Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсылыққа жаны құмар...

Жақсылыққа жаны құмар...

Қазақта «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген қанатты сөз бар. Осы бір терең мәнді түйінді сөзді қазағым жігіттің жігітіне, азаматтың азаматына айтқан ғой. Халық – таразы, сыншы, «халық айтса - қалып айтпайды» деген тәмсіл содан шықса керек. Мұндай жандар көп болмаса да, әр елде бар болғанын неге айтпасқа. Жаңақорғанда да бұрындары неше бір жақсылар мен жайсаңдар өткен болса, сол жақсылардың ізін-жолын жалғастырушы арда азаматтан айрылғанымызға да бір жыл болыпты.
Ел де басқарған, елдің сөз сөйлер ағасы да бола білген, елдің ортасында өзіндік орны да болған, азаматтығын да, ағалығын да, қайырымды істерін де ел мойындайтын, бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған марқұм – «Сыр елінің Аятолласы» атанып кеткен (арнайы құжаты бар), Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» Аманкелді Мүбаракұлы ­Абдуллаев болатын.
Амангелдінің өзі соғыстың аяғын алып, 1946 жылдың 12 қыркүйегінде дүниеге келіпті. Әкесі Мүбарак Абдуллаұлы колхозшы болған, ҰОС-на қатысқан, келген соң кеңшарда шопан болып еңбек етіп, өзі жақсы ат мініп, серілерше өмір сүріп, ұл-қыз өсіріп, олардың қызығын көріп беріректе (1978ж) қайтыс болған. Ал анасы Шырайкүл жарамды, абысын-ажынға беделді ене, әже атанып, немере, шөбере-шөпшек сүйіп, 93 жас жасап, Аманкелді мен Патиманың қолында, кейіндеу дүниеден өтті.
«Ата, көрген – оқ жонар» демекші, Әбекең 1962 жылы мектеп бітірген соң «Бірлік» кеңшарында көкесінің қасында екі жылдай көмекші шопан болып істегенін, бала көңілімен тауда жүріп талайды қиялдағанын айтып, Дарбазаның етегін, Құланшы өзенінің, Томанның сазын сағынатынын, Патиманың атақоныс – Тоқтамысқа келін болып түскенін айтып, қай жылы бізді – екі отбасын алып барып, тауын, өзен-суын, жайлауын, тіккен қараша үйлерінің орнына дейін көрсеткені бар.
Осылайша өмір жолын ата кәсіп-шопан болып бастаған Әбекең 1964 жылы оқу іздеп ОҚО-дағы Қапланбек техникумына түсіп оқып, зоотехник-мамандығын алып, содан соң біздің Патима қарындасымызға үйленіп, 4 ұлды, 2 қызды болады.
1968-1971 жылдары әскерде қызмет еткен. Өзі есейіңкіреп барған, жарамды жігіт, командирімен жақсы болып күндерін-жылдарын жаман өткізбеген (осының бәрін жыр қылып айтайын).
1970 жылдары Сырдың арғы бетінде Түгіскен күріш массиві игеріле бастап, жаңадан Келінтөбе, Түгіскен, Задария, XXIII партсьез, Өзгент күріш совхоздары ұйымдасып, оларға тау беткейіндегі шаруашылықтардан (Манап, Қосүйеңкі, Талап, Кеңес) тұрғындар және жоғарыдан ағайындар көшіп келіп, олардың жаңа еңбек жолдары басталған еді. Міне, Аманкелді осы Түгіскен кеңшарында әуелі күрішші, кассир, жұмысшылар комитетінің төрағасы (рабочком), одан аудандық партия комитетінің сенімінен шығып, әуелі «Түгіскен» сосын «Талап» кеңшарларының партком хатшысы қызметтерінде істеген.
Әрі қарай Аманкелді он жылдай «Өзгент» кеңшарында бас зоотехник (цех меңгерушісі), директор, одан екі жыл (1994-1996жж) аудандағы ең ірі «Бірлік» мал совхозында директор болып абыройлы қызмет атқарып, өтпелі кезең болса да республикада жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, облыстық және республикалық марапаттарға ие болды. Облыс басшысы С.Шаухамановтың шопандар тойында Әбекеңе: «Сенің төбеңде бақ, абырой-бұлты қалықтап тұр» дейтіні сол жылдарда еді-ау. Сәкең кейін осы жылдардағы қиын кездерді еске алғанда: «Сол жолы жеңімпаз (чемпион) болған Аманкелдіге беретін дұрыс жүлде де таба алмай, әскери бөлімшеден бір автоматкарабинді зорға сұрап алып, аталған жиында тапсырып едік» – деп айтқаны есіме түседі.
Ал, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда, республикалық маңызы бар «Жаңақорған» шипажайына республика, облыс, аудан басшылары (сол кездегі облыс әкімі- Б.Сапарбаев) тарапынан қолға алу ұсынылып, Әбекең нар тәуекелге барып, өзінің бар жеке қаржысын салып, шипажайды аман алып қалды. Шындығында, А.Абдуллаевты сол кезде теңдессіз ерлік жасады деуге болады.
Әбекең шипажайдың жұмысын 2-3 жылдың ішінде-ақ аяғынан тік қойып, күндіз-түні тынымсыз жұмыс ұйымдастырды. Оның үстіне шипажай кеңейтіліп, жаңадан «Тоқтамыс», «Ақшуақ», «Көктем» сияқты жеке корпустар салынып, ауласы, айналасы көгертілген. Қазір республикадағы ең адам көп демалатын, әрі жыл бойы жұмыс істейтін демалыс орнына айналдырды.
Шипажайдың бас директоры болып 17 жыл бойы барын салып қызмет жасаған іскер азамат Амангелді Абдуллаев, бүгінде абыройы биік, ел-халықтың алғысына бөленген, қайырымдылығы мол, өнегелі ұрпақ өсірген ардақты тұлға болып, ел есінде қала бермек. Республикаға танымал, бүкіл облыстың, Аралдан бастап Шиеліге дейін ауданның ел ағаларымен, абыздарымен, ақсақалдарымен етене араласқан көреген, кемеңгер тұлға, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері, қайырымды жандарға берілетін рухани-имандылық атақ – «Сыр елінің Аятолласы» атанған жан. Ол атақты, облыс әкімінің өкілі Е.Уайс арнайы әкеліп тапсырған болатын.
Аудан орталығындағы мен директор болып істеген (2001-2011жж) №3 мектеп интернат кезінде (1963 ж) малшы балалары үшін салынған. Шындығында 1995 жылдарға дейін мұнда сол малшы балалары оқыды. Елде барлығы жекешеленуге кеткенде, мектеп-интернат әуелі дарынды балалар оқитын, кейінде 2005 жылдардан бастап көп балалы, аз қамтылған отбасы және жетім, жартылай жетім балалар оқитын интернатқа айналды. Өтпелі кезең, тоқырау-оңтайландыру саясаты келді. Қаржы жетіспейді, күрделі не жай жөндеу жоқ, материалдық база ескірді, тоза бастады.
Мұны айтып жатқаным, Әбекең интернатқа жаны ашып, бізге сол жылдары көп қол ұшын бергенін мектеп-интернат ұжымы ұмытқан жоқ. Шипажайдың есептен шыққан қаншама ағаш кроваттары мен матрастарын, оқушылар затын сақтайтын тумболарын, асхана столдарын т.б біраз мүліктерін интернатқа тегін пайдалануға берсе, оқу ғимаратының екі қабатының коридорларына екі рет өз қаржысына жаңа төсеніш төсеп бергені бар.
Ал кейінгі жылдары Әбекең өз қаржысына осы интернаттың аз қамтылған отбасы балаларынан 10 оқушыны жазғы, қысқы киімдермен қамтамасыз етіп келді. Сол оқушылардың бірі (Арынова Нұргүл) мектеп бітіріп, Әбекеңнің өзі барып Алматыдағы Ұлттық аграрлық университетке оқуға түсіріп қайтты. Оқу ақысы, жылдағы степендиясы бар, бәрін төлеп тұрады. Мұндай қамқорлық-қайрымдылықтарға, Әбекеңнің адами қасиеттеріне қалай риза болмайсың?!
Қаржысын ел игілігіне пайдаланатын істерге жұмсауда – Әбекеңнің ерекше ұстанымының бірі еді. Соның бірі, ерекше архитектурамен салынған 75 балалық сәулетті «Жұбаныш» балабақшасы бүлдіршіндерге құшағын айқара ашты.
Әбекеңнің орталық «Алты ата» мешітін күрделі жөндеуден өткізуге демеуші болғанын білеміз. Мықты азаматтардан демеуші тауып, мешіттің жанынан 200 орындық имандылық асханасын салдырып, ол қазір ел игілігіне жұмыс істеп тұр. Ағайынға басшылық жасап, бабалары Көкен батырға ескерткіш тұрғызғаны, айналасын абаттандырып көрікті орынға айналдырғаны, жан-жақтағы ағайындарды жинап, үлкен ас беруді ұйымдастырғаны, арнайы ашылуын жасап бабаларының рухын ұлықтағаны үлкен еңбек, үлкен азаматтық болды. Оған қоса Әбекеңнің демеушілігімен, ғалым ініміз Хазіретәлі Тұрсын жазған «Көкен батыр» тарихи роман кітабы көпке таратылды. Жұрт Әбекеңнің, Түгіскен ауылында тұратын ақсақалға көрікті үй салып бергенін де үлкен адамгершілік деп есептейді. Жалпы Әбекең өзінің елге, жекелеген жандарға жасаған қайырымды істерін көп жалаулатпай-ақ күнделікті, үйреншікті әдетіндей жайлап іске асыра беретін. Мысалы, шипажай ұжымынан зейнетке шыққан С. Бекенов, Б. Әмитов секілді қос ардагерге арнайы жиын жасап, бір-бір автокөлік сыйлап құрметпен шығарып салды. Өзінің көп жыл жүргізушісіне де «берген уәдем бар еді» деп, осы соңғы жылы жаңа жеңіл автокөлік сыйлағанының куәсі болдық.
Міне, аптал азамат, абыз ақсақал, адал дос Аманкелді Мүбаракұлының өмірден өткеніне де бір жыл болыпты. Жаны жәннаттық болсын! Артында қалған ұрпағына Алла ұзақ ғұмыр сыйласын дейміз.

Зинабдин Шермұхаммедұлы,
Дос ағасы, ардагер ұстаз,
облыстың «Құрметті ардагері»
22 маусым 2021 ж. 390 0