Сенім мен күмән арасы
Сыр бойы. Бір айға жуық уақыт бұрын «Сыр бойы» газетінің сайтында «Коронавирусқа қарсы екпе салдырдыңыз ба?» деген сауалнама жарияладық. Оған жауап берген 300-ден астам адамның 71 проценті екі жауаптың «жоқ» нұсқасын таңдапты. Сонда екпе салдыруға ел неге асықпайды? Енді сенім мен күмәннің аражігін салмақтап көрейік.
ҚАЛАЙ ТЕЗ?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылдың 11 наурызында COVID-19 коронавирусына байланысты пандемия жариялады. Қытайдың Ухань қаласынан басталған жұқпалы ауру жер-жаһанға лезде тарап кетті. Пандемия жарияланған соң ұйым басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус барлық елдің үкіметін қауіпті індеттің таралуына қарсы жедел әрі батыл шаралар қолдануға шақырды. Осыдан кеп әр мемлекет карантин шараларын қажеттілікке қарай біресе қатаңдатып, біресе жеңілдетті.
Кесірлі кеселді тежеудегі жалғыз жол – вакцина шығаруға бірнеше ел ғалымдары іле-шала білек сыбана кірісіп кетті. Бірақ оның тез арада айналымға қосылуы көптің көкейінде күмән тудырды. Біреулер «екпені COVID-19 пандемиясы жарияланбас бұрын әзірлей бастаған, демек, бұл – қолдан жасалған ауру» деді.
Енді «Stopfake.kz» сайтындағы ресми жауапқа назар салыңыз:
«Біріншіден, SARS-CoV-2 – ғылымға белгісіз вирус емес, коронавирустың жаңа штамы. Ол анықталған кезде ғалымдардың қолында коронавирус туралы толық мәлімет бар еді. Сонымен қатар әлемде SARS және MERS коронавирустарынан туындаған аурулардың өршуі болған. Ғалымдар сол кезде-ақ оларға қарсы вакцина жасауға тырысқан. Бұрынғы зерттеу, тәжірибе нәтижелері жаңа штамға қарсы вакцина әзірлеуге көмектесті.
Екіншіден, вакцина жасау үшін бұрын-соңды болмаған тәсіл қолданылды. Бір уақытта көптеген елде әртүрлі тәсілмен жүздеген препарат әзірлене бастады. Сынақ, тәжірибе және қорытынды туралы барлық мәлімет әлем ғалымдары үшін қолжетімді болды. Бұл вакцина жасау кезінде қателіктерге ұрынбауға, белгілі бір іс-әрекеттердің нәтижесін алдын ала болжауға мүмкіндік берді.
Үшіншіден, вакцина жасау бағдарламаларының үлкен қаржылық қолдау табуы препаратты әзірлеу мен тестілеу процесін едәуір жылдамдатуға мүмкіндік берді.
Төртіншіден, кандидаттар тізіміндегі кейбір вакцина жаңа технология бойынша әзірленді. Оларды жасау үшін SARS-CoV-2 коронавирусының тікенектерін құрайтын S-ақуыздар ғана қажет. Оларды зертханалық жағдайда жасауға болады, яғни міндетті түрде тірі вирус қажет емес».
ФАКТ ӘЛДЕ ФЕЙК?
Вакцина төңірегіндегі алып-қашпа әңгіме коронавирус тарала бастаған кездегідей әлі сейілмей тұр. Әлеуметтік желіге арбалған әлем оның ақ-қарасын ажыратуға асықпайды. Небір жел сөз онсыз да абыржулы адамдардың ойын онға, санасын санға бөлді.
«КАМЕДА» қоғамдық қорының директоры Махаббат Еспенова вакцинация төңірегіндегі қазақстандықтарды толғандырған түйткілдерді атады. Олар «екпе ескі коронавирус штамында сыналған, мутацияға ұшыраған вирусқа қауқарсыз», «қазір вакцина алатын болсақ, үш-төрт жылдан кейін, тіпті келешекте қандай әсері болатынын білмейміз», «оның орнына белгісіз сұйықтық егіліп жатыр» дегенге саяды.
Енді бұлардың факт әлде фейк екенін електен өткізейік. Бірінші сұраққа байланысты медицина ғылымдарының докторы Ботагөз Кәукенова былай дейді: «Оларды жеке штамм ретінде қарастыратындай, соған байланысты алаңдайтындай мутациялану бола қойған жоқ, яғни олардың түпкі вирустан айырмашылығы бар. Бірақ түбегейлі өзгеріске ұшырамаған. Демек, оны қандай да бір жеке ауру деп қарастыру немесе оған жеке вакцина әзірлеу қажеттілігі туындаған емес».
Әлемжеліде желдей ескен «COVID-19-ға қарсы вакциналар бүкіл адамзатты жоюы мүмкін» деген пікірге «Stopfake.kz» былай түсініктеме беріпті: «Бұл теория доктор Ванден Босшенің ашық хатына негізделген. Босше иммундық қашу туралы жазды. Бұл – адамның иммундық жүйесі вирусты немесе патогенді танып, жоя алмайтын құбылыс. Кейде вакцинация нәтижесінде иммундық қашу байқалады. Бұл мәселені шешу үшін вирустар мен қоздырғыштардың көптеген штамынан бірден қорғайтын полисахаридті вакциналар әзірленді. COVID-19-ға қарсы вакциналар бойынша иммундық қашу жағдайлары әлі тіркелген жоқ».
Ал «Спутник V» вакцинасының құрамында Ресейде шығарылған «Эльбрус» процессорлары бақылай алатын сұйық кристалды чиптердің бары туралы қауесетке Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин нүкте қойды. «Вакцина – сұйықтық, оның чипке айналуы ақылға қонымсыз. Цифрлар туралы білімім бойынша вакцинаның чиптеу құралы екеніне сенбеймін», – деді ол.
БЕДЕУ БОЛЫП ҚАЛМАЙ МА?
Facebook, Telegram, WhatsApp… Бұлардың қай-қайсысында да адамды адастыратын ақпараттан көз сүрінеді. Соңғы күндері енді «екпе бедеулік пен белсіздікке әкеп соғады екен» деген шықты. Оның анығын маманнан артық кім білген?!
«Егемен Қазақстанның» 2021 жылғы 3 мамыр күнгі санында отандық вакцина әзірлеуші ғалымдар тобының жетекшісі, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарьяның сұхбаты жарияланды. Сонда ғалым талай жылдан бері сәбиге зар болып жүрген әйелдің вакцинадан кейін жүкті болғанын жеткізіпті. «Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев мырзадан сұрасаңыздар, нақты айтып береді. Бізге белгілі ақпарат бойынша еріктінің бірі – 43 жастағы әйел. Ол бізге келіп жылап, 20 жыл бойы бала көтере алмай жүріп, жүкті болғанын айтып, алғысын жаудырды», – дейді Күнсұлу Закарья. Газет тілшісіне мұны Жамбыл облысының бас дәрігері растаған. Айтуынша, осындай жағдайдағы тағы екі әйел «QazVac»-тың екі компонентін қабылдағаннан кейін құрсақ көтерген.
Қызылордадағы №3 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Нұрия Жұмағалиева да тәжірибесіндегі жағымды жаңалықпен бөлісті. «Келушілердің бірі екпе алғасын арада екі аптадан өткенде бойына бала біткенін біліп, сүйінші сұрады. Сондықтан оның ерлі-зайыптылардың ұрпақ өрбіту қабілетіне қандай да бір кедергісі бары дәлелденбеген», – дейді медицина өкілі.
«Экомед» адам ұрпағын өрбіту емханасының ғылыми директоры, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова вакцинаның көмегімен сау баланы дүниеге әкелуге болатынын айтып отыр. «Мамандар әуелі екпе салдырып, жүктілікті сосын жоспарлауды қолдайды. Жүктілік кезінде вирустық ауру жұқтыру әйел мен құрсақтағы баланың денсаулығына, өміріне қауіп тудыруы мүмкін. Ал вакцина салдырғаннан кейін пайда болған иммунитет оның деңгейін едәуір төмендетеді», – дейді репродуктолог, дәрігер.
МЕЖЕ – 371 МЫҢ
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының 6 мамыр күнгі мәліметінше, былтырдан бері 5895 адам ауру құрығына ілінген. Өкініштісі, соның 16-сы көз жұмды.Ал ел көлемінде жаппай вакциналау науқаны басталған 1 ақпаннан бергі аралықта COVID-19 вакцинасын қабылдағандар саны 63401-ге жетіп отыр. «Бетпердені шешіп, бұрынғы өмірге қайта оралу үшін аймақта 371 мың адам екпе салдыруы керек. Қазіргі көрсеткіш, әрине, өте аз», – дейді басқарма басшысы Сәбит Пазылов.
Халық үшін қазір «Спутник V», «QazVac» пен «Hayat-Vax» вакциналары қолжетімді. №3 емхана бас дәрігерінің орынбасары Нұрия Жұмағалиева ресейлік препаратқа сұраныс жоғары екенін айтты. «Өзіміздің өнімді қолдайтын елжанды азаматтар да аз емес. Бірақ қандай вакцина болмасын, COVID-19 пандемиясын тежей алады. Адам бойында оған қарсы иммунитет қалыптастырып, келесі жолы ауырған жағдайда оны жеңіл өткеруге көмектеседі. Халықтың 80 проценті екпе қабылдаса, қалыпты тіршілік ырғағына түсер едік. Сол кезде көңіл-күй гормоны да көтеріледі. Бұл бәріміз үшін маңызды», – дейді дәрігер.
Күні кеше елде вакцинаның екі компонентін де салдырғандар үшін бірқатар шектеу алып тасталатыны хабарланды. Олардан енді біраз жерде ПТР сынамасының қорытындысы талап етілмейді. Мысалы, вахтаға келген қызметкерлерден, топтасқан ұжымдарға баратын адамдардан, ауруға байланысты жұмыс орнында болмаған немесе демалыс, іссапардан келген медицина қызметкерлерінен, тәжірибе алдында медициналық жоғары оқу орындары мен медицина колледжінің студенттерінен.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, егер вакцина салдырғандар коронавирус жұқтырғандармен байланыста болып, ол расталса да, оқшауланбайды, бірақ медициналық бақылауда болады. Ал кеңседе жұмыс істейтіндерге қашықтан жұмыс істеудің қажеті жоқ.