Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылына қарап, азаматын таны

Ауылына қарап, азаматын таны


«Ауылына қарап, азаматын таны» дейді дана халық, «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» күре жолының бойында орналасқан 1 Мамыр ауылы өткен-кеткен жолаушының назарына бірден ілігері сөзсіз. Бұл қасиетті жерде Көктүріктің көсемі болған, алаш ардақтысы Мұстафа Шоқайдың кіндік қаны тамып, ізі қалған.
Міне, осындай киелі мекенде көктем жақындап, күн жылт еткеннен бастап ауызбіршілікті ұстаным еткен ауыл тұрғындары көркейту – көгалдандыру жұмыстарына қызу кірісті. Ауыл жастары бастама көтеріп еріктілер қорын ашып, үлкендеріміз жастарға қолдау білдіріп, кішілеріміз игі істен қалыспай сенбілікке шығып, «Мұстафа Шоқай» атындағы аллеяға, «Тағзым» алаңына көшеттер отырғызылып, ауыл қорының қаржысына құдық қазылып, су шығарылды. Осы орайда, тектілігін көрсетіп, осы ауылдан түлеп ұшқан Шиелі су шаруашылығының басшысы Әубәкіров Дихан ағамыз «М.Шоқай» атындағы аллеяға ағаш көшеттерін, гүл көшеттерін жеткізіп беріп, абаттандыру жұмыстарына өз үлесін қосқанына баршамыз риза болдық.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп халық даналығы бекер айтпаса керек. Жақсылық жасаудан жарысып, рамазан айында Мұстафа атамыздың ұрпақтары «Мұстафа Шоқай» атындағы ауыл мешітіне күрделі жөндеу жұмыстарын бастады. Бұл жақсы іске тағы да ауыл белсенділері қосымша қаржылай және қол көмектерін беруде. Бүгінгі күні мешіт айналасына жарық шамдары орналастырылып, сыртқы қоршауы сырланып, ірге тасына қайта цемент құйылып, ішкі жылу жүйесі қалпына келтірілуде. Жасалып жатқан барлық жұмыстармен көзбе-көз таныса жүріп, Қоқан ханының датқасы болған Торғайдың төрт ұлы Шоқай, Қалымбет, Әліш, Оспан аталарымыздан тараған ұрпақтары Қызылбай Қалымбетов, Бакиров Уалишер, осы істі ұйымдастырып, басы-қасында жүрген Еркін Ерғалиев ағаларымызбен сұқбаттасып, өткен тарихты да бір қозғап өттік.
Қалымбетов Қызылбай: – Елімнің келешегі деп, түркі халқының азаттығы үшін арпалысқан, Алаш ардақтысы Мұстафа атамыздың жақыны екенімізге қуанамыз, ол кісінің атын ұрпақтары, түркі елі ұмытпайды. Міне, ұлы жолдың бойында бабамыздың кіндік қаны тамған туған топыраққа келіп, әруақтарға бағыштап құран оқытып, ұрпақтары атынан мешітке жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Барлық ағайындарға, осы мешітті салып берген Тілеуберген Шаутай бауырымызға, ауыл жанынан алма бақ салып, жұмыс көзін ашып отырған сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлына, ауылды көркейтуге үлес қосып жүрген Дихан Уәлиханұлына рақмет айтып, ризашылығымды білдіремін!
Уалишер Бакиров: – Міне, өзіңіз көріп тұрғандай бабамыздың туған жеріне келіп әулетімізбен көркейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мешіт – үлкен тәрбие орыны, сондықтан бұл жерді де назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл ісіміз өзгелерге өнеге, ұрпаққа үлгі болады деп ойлаймын. Осы ауызбіршілігіміздің арқасында болашақта мұнан да үлкен жұмыстар атқарылатынына сенемін. Себебі, бірлік, ынтымақ ата–бабамыздың жолы.
Иә, қызу тірліктің басында жүрген ағайындарға біз де алғыс айттық. 100 үйі бар шағын ауылдың қордаланған мәселесі осымен шешіліп қалмағанымен, бірлігі жарасқан ауылдастарымның бастамасы көңіл қуантады, «Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді» деген керемет өлең жолдары бар, тереңіне үңілсең расымен ауыл қашанда өзінен түлеп ұшқан әр бір азаматын құшақ жая қарсы алады. Тек алыстағы ағайын, жақындағы жанашыр талай ғұлама ғалымдарды, жазушы–ақындарды ұшырып шығарған осы бір шағын ғана аулды ұмытпаса болғаны. Ал, бүгінгі игі тірлігіміз өзіміз секілді ауылдарға үлгі болса екен.

Перизат Ізім
18 мамыр 2021 ж. 723 0