Екпеден үрікпейік
Коронавирус пандемиясы жер жүзіндегі пенде біткеннің барлығы бірдей екенін, ешкімнің ешкімнен айырмашылығы жоқтығын көзімізге шұқып көрсетті. Бай мен кедей де, патша мен пақыр да, ақ пен қара да індеттің алдында бірдей. Бөлмейді, жармайды. Кім екеніңе қарамайды. Емі табылғанымен, шекара деген түсінікке бағынбайды. Елден елге, жерден жерге еркін көшіп жүре береді. Індетті жұқтырмаудың, жақындарыңды аман сақтаудың төте жолы қорғаныш бетпердесін тағып, ауруға қарсы вакцина салдыру. Мен өзімді, туған-туысымды жұқпалы дерттен қорғау үшін екпе салдырдым.
Ел ішінде коронавирус пайда болғалы вакцина жайында жиі айтыла бастады. Әлбетте, бұл дертті ауыздықтайтын емнің табылғанын бәріміз де қалайтынымыз анық. Ал вакцина тек коронавирус үшін емес, өзге де қаншама ауруға ауадай қажет. Төтенше жағдайдың қай кезде енгізілетінінен қалың жұрт хабардар деп ойлаймын. Көбіне соғыс жағдайында. Айтқан жерден аулақ, еліміздің шеті бүтін, іші бейбіт. Дегенмен мына індеттің шығыны соғыспен пара-пар болуы мүмкін. Бір адам коронавирус жұқтырса, айналасындағы жүздеген кісіге қатер төндіреді. Мылтық кезенбей-ақ, оқ атпай-ақ адамдар өзінің салғырттығынан, жауапсыздығынан қаншама азаматтың басына қауіп әкеледі. Майдан деген де біз осыны да меңзеп отырмыз. Сол себепті әрбір кісі майданда жүргендей жауапкершілікті сезінуі керек. Әйтпесе, немқұрайлылық сан соқтыруы мүмкін.
Жұқпалы дерт өршіген сәтте барынша төтеп беруге тырыстық. Қиындығы біршама артта қалды. Дегенмен, әлі де босаңсуға болмайды. Себебі, Қызылорда облысы «сары аймаққа» өтті. Ел аузындағы індеттің екінші толқыны өткен жылғыдай үй қамаққа жеткізбесін. Бүгінгі таңда, ауруға қарсы вакцина салу жұмыстары жүргізілуде. Яғни дертке қарсы тұруға қауқар бар. Елдігімізді, тұтастығымызды танытайық. Алақандай жердегі ат төбеліндей ғана халықпыз. Алатайдай бүлінбей, «сен-мен» деп бөлінбей, мына сынақтан барлығымыз бір үйдің баласындай, бес саусақтың саласындай бірігіп өтейік. Біздің алдымызда тұрған басты міндет осы. Ең бастысы – үрейге емес, үмітке қанат бітірейік.
Жадыра Нұрбаева,
Көкшоқы мөлтек ауданының тұрғыны
Көкшоқы мөлтек ауданының тұрғыны