында бұзау баққан. Содан зейнеткерлікке шығады.
Жастық жалынмен, жігермен еңбек еткен жан бүгінде сексеннің сеңгіріне келіп қалды. Алдымен – аяулы ата-ана, ардақты әже болды. Ол – көзге көрінген он баласын өсіріп, тәрбиелеп, жетілдірді. Бүгінде олар бизнес, қаржы, құқық қорғау, құрылыс, білім беру салаларында қызметте. Кейіпкеріміз он құрсақ көтерген батыр ана атанды. Ол 2012 жылы кеудесіне «Алтын алқа» медалін тақты. Балдай тәтті немерелері шапқылап, апасының қуанышын еселеп кетеді. Бүгінде, 7 ұл, 3 қыз, 42 немере, 11 шөбере көріп отыр. Зымыраған уақытпен ілесе жүріп, ақ отаудан ордалы, шаһарлы шаңыраққа айналған Шырын Әбілдашованың отбасылық өмірге қадам басып, Шәзат Әбілдашұлымен бас қосқанына биыл 60 жыл толыпты.
Үлкен бір шаңыраққа айналған Әбілдашовтар әулеті «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық деңгейінде бірінші орын алған болатын. Алдағы уақытта республикалық деңгейде бақ сынайтын шаңыраққа сәттілік серік болсын демекпіз!
Шапағат Тілеубаев