ЕДЕН ЖУУШЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕСКЕРІЛСЕ ЕКЕН
Тазалыққа әркімнің жаны құмар-ақ. Тазалықты жай ғана қарапайым сөз емес, үлкен мағыналы сөз деп түсінуіміз керек. Ол – жан-жақты адам өмірін, болашағын, ақыретін, имандылығы мен адамгершілік секілді кісі ғұмырына тән көптеген қасиеттерді қамтиды. Тазалық – иманнан. Тазалық бар жерде береке бар екенін бәріміз жақсы білеміз.
Барлығымыздың үлкен ғимаратқа барсақ та, кез-келген қызмет орнына кірсек те әуелі сол жердің тазалығана көзіміздің түсетіні рас. Бірақ, тазалыққа көзіміз түскенімен, сол жердегі тазалықшылардың еңбегін ескермейміз. Көпке топырақ шашпаймын, әрине. Дегенмен, біздің қоғам еден жуушылардың еңбегін лайық бағалап жүр ме? Меніңше ең адал, ең ауыр жұмыс жасайтын тазалықшылар. Олар таң атқаннан кеш батқанға дейін күл-қоқыстың қалдығына дейін қалдырмай, тазалап, сіз бен біздің таза жерде жүріп-тұруымызға септігін тигізуде. Аптап ыстықта да, қақақаған суықта да тазалық үшін барын салатын еңбек адамдарына неге ерекше құрмет көрсетпеске?
Бұқаралық ақпарат құралдарының сөзіне сенсек, шет мемлекеттерде еден жуушыларды ең адал жұмыс жасағандары үшін баса назарда ұстайды екен. Мәселен, АҚШ тазалықшылары ең құрметті лауазымға ие. Тіпті, ай сайын алатын жалақылары да жоғары. Онымен қоса, олардың денсаулығы үшін барлық жағдай жасалған. Қарапайым адамдардың өзі американдық тазалықшыларға ерекше құрмет көрсетеді. Оны көше тазалығының өзінен-ақ аңғаруға болады. Көшеден кез келген адам көрсеңіз, тазалықшыларға әрқашан көмектесіп, аптап ыстықта оларға су әкеліп әуре болып жүргенін аңғарасыз. Осындай жағдайларды өзіміз теледидардан да, шет елдік сериалдардан да көріп жүрміз. Сенбейін десек, бұл ақпаратты Америкадағы қазақ студенттері де растап отыр.
Гүлмира Ізбасқанның АҚШ-та жүргеніне үш жылдың көлемі болды. Қазіргі таңда, Бостон қаласында тұрып жатыр. Ол жақтағы тазалықшыларға да, оларға ерекше көңіл бөлетін мемлекет қызметкерлеріне де дән риза. Ондағы тазалықшылардың жалақысы мемлекеттік қызметтегі адамдармен қатар дейді, ол. Тіпті, олармен өте мәдениетті сөйлесіп, үнемі жақсы байланыста болатынын айтады. Денсаулықтарына да ерекше жағдай жасалған. Олар сырқаттанып қалған жағдайда дәрі-дәрмектері тегін болатынын тілге тиек етті.
Шет елдің қайдағы жоқ әуендеріне, киіну стильдеріне әуелден-ақ құмармыз. Шет елге еліктейміз деп қызымыз бүлініп, ұлымыз сүрініп жүр. Одан қала берсе, жігіттеріміз сырға тағып, кәріс жұлдыздарына ұқсап бара жатқандай. Шет елдің жаман әдеттерін ала бергенше, жақсы дүниелерін неге өз бойымызға сіңірмейміз? Мәселен, шет елдердегідей біздің елде де еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді... Жасыратыны жоқ еден жуатындармен де, қара күйе болып жүріп от жағатындармен де байланыс құруға намыстанатындар бар арада. Кейбірі қолына шүберек ұстаған адам көрсе, мұрынын шүйіріп алыстан қашады. Бұған кімді кінәлаймыз? Біз неге осындай дәрежеге түсіп кеткенбіз? Себебін іздеп көрейік...
Бүгінгі таңда ата-анасы қара жұмыс істеп, еден жуып, от жаққанын балалар намыс санайды. Олар үшін адал еңбектен гөрі қоғамның ой-пікірі маңызды. Демек, қоғам техникалық қызметкерлерге деген көзқарасын өзгертуі керек. Бейнетпен бел жазбай жүрген тазалықшыларға арнайы мереке белгілеп, құрмет көрсетуді қолға алсақ олардың да мерейі артып, ата-анасы үшін балалары да мақтанар ма еді?
Қазірдің өзінде жағдай мәз емес. Лас жұмыс жасайтын емес, лас жерді тазалайтын еңбек адамдарының еңсесін неге көтермеске? Қақаған суықта қолдарын салқын суға батырып, аптап ыстықта далада аула сыпыратын тазалықшылардың денсаулығына кім жауап береді? Отбасын асыраймын деп күн көріс қамы үшін жүргендерге көңіл бөлінуі керек секілді. Халықтың қамы үшін елдің кір-қоңын тазалап жүрген еден жуушылар үлкен мәртебеге ие болу керек емес пе? Сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман? Мұғалімдердің де, дәрігерлердің де дәрежесін көтеріп, оңтайлы жағдай жасағандай, неге еден жуушыларға назар аудармасқа? Тым құрыса әр мекеме басшылары кем дегенде жылына бір рет өз қызметкерлеріне емдік шипа-жайға тегін жолдама беру мәселесін көтерсе қайтеді? Дәл осы тазалықшыларға арналған конкурстық байқауды неге ұйымдастырмасқа?
Әр адам өзінен бастап кіші қызметкерлерге құрмет көрсетсе, олардың дәрежесі ешқашан төмен түспейді.
Сымбат Сұлтан