Екпеден кейін демалыс алуға бола ма?
Ахуалға байланысты ауданда шектеу шаралары, оның ішінде карантинді күшейту жұмыстары жүруде. Ал, екпеге тоқталатын болсақ, облыс бойынша I компонентті 15576, II компонентті 3597 адам алған. Дегенмен, әлі де вакцина алуға қарсы тұрғындар жоқ емес. Бұған медицина саласының мамандары не дейді?
Олар екпе алғаннан кейін әрбір тұрғын дәрігер бақылауында болатынын және бұл уақытқа дейін ешқандай шағым түспегенін айтады. Медицина саласының ардагері Үрмия Бейсова ұжымдық иммунитет қалыптастыруда вакцинаның маңызы зор деген пікірде. Алғашқылардың бірі болып екпе салдырған Салтанат Қалмырзаева да «Өкінішке қарай, көпшілік әлі күнге дейін екпеге күмәнмен қарайды. Бұл ретте кәсіби мамандардың кеңесіне құлақ асу қажет. Мен алғашқылардың бірі болып екпе салдырған медицина қызметкерімін. Денсаулығымда ешқандай кінәрат болған жоқ. Бастапқыда сәл ауырсыну болды. Бірақ, бұл қалыпты жағдай» деген ойын білдірді. Сондай-ақ, Салтанат вакцинадан кейінгі күтімге ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты. Екпе салдырғаннан кейін 3 күнге дейін шомылуға болмайды, алкогольді сусын ішпеген дұрыс. Өйткені, бірінші компонентте 26 серотин болса, екінші компонентте 5 серотин бар. Бұл микроорганизмдер ағзаға әсер етеді. Жылы суды көп ішіп, физикалық қозғалысты азайтқан абзал.
Бұдан бөлек, ел арасында «Вакцинадан кейін демалыс алуға бола ма?» деген сауал туындауда. Оған жақында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі жауап берді.
– Вакцинадан кейін қандай да бір жанама әсер пайда болған жағдайда арнайы 30 минут беріліп, адам бақылауда болады. Дәрігерге жүгіну керек, симптомдар білінсе, еңбекке жарамсыздық парағын аштыра алады. Мұның бәрі жеке-жеке қаралады. Ал, вакцинадан кейін барлығына жаппай демалыс беру мәселесін қарастыру тиімсіз деп ойлаймын, – деді Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Елімізде ахуал күрделі болғандықтан, індетпен күрес қарқынды. Аймақтың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова да тұрғындарды сақтықты естен шығармай, карантин талаптарын аттамауға шақырады. Бұл ретте жоғарыда айтқан вакцинаның мәні зор дер едік. Оны алу өз еркіңізде. Десе де, қауіпті сейілту үшін маман кеңесіне құлақ түрген абзалырақ.