Бірімізге біріміз дем берейік
Дүние жаратылғалы бері жер бетінде не болмаған. Топан су, өрт, соғыс, ауру, бәрі де адамзаттың маңдайынан сорғалаған тағдырдың тамшылары секілді. Әрине, көне тарихтың әрбір сәттері бізге адамзат тағдырындағы түрлі уақиғаларды тәпсірлейді. Құдай Тағаладан түскен қасиетті төрт кітаптың да айтатыны – адамзаттың жалпы тағдыры, бақыты мен соры, дүние жаратылғалы орын алған ірі уақиғалар. Есі түзу адамға айтылған ескертулер. Дүние түгел сұрақ белгі. Фәни қалай жаратылған, қалай түгесіледі? Адамзаттың ақыры не болады? Ілкіде адамзаттың асылдары – пайғамбарлар да адамзаттың азабына араша, дертіне дауа, сауалына жауап іздеген.
Бүгін тағдыр турасында қалам тартуымыз да бекер емес. Өмірге күле қарап, Алланың берген сынағына сынбай, дүниеге ерекше құштарлықпен қарайтын тартоғайлық Асхат Жұманазаров жайында толғамақпыз. Жиырманың жетеуіне қарай қадам басқан азамат созылмалы бүйрек жетіспеушілігі диагнозы бойынша есепте тұр. Жігерлі, жалынды жас жігіт кез келген істің ебін тауып, елгезектігімен көп ішінен ерекшеленіп жүреді. Алайда, 2018 жылы кенеттен бүйрегі сыр беріп, ес-түссіз күйде аудандық ауруханадан бірақ шығады. Мысқылдап кірген дертпен күресіп келе жатқан Асхат Маратұлының бүйрегі емдеуге келмегендіктен гемодиализ аппаратының көмегіне жүгінуде. Жасанды бүйрек аппаратына тәуелді ол аптасына 3 рет аудан орталығындағы «В.В. NURA» диализ орталығына барып, 4 сағат тапжылмай жатуға мәжбүр.
– Аяқ-қолы сап-сау, көз алдымда өскен баламның мұндай дертке шалдығуын көру мен үшін өте ауыр. Күнделікті ем-домын жасағанымызбен шұғыл түрде бүйрек ауыстырып, донорлық ота жасатуымыз керек. Алайда, Стамбул қаласына барып, құны 20 млн теңге тұратын отаны жасату үшін шамамыз жетер емес. «Әттең, тонның келтесі-ай» деп, ет-жүрегіміз езілгенімен қажетті қаражатты табу оңайға түспей тұр, – дейді анасы Дариға Қазанбаева.
Баласының табанына кірген тікен, анасының маңдайына қадалатыны анық қой. Анасы – қараушысы, әкесі – Тартоғай ауылы мен Шиелі кенті арасында такси болып тапқан тиын-тебенінің басын құрап әлек. Ал, Асхаттың жары Қаракөз өздерінен өрбіген 2 баланың күтімімен үйде отыр. Қандай сынақ түссе қасқайып қарсы алатын Асхаттың ерік-жігеріне қарап, өмірге деген сүйіспеншілігің арта түсетіні сөзсіз. Себебі, ол өзін дерттің жеңуіне жол бермей келеді. Өмір үшін күреседі. Оның тағдыр салған сынаққа мойымауына себепкер жанның бірі – досы Оразай Бекмырза.
– Бір қазақ жығылса, мың қазақ дем беретін кең пейілді ұлт емеспіз бе? Әрбір пенденің маңдайына жазылған жазмыштан озып кетпесіміз анық. Ал, сынақты тек мықтыларға береді. Мен Асхаттың бұл дертті жеңіп шығатынына сенемін. Ең бастысы ел болып көмек беруге асығайықшы. Кішкентай періштелер әкесіз қалмасыншы. Шиелі ауданының өзінде атымтай жомарт жандар жетерлік. Барлығымыз біріксек бір жұдырық боларымыз анық. Егер Асхатпен тілдесіп, көмек қолын созуға ниетті жандар болса 8 (775) 735 37 93 нөмеріне хабарласуына болады – деді, досы.
Денсаулық – табиғаттың ең қымбат сыйы. Алайда, сол сыйды арман етіп, он екі мүшесінің сау болғанын қалайтын жандар қаншама? Бүгінде үш мыңнан астам қазақстандық донорлық ағза күту кезегінде тұр. Олардың тізімі ай сайын өзгеріп отырады. Дерт дендегендер жаңа тізімге қосылып жатса, енді бірі донор күте алмай бақилық болып жатыр. Көптеген жанға үміт отын сыйлап, енді ғана қарыштап дамып келе жатқан саланың бірі – транспланталогия саласы. Алайда, көш басында бүйрек трансплантациясы тұр. Ауданымызда бүйрек трансплантациясына мұқтаж көптеген науқас бар. Олардың басым көпшілігі донорлық кезек күтуде. Нақтырақ айтсақ, бүйрек жұмысының жеткіліксіздігі бойынша диспансерлік есепте тұратын 63 науқас бар. Оның ішінде 26 науқас гемодиализ аппаратына тәуелді. Гемодиализ ағзадан тыс орындалатын емшара бойынша қанды тазартады. Яғни, бүйрек жұмысының жеткіліксіздігі, терминальді сатыдағы науқастарға осы аппарат арқылы өмірін ұзартуға мүмкіндік береді.
Р.S Өкінішке қарай, трансплантацияға мұқтаж жандардың жас мөлшері жыл сайын жасарып келе жатқан көрінеді. Денсаулық сақтау министрлігінің шетелдерге жіберу тізімінде 100-ден астам науқас кезекте тұрса, олардың ең кішкентайының жасы небәрі екі жаста ғана екен. Шетелде жүргізуші куәлігін алушыларға: «алда-жалда жол апатына ұшырай қалсаңыз, өзіңіздің ағза мүшеңізді өзге адамдарға трансплантациялауға берер ме едіңіз?» деген сауал міндетті түрде қойылатын көрінеді. Егер келіссеңіз, міндетті түрде жүргізуші куәлігіне белгі соғылады. Болашақта мұндай сауалдың біздің елдің азаматтарына да қойылатынына күмәнданбай-ақ қояйық. Жамандықтың бетін, әрине, әрі қылсын. Дегенмен, сіз қайтер едіңіз? Осынау сауалдың жауабын қазірден бастап ойлана берсеңіз де болады.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ