Жауды жеңді жасаған снарядың
«Соғыс – халықтың күш-қуатын, ерлік-жігерін сынайтын ұлы емтихан» деп батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай елдің бірлігі мен жігері, азаматтарының қайсарлығы сыналған дәуірлер қазақ халқының қатпар тарихында толып жатыр. Кітабы жұқа болғанымен қойнауы қалың тарих беттерін парақтасақ, «елім-ай» деп егіліп талай нәубетті бастан кешіп, сұм соғыста да жігері мұқалмаған ата бабамыздың ерлігі бізге мұра, ұрпаққа ұран. Осынау батырлық пен ерліктің, елдік пен көрегендіктің көрінісін терең ұғынған Амангелді Айталы атамыз: «Мен қазақ халқын сынауға дәтім бармайды, себебі, ол ұлт ретінде талай қиындық көрген халық» деген екен.
Осынау қиын қыстау кезеңде өмірге келіп, жауапкершілікті ерте сезінген, соғыс жылдары ерен еңбектің үлгісі болған жандардың бірі – менің атам Сәду Дәрібайұлы. Ол 1923 жылы 1 мамырда дүниеге келген. Жасы жетпегендіктен майдан қатарына алынбапты. Бірақ, ерлік салтынан жаңылмаған елде қалуды ар санап, өз еркімен соғысқа сұранған бозбаланы сол кездегі кеңестік жүйе Шыршық ауданындағы снаряд жасайтын зауытқа жібереді. Елдің басына түскен үлкен сынақта өз үлесімді қосамын деген қайтпас рух оны ерте есейтеді. Зілдей әскери қару жарақтар бұғанасы бекімеген бозбалаға елдің жүгін көтерумен пара-пар еді. Сұрапыл кезеңдер атамыздың өмір жолында өшпес із қалдырды. Себебі, «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» деп ұрандатқан зауыт тіршілігі 1 минут тоқтамағаны ақиқат. Бірақ, атамыз «Соғыс алаңын көрмесек те ондағы атылған оқ, жарылған бомбаның, жауға тиген көп оқтың қолымыздан шыққанына көңіл толқитын» деп марқаятын.
Соғыстан кейін де қиын заман, сұрапыл жылдар ешкімді аямады. Көздегі жалын мен білімге деген құштарлықтың арқасында атамыз сонау сындарлы кезеңде «Қазалы Ветеринарлық техникумына» оқуға түседі. Кейін жұрт жұтынап жатқанда елдің қамымен Сарыағаш пен Ташкенттің арасында түйеге жүк артып еңбек етеді. Біз бала кезде ертегі, дастан тыңдауға құмартып тізесіне жайғассақ, қиын қыстауда жолда қалдырмаған сол түйенің төзімін әңгіме қылатын. «Шіркін -ай, сол жылдары жануар да заманының жүгін көтеріп, жолда қалдырмап еді, қанар қаппен екі бүйіріне бір тонна тұзды артқанда былқ етпей көтеретін» деп таңғалысы мен сағынышын жасырмайтын. Кейін сол түйесін ауылдасы сұрап алыпты. Екі бүйіріне толтырып бидай артқанда жолда қалдырмай ауылға келіп төсі айрылып кеткен екен.
Сұрапыл жылдардың ауыртпалығы түйенің төсін жарғандай жұрттың да қабырғасын қайыстырды. Ел ішінде майданнан оралмаған солдаттың жоқтауы, жетімнің жасы, жесірдің зары тиылмады. Атамның тұла бойы тұңғышы, менің әкем, «атаң Ташкентке кеткенде кейде үйде азықта қалмайтын. Әжең екеуміз бидайдың масағын теруге егінге түссек, атты қарауыл қамшымен қуалап, бір уыс бидайды талғажау етуге мұрша бермейтін» дейді. Бұл қиындықтар мен жоғарыда атап өткен Амангелді Айталы атамыздың сөзінің шүбәсіз екенінің бір белгісі іспеттес.
Тіршіліктің қамыты бойына ерте ілінген атамыз 1950 жылдары үкіметтің қойын бағып, мал басын арттыру бағытында еңбек етеді. Талай қиындықты бастан кешкен ол бұл шаруаны да оңтайлы игеріп, төл санын арттырып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізеді. Елмен бірге Сырға түсіп, қазіргі Сығанақ қалашығының тұсынан бой көтерген бұрынғы «Ақтөбе» ауылын құруға атсалысады. Сыр жағасында тікелей егін шаруашылығымен айналысып, жазда сушы болып, күзде ат арба айдап, күріш тасиды. Осынау қауырт тірліктің бел ортасында жүрген кездерін кейде әзілмен еске алады. «Нұрғали ауылдасымыз екеуміз таңнан қара кешке дейін соқа тартамыз. Ол тракторшы, ал мен кейде соқаның басында жерден іліп көтермекке жәрдем етем. Бір күні қалың қамыстың бойын жыртып келе жатып, трактор кілт тоқтады. Әй, Нұрғали не тұрыс? Кеш батпай келер атызға үлгерейік деп айқайласам, ол маған: «Ә, найман, сені арада шақпайды екен» деп қарқылдап күлмесі барма... Сөйтсем, ол құжынаған араның ұясына тоқтап, соқаның басында отырған мені талатайын деген екен. Найманға күйеу ғой, әзіліміз жараса кетуші еді» деп күрсіне еске алады. Атам бақыттың маңдай термен келетінін көп айтатын, өсиетінде де еңбексіз еш нәрсенің өнбейтінін дәріптейтін. Бала күнімізде тағылымын тереңнен түсінбесек те, кейіннен өмір жолына қарап, тағдыр соқпағының сергелдеңінен өткен тәжірибесін енді ұғып жатқандаймыз.
Осы тағдыр жолы атамызды 1956 жылы Пекин-Мәскеу жолында шыңдады. Еңбекқорлығымен әрі сауаттылығымен көзге түскен ол осы Ұлы Жібек жолы бойында «регулировщик» қызметін атқарды.
1958-1987 жылдар аралығында «Үлгілі» совхозында көлік үстінде жылжымалы дүкен ашып, қойшылар ығымен қыс қыстауда, жаз жайлаудақызмет еткен екен. Жеңіс туы желбірегеніне оншақты жылдан асса да, халық қасіретті сұм соғыстан есін толық жимаған екен, әлі де ызғарлы күндердің пердесі түрілмеген шақта атамыз таршылық көрген жұртына кеңшілік жасаудан жаңылмапты. Оны бізге атам айтпаса да, жұртың әлі күнге дейін көкейіндегі сол бір жылдар жаңғырығы жайып салды. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деп дана халқымыз айтқандай, ызғарлы жылдары жасаған жақсылығын әлі күнге аузынан тастамай айтып жүретіндер көп. Себебі, айлықтан айлыққа дейін қарызға зат алып кетіп, қайтармаса да, қамсыз көңілмен қайта қарыз бере алған атамыздың жомарттығын жұрттан естіп таңырқай қараймыз. Аңғарып қарасаң, ескі қара блакнотында өшірілмеген есімдер, қайтпаған сомдар, сол дархан көңілдің терезесінде жылулық барын сездіреді.
1987 жылы ел іргесі бекіген сәтте Шиелі ауданына қарасты «Авангард» совхозына көшіп келеді. 1991-1997 жылдар аралығында ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, ел мен жердің, ер мен елдің арасын бітімге шақырып, ауылдың ұйытқысына айналады. Атамызды 2014 жылы 19 қаңтарда мәңгілік мекеніне шығарып салдық.
Саналы ғұмырында әжеміз екеуі 4 ұл, 5 қыз тәрбиелеп, 36 немере, 43 шөбере сүйді. Тылдағы айрықша еңбегі үшін ҰОС жеңісінің 60 жылдық, 65 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталды. Болмысынан құрмет атаққа қызықпағанының белгісі болар, сонау соғыстан кейінгі жылдары тағылған төсбелгілері мен мадақтама қағаздарының бірін де сақтамапты. Тек тәуелсіздік жылдары алған алғыс хаттар мен медальдары немере мен шөбере үшін көненің көзіндей. Ол ұрпақ тәрбиесіне мән берді, бота емес бата қалдырды.
Ата-бабамыздың осындай қиын да қастерлі жолымен күресіп алған егемендіктің, шегенделген шекарамыздың егесі – біз, сақшысы – әскер. Тұңғыш қазақ ғалымы, тарихшы Шоқан Уәлиханов: «Қазақ» сөзі әскери термин ретінде қолданылып, ержүрек, батыл деген мәнді білдіреді» деген екен. Баба сөзінің астары тереңде жатыр, себебі: сұм соғыстың қайғысы келіп тұмшаламаған, ананың зары, баланың жасы төгілмеген шаңырақ қазақта кемде-кем. Батыр бабаларымыз алдыңғы шепте шайқасып, Рейхстагқа ту тікті. Олардың ерлік жолы күн өткен сайын жаңғырмаса өшпек емес.
Соғыс даласында болмаса да, тылдағы еңбек майданында етігімен су кешіп, ерен ерлік көрсеткен атамыз Сәду Дәрібайұлының өлшеусіз еңбегі халық жүрегінде. «Жастық шақ ерлік жасайтын уақыт» десек, бүкіл ғұмыры ерлікпен пара-пар ата жолы қашанда үлгі, бейнетке толы ғұмыры біз үшін өшпес өнеге болып қалары сөзсіз.
Кәрімжан Сәду