Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Карантин мен кәсіп

Карантин мен кәсіп

Әлемді әлекке салған вирустың зияны кімге болса да оңай тиіп жатқан жоқ. Әсіресе, өз кәсібін дөңгелетіп жатқан жандар карантиннің кесірінен амалсыздан бизнесін тоқтатуға мәжбүр. Оның ішінде ойын-сауық секторында шығынға белшесінен батқандар баршылық. Осындай жағдайдан кейін олар келешекке үкілі үмітпен қарауға мүмкіндік бермей отқан пандемияны пәлеге теңеп отыр. Ендігіде бұл кәсіпкерлердің күйі не болмақ? Не істемек керек?
Иә, жасыратын несі бар? Тышқан жылы табалдырықтан аттағалы елде тыныштық болмады. Есіңізде болса, наурыз айында еліміз тұрмақ, дүние жүзінде мүлгіген тыныштық орнады. Қала берді қатаң карантиннің салдарынан бүкіл бизнестің есігі жабылды. Оған үйге дейін жеткізу (доставка) қызметін қоспағанда, біраз кәсіптің түрі мейлінше тұралады. Кейін мамыр айында жағдай мамыражай күйге еніп, ашық ауада, яғни алаңқайлары бар кафелерге белгіленген уақытпен жұмыс істеуге рұқсат етілді. Алайда алаңқай барлық кафе-мейрамханаларда бірдей бола бермейтінін қаперге алсақ, кейбірі әлі күнге дейін еңсесін тіктей алмай отыр.
Мәліметті сөйлетсек, коронавирустың кесірінен елімізде 300 мыңға жуық кәсіп көзі жабылып қалған. Әрқайсысында ең кем дегенде елу жұмыс орны бар деп алсақ, республика бойынша 800 мыңдай қызметкер карантинге дейін жалақы алып, қызмет еткен. Ал бүгінде кәсіпкерлер 20 миллиард теңгеден астам шығынға батқан. Оған түңгі клуб пен тойхананы, бильярд ойнайтын жерлерді қоспайсыз. Себебі мамандар әлі күнге дейін нақты шығынды есептей алмауда. Ал карантиннен кейін аяққа тұрып, ісін жалғастырып жатқандардың үлесі 55 процентті құрайды екен. Қалған 45 проценті табыссыз қалғандардың қатарында. Сенсек, вирустың екінші толқыны басталмақ. Сол үшін шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қолдау болмаса, бизнес саласы құрдымға кетуі бек мүмкін.
Мамандардың мәліметінше, мейрамхана саласын қайта аяққа тұрғызуға кемінде үш жыл керек. Тиісінше, той десе ішкен асын жерге қоятын қазақ үшін бұл саланың маңызы жоғары. Жасыратыны жоқ, тығылып тұрып той істеу біздерге жараса қоймас. Таяқтың екі ұшын барын ескерсек, карантин көп кәсіпті көлеңкеден жарыққа шығарып жатыр. Дейтұрғанмен, оның пайдасынан зияны көбірек. Ал бұған кәсіпкерлердің шамасы, жігер-күші жете қоймас. Сол үшін де олардың мемлекеттен қолдау сұрауы, күтуі орынды. Әлі күнге дейін рұқсат ала алмай, дүркіретіп той өткізе алмай жатқан мейрамхана иелерінің жайы бір басқа. Оларға табыс түспегені аздай, қарыздары көбеюде. Бұл жағдай ел экономикасының ілгерілеуіне тосқауыл болары сөзсіз. Сондықтан ел үкіметіне тездетіп, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын амал табуы керек. Әйтпесе...

Сұлушаш МАДИЯРОВА

02 қараша 2020 ж. 322 0