Еңбегі ерек, болмысы бөлек
Еңбек ете білген адамға – бәрі кәсіп. Көктемнің әр күнін жылдың азығына балаған диқан бабамыздың бүгін кетпені сайлы, көңілі жайлы болып келеді. Бүгін Шиелі ауданы, Бестам ауылының тең жартысы алқаптарға картоп егіп, дала төсінен ризық тауып келеді. Біздің бүгінгі әңгімеміз – осы картопты кәсіп көзіне айналдырып, еңбегімен несібесін тауып отырған Әбдікәрім Хайдаров туралы болмақ.
«Еңбектің наны тәтті» деген халық даналығын Әбдікәрім Хайдаров жете түсінген жан. Еңбегінің арқасында абыройға бөленген оның ісі өнімді. Алдына қойған мақсатына жету, ол жолда тынбай еңбек ету – жастайынан бойына сіңген дағдысы. Біз хабарласқанда кейіпкеріміз жылдағы әдетінше алқап басында картоп егіп, қам жасап жатқан екен. Әдетінше дейтін себебіміз, оның картоп егумен айналысып келе жатқанына 25 жылдан астам уақыт өткен. Бестам колхозында күрішші болып еңбек еткен Әбдікәрім Қандыбайұлы таңның атысы, кештің батысы демей алқаптың басында бейнет кешіп, бел жазбай еңбек етіп келеді. Олай дейтін себебіміз, егістік алқабында картоптан бөлек, қызынақ, қияр, асқабақ, қауын мен қарбыз барын байқадық. Алқапқа кірген бойда қара торы, бойы тік, еңселі келген еңбек адамы қарсы алды. Содан әңгімеге тартқан бойда, егістіктің жай-жапсарын ретімен әңгімелей бастады.
– Біз күн жылынған сәттен барлық агротехникалық талаптар бойынша жерді айдап, өңдеп, картоп егуді бастадық. Біздің егістік алқабымыздың көлемі екі гектарды құрайды. Бұл жерді 150 мың теңгеге сатып алдым. Былтыр да 2 гектар жерге картоп еккенмін. Нәтижесі жаман болған жоқ. Тапқан табысымыз 1 миллион теңге болды. Ала жаздай бел жазбай еңбек еткеннің арқасында жақcы өнім алдық деуге болады. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген қағиданы ұстанып, биылда егістіктің көлемі 2 гектар жерді құрайды. Оған екінші репродукциялы картоптың Қарағандыдан алынып келген голландиялық тұқымының «крона», «вега» сұрыпты түрін ектік. Қазір жақсы шығып жатыр. Нәтижесін қалай шығатынын алдағы уақытта білеміз, – дейді Ә.Хайдаров.
Еңбек ету қашанда береке пен ырыздықтың бастауы саналады. Сондықтан, картоп егу анау айтқандай оңай еместігін аңғаруға болады. «Дарақ бір жерде көгереді» демекші, қандай өнім болсын, еккен соң оны күтіп-баптап, одан мол өнім алу да оңай шаруа емес. Әсіресе, картоп дақылына көп күтім қажет. Картопты отырғызғаннан бастап оған дер кезінде тиісті агротехникалық шараларды жүргізу арқылы күтім жасау, шөбін жұлу, суару сияқты жұмыстар жер емген диқандардан қажырлы еңбекті, қыруар қаражатты талап ететіні белгілі. Бүгінде егіс алқабында дәрілеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Оған қажетті селитраның 1 кг 100 тг болса, ал көк дәрінің 1 кг 65-70 тг көлемінде сатылады. Осы шығындарды есептеген шаруа, күзге қарай еңбегінің өтелеріне сенім артып отыр.
– Біз секілді шаруа адамдары уақытпен санаспай, әрдайым тынымсыз еңбек етсе, мол өнім алуға мүмкіндік бар. Картопты күтіп-баптауға оны отырғызғаннан кейін 4-6 күн өткен соң ғана кірісу керек. Арнайы еккен картопты аптасына 2 күн суарып тұрса, өніп жатқан түйнектер өсіп жетіледі. Топырақта жатып үнемі ауаны қажет етіндіктен картоп түбін ұдайы қопсытып отыру керек. Отырғызу алдында түйнектерді жақсылап әзірлеп, өсімдіктер мен топырақты дұрыс баптаған жағдайда, көктемгі егілген картопты қазуға тамыздың басында кірісуге болады. Бабын жасасаң мол өнім беретінін түсінген Әбдікәрім, отбасымен осы кәсіппен айналысады. Күзде жиналған өнімді арнайы тапсырыспен Шымкент, Астана қалалаларына өткізеді. Еңбегі – ерек, болмысы – бөлек ағамыз өзіне тән қарапайымдылықтың арқасында ауыл азаматтарының ілтипатына бөленіп, сый-сияпаттарына кенеліп жүр. «Кәсіптің көзін тапқанды бақыттың өзі табады» дейді халық даналығы. Ауылдағы ағайынның алдындағы абыройы биік Әбекең болашақта да табыс биігінен көрінеріне сенім мол.
P.S «Құлдан да бір сұрау» деуші ме еді?.. Бестамға арнайы барып, диқан қауымның жай-күйін біліп қайтқанбыз. Сондағы аңғарғанымыз жер үлесі бар шаруалар өздеріне тиесілі жерді жалға алып отырғанын айтады. Бұған дейін өзіне тиесілі жерді пайдаланған ауыл халқы енді ол үшін ақы төлеуге мәжбүр. Неліктен? Республикаға танылған Н.Ілиясов ауылында да осындай мәселенің ушыққанын ел ұмыта қойған жоқ. Сондықтан аудандық ауыл шаруашылық бөлімі мен ауыл әкімі Файзулла Ержан шаруалардың жанайқайын тез арада назарға алса деген ұсынысымызды жеткізуді жөн көрдік.
Шапағат Тілеубаев