Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » НИЕТІ БАР НЕСІБЕСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

НИЕТІ БАР НЕСІБЕСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Кәсіппен айналысамын деушілер қолдаудан кенде емес. Елбасының ерекше назарында тұрған шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, бизнесін бастаймын дегенге барынша мүмкіндік жасау жүйелі жолға қойылған. Президент бастамасындағы бағдарламалар, жарқын күнге жол ашқан Жолдау­лар, үміттерді үкілеген Үндеулермен қоса үстіміздегі жыл облыс­та кәсіпкерлік жылы болып бекітілді. Ниетің болса несібесіз қалмайсың. Демек, балық аулаймын десең, мемлекет  қолыңа қармақ беруге дайын.
Қолындағы қармақпен несібесін қармап қалуға ниет қылған сондай кейіпкеріміздің бірі – Ұлжан Қалкөзова. Кәсіпкерлікпен айналысқанына талай жылдың жүзі болған Ұ.Алпысбайқызы «жұмыстың жаманы болмайды, тек, ынтаң болса болғаны», – дейді. Ықыласының арқасында ысырапсыз ырысқа кенеліп келе жатқан кәсіпкердің сөзінен тағы аңғарғанымыз, бүгін салған он теңгеңіз ертең жүз теңге болып қайтпайды. «Міне, кәсіп ашып, жұмыс бастаймын деушілердің басым көпшілігінің тілегі осы. Бүгін салған теңгесінен ертең табыс күтіп отырады. Бәрі бірден болушыма еді?», – дей кетті кәсіпкер Ұлжан өз сөзінде. Мұны Ұлжанның ұлағаты деуден аулақпыз, әрине. Кез-келген істе тәуекел керек. Ал, тәуекел қайығының тербелетін тұстары да бар. Осындай сәттерде де жұмысын жүйелей білгенінің арқасында кәсібі өрге домалаған оның ауылдағы ағайыннан алып жүрген алғысы да алғаусыз.
Аз қамтылған отбасыларға қолынан келгенінше қамқорлығын білдіріп, мүмкіндігінше мейірімін көрсетіп отыра-тұғын кейіпкеріміз ауылда өтетін іс-шаралар, мерекелік кештердің де тұрақты демеушісі. «Көршісі аш болып, өзі тоқ жатқан бізден емес» дейді хадисте. Оның «Басып жейтін қара құстан» емес, «шашып жейтін қыран құстан» екенін бағамдадық. «Оң қолымның бергенін сол қолым көрмесін» дегенімен, үлгі етіп үйренуге тұрарлық істеріне бір ауыз тоқтала кеткенді жөн көрдік біз де. Гүл берген қолда гүлдің иісі қалмайды ма? 
Шағын ғана азық-түлік дүңгіршегін дөңгелетіп аралас сауда нысанына айналдырған кәсіп иесінің келер күннен күткені де көп. Қол жайып емес, кемел мақсаттарымен. Жүйелі жоспарларымен. Кәсіпкер бір адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырса, отбасылық «Береке» шаруа қожалығы да бірнеше азаматтың екі қолына бір күрек тауып берген жайы бар. Ал, бұл бөлек әңгіме.
Ұлжан Қалкөзова бес әлеуметтік бастама көтерілген Елбасы Үндеуін тыңдап, баспасөз беттерінен танысты.­ «Кәсіпкерлікті қолдауға, шағын несиелендіруді арттыруға үстіміздегі жылы қосымша қаржы бөлініп, жалпы соммасы 62 миллиардқа жеткізуді тапсырған Елбасы ел ертеңіне ерекше екпін берді. Тірлігімді бастаймын дегендердер талпынды», – деп өз пікірімен бөлісті. «Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді», – делінген Президенттің бес әлеуметтік бастамасында. Биылғы жылды кәсіпкерлік жылы деп қабылдаған аймақ басшысы Қ.Көшербаевтың негізгі бастамасы да осы ауылдағы ағайынның кәсіппен айналысуына барынша мүмкіндік жасау. Кедергісіз жол ашу. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 2013 жылмен салыстырғанда (3602 нысан) биыл 28,4 пайызға артқан. Нақтырақ айтсақ, 4625 шағын және орта кәсіпкерлік нысанда 7600-ден астам адам жұмыс жасап келеді. Бұл сандарды сөйлетуіміздің себебі, Шиелі ауданының кәсіпкерлік нысандарының саны артып келеді. Бұл жоғарыда аталған қолдаулар мен ырысқа кенелем дегендердің ынтасымен жүзеге асып келе жатқан дүние деп білдік.
Бақытжан МӘДЕНОВ.
21 наурыз 2018 ж. 710 0