Тойхананы торуылдап, асханаға болысуың жарай ма?
Елімізде індет жайлап, қатаң карантин енгізілгелі 1 жылдан астам уақыт өтті. Бірақ, сол сәтте халқымыз төтеннен келген дертке де, карантиндік шектеулерге де дайын болмай шықты. Себебі, Қазақстанға вирус ептеп емес, төтеннен келді.
Ең бірінші оқу орындары онлайн оқу форматына көшірілді. Ақпарат агенттіктерінен бұл жаңалықты естігенде студенттердің ешқайсысы сенбегені әлі есімізде. Содан соң еліміздің ірі қалалары Алматы мен Нұр-Сұлтанда қатаң шаралар енгізіліп, кейіннен еліміздің барлық аймағы шектеулерге ілінді. Адамдар тұрақты табысынан, еркіндігінен айрылды. Көпшілік орта және ірі кәсіп иелері жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Банктер кредиттерді уақытша тоқтату жолын ұсынғанымен, оның астарында қаншама жасырын проценттер жатқанын әлі айтпаған болатын.
Барлығы тоқтап, түрлі кәсіп корона дағдарысқа ұшырағанда жалғыз азық-түлік саудасы ғана қызып тұрды. Мәселен, еліміздегі ауқымды Magnum сауда орталығында карантиннің алғашқы күндері келушілердің саны 50 процентке артқан. Кейбір тауарларға сұраныс бес есеге дейін артып, күнбағыс майы, қант, ұн және т.б көптеген тұрмысқа қажетті тауарлар қымбаттады. Сондай-ақ, тойханалар жабылып, тамақтану орындары терассаға, яғни, ашық алаңқайға шығарылды. Одан бері ай өтті, жыл өтті. Тойханалар сол күйі ашылмады, ал мейрамханалар кәсібін кеңейтіп, жұртшылықтың сүйікті орнына айналды. Міне, осылайша мейрамхана бизнесі бүгінде алдыңғы қатарлы пайда көзіне айналып отыр.
Бүгінгі мақаламызда дәл осы мейрамхана бизнесі, яғни қоғамдық тамақтану орындары жайлы сөз қозғамақпыз.
Аты айтып тұрғандай қоғамдық, демек адам көп әрі тағамдары арзан болады деген сөз. Адам көп жиылған жерде індеттен келетін қауіптің ықтималдығы да жоғарлайтыны түсінікті. Ендеше тойханаларды жауып, олардың кәсібін тоқыратқанымыздан ұтқанымыз қанша? Бірінің пайдасын арттырып, бірін қарызға батырғаннан денсаулыққа да, экономикаға да келіп-кетер пайда жоқ секілді. Оның орнына көршілес Түркістан облысында қолданылған шаралардан үлгі алғанымыз дұрыс па еді? Онда алдымен тойханаларды, мейрамханаларды бәрін жауып тастады. Кейінен шектеулер жеңілдеген соң тойхана иелеріне түрлі ұсыныстар жасады. Ол қандай ұсыныс десеңіз айтайық. Алғашқысы тойхананы қоғамдық тамақтану орнына айналдыру еді. Бұл ұсыныстың көмегімен кәсіп иелерінің жұмысы жанданды. Әрі тойхана іші кең болғандықтан келушілер арасындағы алшақтықты сақтауға да мүмкіндік болды. Екінші ұсыныс тіптен қызық. Оған сәйкес тойхана иелеріне оны мектепке айналдыру ұсынысы жасалды. Осылайша, 2020 жылдың қыркүйек айында Шымкенттегі «Нұрсәт» мөлтек ауданында орналасқан зәулім тойхана оқушылардың пайдалануына берілді. Ғимараттың іші қайта жабдықталып, талай жасқа тілек айтылған тойхана, енді қоңырау үні сыңғырлайтын білім ордасына айналды. Киелі жердегі көршілеріміз бұл мәселенің шешімін осылай тапты. Ал, бізде керсінше тойханалардың есігі тарс жабылып, оның орнына шағын мейрамханалар қаптап кетті. Онсыз да тығыз орналасқан орталық базардың маңы да тарыла түсті. Бұл мейрамхана көптігінің теріс жақтары, бірақ оның жақсы жағында айтпай кетуге болмайды.
Жақсы жағына тоқталсақ, мейрамханалардың көптеп ашылуы кенттің көркін ашқан секілді. Олар көбейген сайын сапа артып, бәсекелестік пайда болды. Бәсекелестік бар жерде әрине, бағасы мен қызмет көрсету сапасы да көңілге қонымды болмақ. Сондай-ақ, тағы бір қуантарлығы енді алыстан ет-жақындарымыз келгенде ұялмай апаратын тамақтану орындары көбейді. Бұрын лайықты мейрамхананың жоқтығынан қонақ келгенде қуыстанып қалатын едік. Әйтеуір, ол мәселеге енді бас ауыртпаймыз.
Бірақ, біздегі қазіргі басты міндет індеттен арылып, қалыпты өмірге қайта оралу. Сондықтан, сәті түскен жағдайда мейрамхана табалдырығын тоздырмай, жақындарымыздың жаныннан табылған дұрыс шығар. Заман тыныш болса, қуаныш пен шаттыққа толы талай күндер күтіп тұр алдымызда.
Рамазан Бектұрғанұлы