Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәртіпке бас иген жазаға тартылмайды

Тәртіпке бас иген жазаға тартылмайды

«Сақ болайық», «Біз біргеміз», «Үйде болайық». Барлық бұқаралық ақпарат құралдары таңнан қара кешке дейін халықты сабырға шақырып, сақтық шараларын айтып әлек. Тіпті көптеген жұмыс орындары тоқтап, онлайн жүйеге де көштік. Алайда, үйде болуды үйде той жасау­­мен шатастырып жүргендер де бар екен. Бұл туралы кеше баспасөз орталығында Шиелі ауданының прокуроры Нұрболат Дүйсенбаев айтты.

Естеріңізде болса Мемлекет басшысы 2020 жылдың 16 наурызынан бастап жұқпалы індетке байланыс­ты 30 тәулікке төтенше жағдай жариялаған болатын. Төтенше жағдай кезінде ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық, отбасылық атаулы іс-шараларды өткізуге тыйым салды. Сонымен қатар көңіл көтеру орындары мен адам көп шоғырланатын нысандардың қызметіне шектеу қойылды. Дегенмен Шиелі халқы енгізілген шектеулерге жауапкершілік танытуға селқос қарауда. Аудан прокуроры Н.Серікұлы «Өкінішке қарай тұрғындар жауапкершіліктің жүгін сезінбеуде. Мысалы, 27 ­наурызда Шиелі кентінің тұрғыны түнгі 23:00-де компьютер клубының жұмыс жасауына жол берген. Сол сияқты Төңкеріс ауылының тұрғыны беташар тойын ұйымдастырған. Бұл екі азаматқа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабымен әкімшілік істер қозғалып, 28 наурыздағы соттың қаулысымен 10 тәулікке қамаққа алынды», – деді.
Қытайдан бастау алған тәжтажал неліктен италиялықтарды зар жылатты? Жұқпалы індет сан мыңдаған тағдырды жұтып қойғанда ғана сақтық шарасына көшіп, мән бермей, жауапкершілік танытпағанының әсері емес пе? Ендеше отбасы, туған- туыстың амандығын тілеп, үйде отыратын сәтте, той жасап, пайда табуды ойлағанымыз дұрыс па? Сонымен қатар жалған ақпаратты таратып елді дүрліктіргенше, еліміздің тыныштығын тілеп дұағада болайық. Өйткені, жалған ақпарат таратқан азамат 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін тілге тиек етті аудан прокуроры брифинг барысында.

Гүлнәр ӘБДІХАНИ


31 наурыз 2020 ж. 765 0