Жаңа жол көшесі ұлағатты ұстаз атында
Ауыл-аудан аралық жолаушылар қатынайтын көлік жүргізушісінің алдағы болатын аялдамаларды хабарлап отыруы міндетті жұмыстарының бірі. Ол жолаушылардың бір-біріне кедергі келтірмей түсетін жеріне қамдануына және елді мекенді білмейтін қонақтар үшін керек хабарлама. Жолаушы тасымалдайтын көлікте келе жатып жеткіншек балалардың ұстаз Ибрагим Шохаев көшесінен тоқтаңыз дегенін құлағым шалып, елең ете қалдым. Бұрынғы жаңа жол көшесінің бастауына эстетикалық талғаммен жасалған Ибрагим Шохаев көшесі деген белгі көзіме оттай басылды. Көлік ішіндегі бірнеше қариялар мен кейуаналар «Ештен кеш жақсы, ұстаздың аты көшеге болса да берілгені дұрыс болған екен» деп жатты. Бұл елдің ұзақ күткен арман тілегі еді. Менің көкірегімді қуаныш кернеп қатты тебірендім. Ұстаздың шәкірті болған кешегі дүниеден өткен Ұлман жеңгемнің «Ибрагим ұстаз атаусыз қалатын болды-ау» деген уайымы да сейілген болар, сірә. Көңіл шіркін жүйрік қой, ұстаздың өткен өмірі елге жасаған еңбегі көз алдымнан өтіп жатты. Аудандағы басшылық қызметтерде жүріп, білім саласын ұйымдастыруы, ең алғашқы бірнеше мектепті ашты, жаппай сауатсыздықпен күресу (ликбездер) жолындағы ерен еңбегі, өз ауылындағы мектептің негізін қалап директоры болғанын, әсіресе қазақ халқының басындағы нәубет ашаршылық жылдарындағы жетім балалар үйін құрып ұйымдастырудағы жанқиярлық еңбектері жөнінде көптеген мақаламен зерттеушілік материалдармен таныспын. Шәкірттері – академик Досмұхамед Кішібеков, Ұлман Мәміреева, Болат Сыздықов, Қуандық Түменбаев, музей қорын сақтаушы Рауза Байділдаева журналистер Сафи Құрманаев, Алтай Айып, Тұрар Тоққұлов, Ерұлан Даткенов, Еңбек ері Шырынкүл Қазанбаева, Сейітбек Жақаев, Нұрлан Махмутов және ертеректе жазылған мақала авторларын қосқанда ұстаз Ибрагим Шохаев туралы жиырмаға жуық мақала мен хаттар Республикалық облыстық аудандық газеттерде жарияланыпты. Осы мақалаларда ұстаздың жүріп өткен өмір жолы, қайраткерлігі мен еңбегі, алған наградалары толық қамтылған. Дегенмен шәкірті академик Д.Кішібековтың Республикалық «Айқын» газетінде жариялаған «Ұрпақ парызы» атты мақаласында алаш зиялылары қазақ халқының болашағын халықты сауаттандырып білім беруден көргенін, сондықтан Ибрагим Шохаев Алаш зиялылары Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек сияқты арыстардың лайықты ізбасары дегенін еске ала кетуді жөн көрдім. Мыңдаған шәкірттерімен осынша ізбасарларының ауыл, аудан көлеміндегі халықтың көңілінде ұмытылмай сақталып қалуға лайықты, өскелең ұрпаққа өмірі үлгі-өнеге боларлық ақылшы ұстаз, ғибратты, парасатты азамат ұмытылмай ұлықталып Ибрагим Шохаевтың есіміне жаңа көше берілуі – халықтың тілегінің орындалғаны. Бұл – бүкіл ұстаз қауымына жасалған құрмет.
«Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген халық даналығының айқын айғағы. Ерді саралайтын да, еңбекті әділ бағалайтын да халық. Халықтың сөзін тыңдап, ердің еңбегін бағалап оң шешім қабылдаған облыс, аудан, ауыл басшыларына, маслихатқа, аудандық қоғамдық кеңеске (төрағасына), ономастикалық комиссияға (хатшысына), ауданның айнасы «Өскен өңір» газетіне айтар алғысымыз шексіз. Ибрагим Шохаев көшесінің бастауына қойылған белгінің жоғары жағындағы кітапшаға «Ұстаз – ұлы есім» деп жазылыпты. Осы сөз Ибрагим Шохаевтай қайраткер, ұлағатты ұстаздарға арнап айтылғандай. Осы сөзге ұстазымыз әбден лайық еді. Сондықтан бұрынғы жаңа жол көшесінің тұрғындары, біздің көшенің атауы Ибрагим Шохаев атында деп мақтанышпен айтуларыңызға толық негіз бар. Көшелеріңіз таза, тұрғындарыңыз тату, ауызбіршіліктеріңіз мықты, еңбектеріңіз жемісті, ауылдың, ауданның ең жақсы, үлгілі көшесі болыңыздар.
Нұрлан қажы Махмутов