Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әшімбаев: Соғыс және еңбек ардагерлерінің ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз

Әшімбаев: Соғыс және еңбек ардагерлерінің ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз

BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Жеңіс күні мерекесіне орай әлеуметтік желісінде құттықтады.

Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – елге мұра, ұрпаққа ұран болған өшпес ерліктің мерекесі. Отан үшін от кешкен аталарымыздың батырлығы мен жанқиярлығының жарқын үлгісі.

Президентіміз атап өткендей, халқымыз үшін Жеңіс күнінің қашанда орны бөлек. Өйткені еліміздегі әр отбасы сұм соғыстың азабын тартып, зардабын сезінді. Майданға аттанған азаматтарымыздың жартысы елге қайтып оралмады. Ұрыс даласында қайсарлығымен көзге түскен 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Тылда қалғандар да күндіз-түні еңбек етіп, жеңіске жетуге зор үлес қосты. Сондықтан фашизмді күйретуге тікелей атсалысқан соғыс және еңбек ардагерлерінің ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз.

Аталарымыздың жанкештілігі мен әжелеріміздің төзімділігін кеңінен дәріптеу, арамызда жүрген майдангерлерімізге құрмет көрсету, өмірден өткендерінің рухына тағзым ету – біздің перзенттік парызымыз. Сол арқылы біз бейбітшілік пен тыныштықтың қадірін түсінеміз. Өскелең ұрпақтың патриот болып қалыптасуына жол ашамыз. Мұның қазіргідей сын-қатерлер заманында маңызы аса зор.

Жеңіс күнімен құттықтай отырып, ардагерлерімізге мықты денсаулық және амандық тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
09 мамыр 2021 ж. 404 0