Ұмытылмасын есімі
«Құрметті Шиелі кенті тұрғындары» – деген хабарламаны оқығаннан кейін қаламсабымды қолға алып, өмірден өзің ерте кетсеңде есімің сақталар деген оймен естелік жазуға бел будым. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп бекер айтылмаса керек. Жақсы адамның есімін ұлықтау, ұмытпау, мақтану үшін емес, оны кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету үшін тәрбиелік мәні, маңызы болар деген ой туды. Сондықтан, 1971 жылы дүниеге келіп, небәрі отыз төрт жыл өмір сүрген ҚР-ның Ішкі істер мемлекеттік қызметкерлерді қорғау департаментінің арнайы жасағының полиция капитаны Марғұлан Қонаевтың өнегелі өмірі жайлы жазуды қолға алдым. Ондағы мақсат – оның өмірі бүгінгі жас буынның бойындағы адами һәм имани қасиеттерді оятып, отансүйгіштікке тәрбиелеуге септігі тиіп қалар деген ой еді.
Бала ата-анасына қандай қасиеттерімен байқала бастайды. Ұлағатты ұстаз Шәрбан Арыстанбаева естелігінде өзінің баласындай санағанын, ал алғашқы ұстазы Нысанкүл Пернебекова «Марғұлан сабаққа өте ықыласты, зерек, ұқыпты болғандықтан өзін әр уақытта еркін ұстайтын. Қоғамшыл, ұйымшыл «Октябрят», «Пионер» ұйымдарын басқаратын. сынып старостасы болды» деп еске алады. «Мен Марғұланды нағыз елім дейтін азамат болатынына сенетін едім. Оған сұм ажал жеткізбеді» депті. Марғұлан аудандық, облыстық олимпиадаларға қатысып үнемі жүлдегер атанды. Табиғатынан өнерге бейім, жаны жайсаң, сезімтал ол мектепте ұйымдастырылатын кештердің қоғамдық іс-шаралардың ұйытқысы, басшысы болды. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде дайындалып күрестен аудан чемпионы болса, сүйіп ойнайтын ойыны футболдан аудандық, облыстық, республикалық, Кеңес Одақтық жарыстарда бірнеше рет чемпион атанған Марғұлан өлді дегенге сенгім келмей, естелік жазуға қатты қиналдым. Бірақ амал қанша... Марғұланды біз Марқа дейтінбіз. Ол сыныптағы беделді, белсенді жас болатын. Әрқашан ақжарқын көңілді жүретін. Достары да өте көп болатын. Оның нұрлы жүзі әрқайсымыздың жүрегімізде. Бала болса да одан үлкен адамдарға тән сарабдал сырбаздықты, пайым парасатты, жоғары мәдениеттілікті танитынбыз. Ақылы ерек, талабы таудай еді. Ұстаздар да, достары да одан үлкен үміт күтетінбіз. Біз оған «Қазақстанды басқаратын Қонаев боласың» – деп әзілдейтінбіз.
Сол кездегі №45 қазақ орта мектеп-гимназиясының директоры Күлжан Жаукебаева, директордың орынбасарлары Баян Сейтенова, Қали Дүйсеманов, ұлағатты ұстаздары Төлтәй Кәрімбаева, Тоты Ысқақова, Лариса Владимировна, Рахмет Сүлейменов, Ерғали Сүлейменов. «Марғұлан үздік оқушы, өнерлі жас, тәрбиелі шәкірт, келешегінен үміт күттіретін азамат» деп оқушыларға үлгі етіп айтады екен. Сынып жетекшісі Лариса Цой естелігінде: «Кунаев Маргулан окончил школу-гимназию «Ақ-Орда» Шиелийского района в 1988 году. Серезно относился к учебным занятиям, имел прочие знания по всем предметам. Это был один из вдумчивых и любознательных учеников. Он всегда все знал и мыслил глубоко. Был общительным. Вокруг него всегда сплачивались друзья, их было много. Он был добрейшим человеком с открытой чистой душой...» – деп, жазады.
Спорттағы жетістіктері алғашқы кездері мектеп аралық күрестен аудан жеңімпазы болған. Содан кейін футболға құмарлығы артып, Нұрмаш Аманқұловтың баптауымен аудан жастарының құрамында 1985-1986 жылдары облыс жеңімпазы, 1986 жылы «Былғары доп» додасының республикалық жеңімпазы атанған. Сол жылы Шиелі жастары кеңестер Одағы бойынша республика намысын қорғап, 6-шы орын алған. Аталған жарыста І орын алған Әзірбайжанның «Хазар» командасымен ойында төрешінің әділетсіздігінен 1:1 деген есеппен жеңістен айрылып қалған еді. Осы жарыста үздік шабуылшы атанған «хазар» шабуылшысын қия бастырмаған Марғұланға көрермендер өте риза болған-ды. 1987-1988 жылдары Шиелі командасы республикада қатарынан екі рет жүлдегер болды. Бұл мәліметтер бас бапкер Нұрмаш Аманқұловтың естелігінде жазылды. Отбасынан үш бірдей талапкер оқуға баратын болғандықтан «мен ер баламын ғой, апаларым оқысын» деп оқуға апаларына жол беріп, өзі еңбекке араласты. Бірақ, Отан қорғау жасына толғандықтан әскерге алынып, Германияға аттанады. Кеңес Одағындағы саяси ахуалдың шиеленісе бастауына байланысты Марғұлан Таудағы-Карабахтағы соғысқа әскер құрамасына жіберілген. Ол жайында ата-аналарына анық мәлімет берілмегендіктен сары уайымның кемесін мініп, 1990 жылдан 1992 жылы аман-есен келгенінше ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер өткізуге тура келді.
Әскерден келгеннен кейін көп кешікпей Алматыдағы үкімет үйіне күзет қызметіне милиция лейтенанты шенімен қабылданды. Марғұланның жаназасына келген Құрмет деген жігіт әкесі Аманкелдіге «Екеуміз кезекшілікте тұрған кезімізде Марғұланның жанына тоқтаған Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаев оған қарап, келешегің бар азамат екенсің деген еді» деп еске алады. Білімге жаны құмар азамат әскерге кетеріне дейін Қазақ мемлекеттік университеттің тарих факультетіне сырттай оқуға түсіп үлгерген еді. Келісімен соны жалғастырып, 1984 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. 1991 жылдан басталған Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ауылдағы елдің хал-ахуалы егесіздіктің күйін кешіп, берекесіздіктің тірлігіне айналды. Колхоз, совхоздардың малы, дүниесі пысықай басшылардың талан-таражына түсті. Осындай дағдарыс кезінде 1996 жылы анасы Зағира дүниеден озды. Өзінің де шаңырақ көтеруі осы тұсқа тап келді. Алматыда тұру да қиындай бастады. Әрі қызмет бабаның өсуін жоспарлады ма, 2001 жылы мамыр айында Ақтөбе қаласындағы Қ.Р.І.І. Министрлігінің полиция қызметкерлерін дайындайтын оқу орнына аға лейтенант шенінде курс басшысы болып тағайындалып 4 жыл жұмыс істеді. Достарының естеліктерінде, ол жұмысты жан-тәнімен істейтін. Адамдармен жұмыс істеуді өте жақсы көретін. Ол ортамыздың гүлі, жүрегі, жалыны, оты болатын. Адамдарды тыңдай білетін, ақылдасып дұрыс шешім қабылдайтын, көмегін аямайтын. Оны бәріміз жақсы көретінбіз. Ол жүрген орта керемет тамаша ұмытылмастай күйде болатын. Онымен бірге жұмыс істеу білгендерге арман еді – деп достары Арман Маханов, Қасым Ешанов, Базарбай Құрманов, Еркін Сәрсенов, Аманжол Бектұрғанов пікір айтқан. Туған жері, туған елі, өскен ортасы осындай азаматын ұмытпайды, еске алып ұлықтайды. Ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады. Кезінде ұстазы Ерғали Сүлейменов ақсақалдың көше беру туралы ұсынысын қайта жандандырып, Марғұлан Амангелдіұлына көше берілсе деген өз ұсынысымды да айта кеткім келеді. Мен ағасы, бауыры болған соң жазып отырған жоқпын. Лайықты болған соң пікірімді қолдайды деп сенемін. Мемлекет ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттап, отбасына қамқорлық жасап отырған лайықты азаматқа, халқы, елі, достары да ниет қосар деген пікірдемін.
Нұрлан Махмутұлы