Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...

Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...

«...Абай – адамзаттың өркениет тарихын-дағы ұлы тұлға. Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны» Федерико Майор.
Абай – адамзаттың ақыны. Оның шығармалары – бүкіл адамзат игілігі. Оның поэзиясы – даналықтың, махаббат пен адалдықтың поэзиясы. Абай — қазақ халқының ұлы ұстазы. Ол халқымыздың қамын ойлаған қамқоршысы. Барлық адамзат баласына әділетті жол көрсеткен, өмірден шындық іздеген дана. Адам баласын «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашу» сияқты бес нәрседен қашық болуға, «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» сынды бес асыл қасиетті адам болу үшін ұстануды аса қажет деп таныған.


Жалпы әлемдегі кез-келген халықты алып қарасақ, олар ең алдымен тәлім-тәрбиеге, білімге, адамгершілікке үндейді. Болашақ ұрпақтың өн бойына рухани азықты сіңіруге тырысады. Өйткені, тәлім-тәрбиенің адам өмірінде алатын орны ерекше. Ғұлама ғалым, әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың хас жауы» деген аталы сөзі бар. Осы тұрғыда келгенде қазақ халқының ұлы ақыны А.Құнанбайұлы өлеңдері мен қара сөздері халыққа ерекше тәрбие береді, адамгершілікке үндейді.
Қазіргі уақытта адам жаны жабырқау, күйбең тірліктен мезі болған, мейірімділікке мұқтаж күй кешуде. Осы жағдайды жақсарту үшін адамзат рухани жаңғыруы тиіс, жаңғырудың негізгі кілті Абай ілімінде жатыр. Абай ілімінің негізгі өзегі – адам санасының ізгілікке өзгеруі. Ақын қоғам тәрбиесі жеке тұлға тәрбиесінен ­бастау алатынын көрсетті. Адал жолмен жүрмей адам түзелмейді, адам түзелмей қоғам түзелмейді, қоғам түзелуі үшін әркім өзін-өзі түзетіп, адалдықтың ақ жолын аңғарып алғаны абзал. Абайды оқушы ойлы көзбен қараса, онда ол өзін-өзі тазалайды. Жаны таза адам жамандыққа бармайды. Жүрекке тұнған Абай ілімі жамандыққа жібермейтіні сөзсіз. Абай Ислам дінінің негізіне сәйкес, адамдар тобын үш сатыға бөледі.
Төменгі саты – күйбең тірліктің күнін күйттеп жүргендер. Білімге құмарлығы жоқ, артық білуге талпынбайтын адамдар тобы. Бұл туралы Абай отыз сегізінші қара сөзінде толықтай сөз етеді де, бұл топтағы адамдарды «жарым адам» деп атады. Ал білімге деген қызығушылық адамдық жолын анық көрсететінін «Қашан бір бала ғылым, білімге махаббатпен зейін қойса, сонда ғана оның аты адам болады» деп айтты.
Орта саты – өзін-өзі, өзіндік болмысын толық танып, адамдықтың шыңына жету сатысы. Бұл сатыға әділеттілік, адалдық, мейірбандылық, қамқорлық, достық сияқты барлық гуманизм шарттары енеді. «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз» деп таратып, оң мен солымызды айғақтап береді.
Жетілудің жоғарғы сатысы – рухани жетілу. Рухани жетілген адам – тән емес, жан азығын қамдаған адам. Бұл туралы ақын он жетінші қара сөзінде ақыл, қайрат, жүрек өнерлерін таластырып келгенде ғылым «Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым» деген. Қазақ қанша жыл қайратты пір тұтып зорлық-зомбылықтың құрбаны да болды, ал қарыштап дамыған заманда ғылым-білімге ден қойып, түрлі зат ойлап тапқанымен, оның зардабын да тартып жататыны бар. Бұл екеуін жүрекке бағындыруының себебі де осы. Жүректе Абайдың «үш сүю» негізі жатыр:
«Махаббат пен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және сүй Хақ жолы деп әділетті»
Абай түсінігіндегі «Толық адам» – нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректі бірдей ұстай білген адам. Бұл үш сатыны толық бағындырған – Абайдың ойын жетік меңгерген адам. Белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы «Абайдың «Толық адам» ілімін бүкіл қазақ пен түркі халқының санасына сіңдіре алсақ, рухани жағынан мүлде жаңа жолға түсеміз. Тазарамыз. Пайданың емес, ардың жолына түсеміз», деген болатын.
Данагөй ақынның терең ойлары мен асыл сөздері, өлеңдері мен қара сөзері қай заманда болмасын жақұттай жарқырап, көкіректерге нұр болып құйыла берері хақ. Оның мұрасы жаңа ұрпақпен бірге жасай береді.

Индира ПЕРНЕБАЕВА,
№244 Ы.Жақаев атындағы
орта мектептің қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі
28 қаңтар 2020 ж. 1 619 0