Күн салқындап, жаңбыр жауады: Синоптиктер алдағы үш күнге ауа райы болжамын ұсынды
Синоптиктердің болжамынша, еліміздің басым бөлігінде циклон мен фронтальды бөліктердің әсерінен күн салқындап, жаңбыр жауады. "Ауа райы тұрақсыз болады. Осыған байланысты солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта және шығыста қатты жаңбыр жауып, найзағай, бұршақ, дауыл және екпінді жел күтіледі", - дейді мамандар. Синоптиктер батыста ауа температурасы түнде +12+22℃, күндіз +25+35℃, республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында түнде +7+20℃, күндіз +12+28℃, елдің орталығында және шығысында түнде +8+20℃, күндіз +15+28℃, оңтүстік және оңтүстік-шығыста түнде +12+23°С, күндіз +25+32°С болады деп болжап отыр. Еске салсақ, бұған дейін бүгін еліміздің бірнеше өңірінде дауылдық ескерту жарияланған еді. Одан бөлек, Қазақстанда аптап ыстықтан 30 жыл бұрынғы рекорд жаңарған болатын. Жаздың бірінші айында еліміздің батысы, сондай-ақ республиканың оңтүстік өңірлері субтропикалық ауа массаларының әсерінде болып, аптап ыстық тіркелген болатын. Нәтижесінде Қаратөбе метеостанциясында (Батыс Қазақстан облысы) 29 маусымда ауаның ең жоғары температурасы +45,5°с-қа дейін жетіп, 1991 жылғы аптап ыстықтан (+41,2°С) асып түскен. Сондай-ақ, Кувейтте соңғы 70 жылдағы ең ыстық мезгіл тіркелген еді.
https://kaz.nur.kz