Жарқыра, жайна, жасампаз қала!
Әр елдің астанасы – сол елдің төлқұжаты. Әр елдің астанасы – мемлекеттің алтын белгісі болып табылады. Өйткені ол мемлекеттің бет-бейнесі, оның жүрегі.
Ал өз елімізге оралсақ, бас қала Нұр-Сұлтан дегенде Елбасы Н.Назарбаевты айтпай кете алмаймыз. Қаланы қалыптастыруға Тұңғыш Президенттің рөлі өте зор. Жас ұрпақтың келешегін ойлайтын кемеңгер адам Нұрсұлтан Әбішұлының ұлы дала төрінен асқақ та ғажап қала тұрғызуы теңдессіз қайсарлық. Ал біздің астанамыз күннен-күнге қарыштап дамып келеді. Нұр-Сұлтан – ару қала, әсем қала, сұлу қала, арман қала! Жыл өткен сайын сәніне сән, сәулетіне сәулет қосып келеді. Күн сайын бой көтеріп жатқан көпқабатты үйлер жаңаша сәнмен, ерекше көрікпен салынуда. Қаланың әсемдігіне қарап, көзің тоймайды. Жаңа қаланың ортасынан бой көтерген Бәйтеректің, Ақ орданың, Үкімет үйі, «Бейбішілік» сарайы, пирамида бәрі-бәрі де ерекше сәнмен орын тепкен. Әсіресе, алаңқайларға қазақша өрнекпен бейнеленген қызыл-жасылды орналастырылған гүлдер, жан-жағына салқын леп таратып тұрған түрлі-түсті су бұрқақтар, халқымыздың ертегі-дастандарынан алынған кейіпкерлердің мүсіндері ерекше назар аудартады. Бұл күнде еліміздің астанасын дүниежүзі біледі десек артық айтқандық болмас. Осында әлемдік деңгейдегі алқалы жиындар өтіп жүр. Оларда адамзаттың түйткілді мәселелері сөз болады. Сонымен қатар бейбітшіліктің мызғымас ордасына айналды.
Тәуелсіздіктің айғағындай, елдіктің белгісіндей Елтаңбамыз бен көкте желбіреген көк Туымызды көргенде, әуелеп шырқалған Әнұранымызды естігенде бойыңды ерекше бір асқақ сезім билері анық. Мұның көру мен сезінудің өзі үлкен бақыт! Аз уақыттың ішінде көркейіп, гүлденіп, тәуелсіздігіміздің тірегі, отанымыздың жүрегі болған бас қаланы көрудің өзі бір ғанибет. Ол еліміз үшін жаңа дәуірдің жаңа парағын ашқанмен пара-пар болып, егемен ел екенімізді айғақтап тұр. Жастарымызды болашаққа бастайтын бас қаламыз, арман қала болған Нұр-Сұлтан – өнер, білім және мәдениеттің, ғылымның ордасына айналуда. Бүгінде бүкіл әлем тамсанып, болашақтың қақпасы деп көз тігіп отыр. Шетелдіктер қызыға қарап, еліміздің беталысын бақылап отыр. Халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесінің де нақ осынау Нұр-Сұлтан қаласында өтуі тегіннен-тегін емес. Ол Елорданың әлемдік деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптасқанын, мемлекетіміздің табыстары жоғары бағаланғанын және даму келешегінің кемелдігін айғақтайды. Міне, осылайша әлемге өзін мойындата білген астанамыз бүгінде арманы асқақ, бағыты анық арғымаққа мінген бозбаладай .
Сөзімді қорытындылай келе, асқақ астанаға жасай бер, жарқырай бер, көркейе бер деген жасампаз Нұр-Сұлтан дегім келеді.
Гүлнара Әлжанова,
150 мектептің тарих пәні мұғалімі