Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Той тиылып, кәсіп тоқтады

Той тиылып, кәсіп тоқтады


2020 жылы жер жаһанды жаулаған «covid-19» вирусы Салдарынан еліміздің барлық аймақтарында түрлі жиындар мен ауқымды іс шараларды өткізуге тыйым салды. Індет белең ала бастаған алғашқы уақытта жұртшылық үшін өте ауыр болды. Әсіресе әуелден отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізіп қалған халқымыз үшін пандемия оңайға соқпады. Той-томалаққа үйренген халық пандемия кезінде де тойды тоқтатпай, астыртын туған-туысын жинап әлекке қалды. Бірақ, аса қауіпті індет адамдардың айылын жинап, ауруға ат үсті қарауға болмайтынын ескертті. Әсіресе кәсіпкерлерге қолайсыз жағдай туғызды. Балаларға арналған ойын алаңдары мен кинотеатрлар, үлкен сауда-саттық орындары жұмысын тоқтатты. Мұнымен қоса, тойханаларда той тоқтап, күнде думан, күнде той болып жатқан зәулім сарайлар қаңырап бос қалды. Жалпы Шиелі ауданы бойынша 16 тойхана бар. Пандемияға дейін тойханалардың барлығы өз кәсібін дөңгелетіп, жұртшылықтың қуанышына ортақтасып, бөлісіп отырған еді. Иә, табысын тойханадан тапқан кәсіп иелерінің қазіргі жағдайы қалай? Қаншама адамды жұмыспен қамтыған тойхана кәсібінің бүгінгі тірлігін білмекке кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Азамат Есімовпен байланысқан болатынбыз.
Пандемия басталғалы той тоқтап, жағдайымыз қиындады деген кәсіпкерлердің астыртын той жасағандары болды ма?
– Иә, карантин басталғалы бері жалпы анықталған құқық бұзушылықтар бойынша ӘҚБтК-ң 425 бабының 1-бөлігімен 82 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. Олардан 4 492 725 теңге өндірілді. Карантин талаптарын сақтамай, шаралар өткізіп, көпшілікті жинаған 82 тұлғаның ішінде 8 тойхана иелері де бар. Заңға сәйкес, олар айыппұл төлеп, той үстінде ресторанды жабуға міндеттелді. Осындай жағдайларға байланысты Шиелі ауданы аумағында карантиндік режим талаптарын бақылау және мониторингілеу мақсатында арнайы мониторингтік 3 жұмысшы тобы құрылып, құрамы бекітілген. Олар күнделікті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, күндіз және кешкілік рейдтік бақылауға шығуда, – дейді кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Азамат Есімов.
Қазіргі таңда 2 тойхана сауда-саттықпен айналысып, тойхана шығынын жабуды ойлаған көрінеді. Бірі аяқ киім саудасын жасау үшін уақытша жалға берсе, енді бірі кілем сатуға көшкен. Тіпті, кей тойханаларда шығынын өтеу мақсатында үстел мен орындықтарын және ыдыс аяғын жалға беріп те жатыр. Себебі той тоқтағанымен, су, газ, электр жүйесінің шығыны тоқтамақ емес.
Тойхана халін білмекке Көкшоқы елді мекеніндегі «Ақ тілек» тойханасымен байланысқа шықтық. Ұялы байланысын көтерген кәсіпкер әңгімесінен біраз дүниені аңғардық.
– Қазіргі тойхананың ахуалы қандай? Шағын кештер өткізіледі ме?
– Бір жылдан бері той болған жоқ, не сұрайтыны бар оның. Жұмысшылар вирус жайлады дегеннен бастап-ақ тарап кетті. Оларда күнін көру керек емес пе? – деп қысқа қайырды.
– Су мен жылу тағы басқа шығынын қалай өтеп жатсыз? – деген сұрағымызға ойланбастан:
– Амал жоқ, төлеу керек. Біреу келіп көмектеспейді ғой. Өз қалтамнан шығып жатыр деп зілді үнмен жауап қатты.
Кәсіпкердің бұл сөзінен кейін артық сұрақ қоюды жөн санамадық. Тым көңілсіз жауап қатқан кәсіпкерге рақметімді айтып жатқанымда, «жоспарың болса келіп ғимаратты көр» деп өзгеріп сала берді.
Мұнан соң «Мерей» тойханасының иесі Бауыржан Сәрсенбекұлы да тұралап қалған кәсібінің бүкіл шығынын өз қалтасынан өтеп жатқанын айтты. Жұмысшылары 2020 жылдың басында тарап кеткен. «Басшы да өзім, қосшы да өзім болып қалдым» деп сөзін түйіндеді кезекті кәсіпкер.
Екі ресторан саудамен айналысуға жалға беріпті дегенді естіп өз көзімізбен көріп, тікелей сөйлесуді жөн көрдік. «Сыр сұлуы» ресторанын жалға алушы кәсіпкердің айтуынша, бұл ресторанда той тоқтағанымен, айына зейнетақы алушылар бас сұғып, демалатын көрінеді. Біраздан бері топ-тобымен шүйіркелесетін апа-әжелер тұрақты клиентке айналған.
– Осындай үш топтан тұратын отыз шақты әжелер қазіргі кәсібімді жалғастыруыма себеп болып отыр. Алдағы күнімізден үміт үзбейміз. Бұл вирустың таралуы да, вирустың өзі де бітер. Оған дейін күнімізді осылай көруге мәжбүрміз. Бастысы рес­торан жабылмай он адам қабылдаса да жұмыс жасағаны жақсы. Аз көлемдегі қаражаттан пайда іздеудің қажеті жоқ. Бас­тысы шығынды жауып, қарыз болмасақ болғаны. Мысалға өткен аптада 10 адамды қонақ еттім. 59 мың теңге алып, жылу шығынын төледім. Аз болса да бұл мен үшін үлкен көмек. Үмітіңді жалғайды. Ауданда кәсіпкерлік бөлімі мен «Атамекен» Ұлттық палатасының филиалы бар.
– Осы аталған мекемелерден қандайда бір қолдау көрсетілді ме?
– Осындай қиыншылықта бізді ойлаған, көмектескен, бір бағытқа сілтеген адам болған жоқ. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінен де, Атамекен ұлттық палатасынан да ешқандай көмек болған жоқ. Өкпеміз қара қазандай. Сауда жасау үшін кез келген адам дүкен, базарларға барады. Ол жерде вирус жұқпайды да, тойханаға келсе жұғады екен. Бұны қалай түсінеміз? – дейді кәсіпкер.
Ал «Бес жұлдыз» тойханасын жалға алушы кілем саудасымен айналысуды жөн көрген. Кілемді Алматы қаласынан әкелетін кәсіпкер табыс көзінің жақсы екенін айтты. Жалға алғаны үшін айына 350 мың теңге төлейді.
Әлекке салған пандемия барлық кәсіпті тұралатқаны рас. Вирус кәсіп не басқа деп талғамайды. Той-тоймалақтың, жиынның тыйылуына әсер етіп, кәсіпкерлерді шарасыздыққа тіреп, жұмысшыларды нанынан айырды. Кәсіпкерлердің де көпшіліктің де арманы бұрынғыша туған-туыспен бас қосып, шектеусіз қонақ күтіп, вируссыз, залалсыз өмірге оралу.

Ақбота БАЯНБАЙ
13 ақпан 2021 ж. 370 0