Бақытын еңбектен тапқан
«Адам өмірін сәнді де салтанатты, мәнді де мағыналы ететін құндылық – еңбек. Сондықтан кез-келген кісіге абырой еңбекпен, маңдай термен келеді. «Еңбектің наны тәтті» дегенді бабаларымыз бекер айтпаса керек. Әр саланың өз қиындығы, машақаты бар. Оны еңбегін сіңірген адам ғана түсінеді, сезінеді.
Сондай абыройлы, ардақты жанның бірі – Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде көп жылдар бойы абыройлы еңбек етіп келе жатқан жерлесіміз, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Республикасы «Оқу-ағарту саласының үздігі», «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Түркістан қаласының Құрметті азаматы» Балтагүл Оспанова.
Шиелінің төл перзенті Балтагүл Оспанқызы қасиетті Түркістанға келін боп түскеннен кейінгі өмір жолында бақ пен дәулеттің, ырыс пен несібенің баянды болуы, адал еңбекке байланысты екенін үнемі қаперде ұстап, ел үшін аянбай еңбек етуден еш қол үзген емес. Осындай асыл жандар туралы қанша ардақтап айтсақ та, жазсақ та артықтық етпейді.
Балтагүл Оспанова жас ұрпақты білім мен тәрбиенің кәусар бұлағынан сусындатып, жүрегінің жылуын, нұрлы ақылы мен ыстық қайратын, телегей-теңіз білімін аяулы да қымбатты шәкірттеріне арнаған бірегей тұлға, ұлағатты ұстаз. Балтагүл Оспанқызының ғибратты ғұмыры көпке үлгі-өнеге.
Ол 1957 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келді. Оспан мен Әминаның Балтагүлден бұрынғы балалары бірінен кейін бірі, шетіней берген соң, ата-анасы дүниеге келген оның кіндігін ырымдап балтамен кестіріп, бір құлағын тестіріп, алты кемпірдің бұтының арасынан өткізіп алған еді. Осыдан соң, артынан арасына үш жылдан салып, Мәді, Баһан атты маңдайы жарқыраған, екі ұл дүниеге келді. Оспан көкеміз «Құдай қаласа, осы қызым несібелі болады, Айбалтам дүниеге келгелі Алла ісімді оңғарып келеді» деп айтып отырады екен. Шиелі ауданына қарасты «Межрайбаза» мекемесінің білдей қызметкері, абыройлы азамат Оспан Қадірбердіұлын сол төңіректе танымайтын жан жоқ еді.
Ерте көктемнен қара күзге дейін Қаратаудың етегіндегі «Ақши» мен «Қосүйеңкіде» шопандарға «дүкені» қызметті адал атқарды. Қай жерде тұрса да үйінің бір жағы сауда-саттық дүкені болатын. Емін-еркін ішіп-жеп, өз қатарларымен асыр салып ойнап, молшылықта, алаңсыз өмір сүріп жатады. Кейіпкеріміз мектептің бірінші сыныбында оқып жүргенде, жол апатынан асқар тауы әкесі қайтыс болады. Әкеден ерте қалу балауса қыз үшін оңай болмайды. Жас жүрегіне қайғының ауыр жарасы түседі. Бірақ, қанша қиналса да, тарықса да анасының арқасында жетімдік көрмейді. Ол 1975 жылы Шиелідегі Октябрьдің 14 жылдығы атындағы №45 қазақ орта мектебін тәмамдайды.
Мектепте үздік оқушы бола жүріп, қоғамдық жұмыстардың да белсендісі ретінде аудандық «Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшілерінің бірі болады. Мектеп бітіретін жылы аудандық газет пен комсомол комитеті бірлесе отырып Балтагүл Оспанованы Алматыда өтетін «Жас тілшілердің республикалық 1-слетіне» делегат қылып жібереді. «Журналист» болсам деген арманына сол жолы қанат біткендей болып оралады. Алматыдағы КАЗГУ-дің журналистика факультетіне құжат тапсырып, төрт емтиханнан да өтіп, шығармашылық конкурстың екінші турынан жарты балы жетпей, оқуға түсе алмай қалады. Сондағы әкесі бар өзі сияқты жасөспірімдердің әкелерінің қасында еркелеп, еркінсіп жүруі, он жыл бойы іштей сағынған әкесін еріксіз еске түсіріп, Алматының үлкен көшелерінде көз жасы көл болып, жаяу жүргенін ешқашан ұмыта алмайды... Ауылға келіп, өзінің еңбек жолын 1975 жылы Шиелі аудандық партия комитетінде Статистик қызметінен бастады. 1976-1982 жылдар арасында Алматыдағы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетін (1977 жылы Түркістанға, университетте өзімен бірге оқитын Балтабай Нұржанов деген журналист жігітке тұрмысқа шыққасын, сырттай оқуға ауысты) бітірді. 1978-1984 жылдары Түркістан ауданы Ынтымақ ауылындағы Молда Мұса мектебінде, 1984-1992 жылдары Түркістан қаласындағы №5 Ғ.Мұратбаев атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып еселі еңбек етті.
Тіпті, әр оқушыны өз баласындай жақсы көрді. Басынан сипаса, жасық болатынын біліп, «рухы биік болсын» деп үнемі арқасынан қақты. Өйткені, басынан сипаған бала төмен қарап, жалтақ болып өседі, ал арқасынан қаққан бала, көкке ұмтылып, бетті, қайсар, қажырлы болып өседі. Осындай өнеге мен тағылымға толы ұстаздық еңбегі оның мерейін үнемі үстем етті. Ағайын-туысқа сыйлы, ұжымда қадірлі, дос-жаранға қымбат, қоғамда өз орны һәм айтары бар тұлға болып қалыптасты. Білім ордасындағы барлық шәкірттердің бойына білім нәрін сепкен, әр шәкірттің сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген ардақты жан 1992-1994 жылдары №1 А.Байтұрсынов атындағы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Оқу-ағарту саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Осындай тәжірибелі ұстаздың қарапайымдылығы, қайсарлығы, өз ісінің кәсіби шеберлігінің арқасында сол жылы Қ.А.Иассауи университеті «Дайындық бөліміне» шетелдік студенттерге қазақ тілінен дәріс беретін оқытушылыққа шақырылды. 1995 жылы «Қазақ тілі» кафедрасына оқытушы болып ауыстырылды, кейін аға оқытушы, доцент болды. Бірнеше жыл кафедраның оқу-әдістемелік кеңес жұмысын басқарды. Осы кафедрада жүріп, Алматыдағы А.Байтұрсынов атындағы «Тіл білімі» Институтында академик Ә.Қайдаровтың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі бейнелеуіш етістіктердің этнолингвистикалық сипаты» атты кандидаттық диссертация қорғады. Содан бері шәкірттерге білім нәрін берумен келеді. 1997-1999 жылдары өз мамандығы бойынша журналистика кафедрасына оқытушылыққа ауыстырылды.
Елбасы Н.Назарбаевтың: «Қазақ елінің болашағы – бүгінгі жастар. Ұстаздар оларға қалай білім берсе, Қазақстан сол дәрежеде самғайды, өзін әлемге танытады» – дегеніндей, әрбір елдің болашағы, оның білім ордасы мектебінде шыңдалады. Сол сияқты Балтагүл апайдың шәкірттері де еліміздің түкпір-түкпірінен апайын іздеп, сәлем хаттарын жолдап тұрады. Апайымыз ақын М.Жұмабаев айтқандай, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жалындаған жастарға сенеді. Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуі үшін жас мамандардың ойының ұшқырлығы, тың идеялары өте маңызды. Қандай мамандық иесі болса да, өз істеріне жауапкершілікпен қараған адамның жетер жетістігі де өте көп.
Бүгінде Балтагүл апайдың елге жасаған еңбектері ескеріліп ұзақ жылдық қажырлы еңбегі үшін қалалық білім бөлімінің, облыстық білім басқармасының, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Атап айтар болсақ, 1998 жылы ОҚО Облыстық Тілдерді дамыту Департаментінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілді оқыту бойынша озық әдістемелер даярлайтын авторлардың кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында» өткен «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» облыстық байқауының 1-орын Дипломымен марапатталды.
Көптеген республикалық, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда жасаған баяндамалары жинақтарға енген. Үнемі бакалаврларға, магистранттарға, докторанттарға лекция оқып, студенттерге, магистранттарға ғылыми жетекшілік жасап отырады.
2008 жылдан Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
2014 оқу жылында ХҚТУ-дің «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, университеттің 25 жылдығына байланысты, «Университетті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Міне, еңбек демалысына шықса да, еңбектен қол үзген емес. Университетте еңбек ете жүріп, 2016-2017 жылдар аралығында Түркістан қаласы әкімі жанындағы «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі» комиссияның мүшесі болды. 2018 жылдан Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің, Түркістан аудандық ардагерлер ұйымының мүшесі ретінде, ай сайынғы отырыс-кеңестерге қатысып, ой-пікірін айтып, Түркістанның гүлденуіне белсенділік танытып, өз үлесін қосып отырады.
Бірнеше жылдан бері, «Шиеліден шыққан қыз» ретінде, Бұдабай Қабылұлының, Мұстафа Шоқайдың, Ыбырай Жақаевтың, Оразбек Сәрсенбаевтың, Әбділда Тәжібаевтың мерейтойларына арналған іс-шараларға, сол сияқты туған жері – қасиетті «Шиелінің 90 жылдық мерейтойына» арнайы шақырып, туған жердегі барлық жерлестерінің қуаныштарына ортақтасып, сый-сияпаттарына кенеліп, сертификат пен төсбелгі тағып қайтуда.
Сондай-ақ, Балтагүл Оспанқызы өзі еңбек ететін университеттің Әлеуметтік ғылымдар факультеті Журналистика кафедрасында доцент ретінде, студенттерге «Интернет-журналистика», «Мультимедиялық журналистика», «Ақпарат жинау және жазу шеберлігі», «Телемонтаж», «Спорт журналистикасы» сияқты пәндерден лекция оқиды, студенттердің практикасына, дипломдық жұмыстарына жетекшілік жасайды.
Жүзге тарта ғылыми мақалалардың, бірнеше оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың, шетелдік ғылыми журналдарға шыққан мақалалардың (скопус), монографиялардың авторы.
Бірнеше жыл университеттің қыздар кеңесін басқарды.
Оспанова Балтагүл тек қана университетте қана емес, қала көлемінде белсенді. Қала әкімінің Алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталған. Сол ұзақ жылғы белсенді еңбегін бағалап, жақында ғана «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» атанды.
Сондықтан сөз соңында, осынау жылдар бойы барлық бақытын еңбектен тапқан, бірнеше немеренің сүйікті әжесі Балтагүл Оспановаға сүйсіне отырып, айтарымыз көп: «Қымбатты апай, Алла сізге қуат берсін, әдемі қартайыңыз, аналық жолыңыз ардақты болсын, кейінгі ұрпаққа өнегесіз, біз-шиеліліктер, сізбен мақтанамыз» деген тілегімізді жеткізгіміз келеді.
Шапағат Тілеубаев