Елорда мен Елбасы егіз ұғым
Еуразия төрінде орын тепкен Нұр-Сұлтан қаласының бүгінгі таңда Жер шарында айрықша орны бар. Қазақ елінің бас ордасына айналғанына небәрі 23 жыл ғана болды. Десе де, қазір дүние жүзіндегі дүйім ел Нұр-Сұлтанды жақсы біледі. Бас қаламыз қысқа уақыт ішінде әлемдік өркениетте өзіндік орнын еншілеп, әлеуметтік, рухани және мәдениет тұрғысында іргелі аймақ ретінде саналып келеді. Ал, осынау тәуелсіз Қазақстан тарихында егемен еліміздің негізін қалап, оның өркендеуіне өлшеусіз зор үлес қосқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені даусыз. Ол бабаларымыз аңсаған тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, сан түрлі қиындықтарға қарамастан, елімізді қуатты мемлекетке айналдырып, тарих төрінен өзінің мәртебелі орнын ала білді.
Әр елдің болашақ тағдырын айқындайтын тарихи кезеңдері болады. Сондай кезеңдердің бірі – астанамыздың Сарыарқа төсіне қоныстануы болды. Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап, еліміз үшін жаңа тарихтың басталғаны белгілі. Сол Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үлкен мақсаттарды алға қойды. Осы тұста тұңғыш Президенттің көкірегінде қайнап піскен, Елорданы Ақмолаға көшіру туралы идеясы ешбір кедергіге, кейбіреулердің күдіктеріне қарамастан іске асты. Астананы ауыстыру ерен ерлік пен көрегендік тәуекелді қажет еткен тарихи шешім еді. Экономикамыз тұралап тұрған кезде елдің орталығын Алатаудан Сарыарқаның төріне көшіру оңай шаруа болған жоқ. Қазіргі уақытта тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының күретамырында бой көтерген Астана – Елбасының бастамасымен ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың бірі. Осылайша, Елордамыз бүгінде ел мақтанышына айналып, тарих беттерінде алтын әріптермен жазылды.
Шындығында, бүгінгі таңда жер-жаһан Нұр-Сұлтанды қазақтың бас қаласы ретінде танып қана қойған жоқ, Еуразия кіндігіндегі ең белсенді, әлемдік деңгейдегі шешімдер қабылданатын орталыққа айналғанын да мойындап отыр. Ару Астана төрткүл дүние тамсанатын, әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарыстырып, бой таластыра алатын бас қаласы ретінде қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанның елордасы жұмыр жерді толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық дәрежесіне жетті.
Өткенге көз салсақ, «Астана – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлігі» дейді халқымыз. Халық айтса қалт айтпайды. Шынында, тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа астанасын қалыптастыру – тұңғыш Президенттің мемлекетті одан әрі нығайту жөніндегі саяси стратегиясының жемісі. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаев елорданы көшіру және Нұр-Сұлтан қаласын салу идеясының авторы және бас сәулетшісі деп толықтай айтуға негіз бар.
Қазақ жері – күллі қазақ баласының, бабалардың мәңгілік киелі бесігіне енді өзіміз иеміз. 1991 жылы 16 желтоқсанда Елбасы қол қойған «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңына сәйкес Тәуелсіз Мемлекеттер Достығымыз дүниеге келуі, Қазақстанның БҰҰ-ның мүшесіне өтуі, Қазақстанның өз ұланы мен қарулы күштерін құруы, мұсылман әлемімен де қарым-қатынасты нығайтуы – Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының, елмен бірге атқарған жұмысының жемісі еді. Сондай-ақ, төл теңгеміздің дүниеге келуі, әсем астанамыздың бой көтеруі, білім мен экономика саласындағы жаңалықтар да бір тақырыпқа тұздық болар тарих.
Қазақ елінің, әлем таныған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы, еңбегі Елордадан ажырас егіз ұғым екені шындық. Себебі, оны тарихтың өзі мойындап тұр.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ