Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастармен жұмыс жаңа көзқарасты қалыптастырады

Жастармен жұмыс жаңа көзқарасты қалыптастырады


Жастар – қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Бұл оймен дауласудың өзі артық. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі – жастарға қолдау көрсету. Ал, аудандағы жастар саясатының жүзеге асу барысы қалай? Бұл турасында аудандық жас­тар ресурстық орталығының директоры ­Шахмардан Нығметовпен әңгімелескен болатынбыз.
Ең әуелі статистикалық мәліметтерді сөйлетсек, Шиелі ауданы бойынша 14 пен 29 жас аралығында 20846 жас бар. Оның 41,8 проценті кентте орналасса, 58,1 проценті ауыл жастары. Сондай-ақ, олардың 414-і жұмыссыздардың тізімінде. Аудан халқының 25 процентін құрайтын жастардың қоғамдық істерде белсенділігі жоғары. Оған өткен 2020 жылы пандемия кезінде де куә болдық. Барлығының есінде жұқпалы дертпен қалған сол жылы «Еріктілер» де сыналған кез еді.
– Иә, ақын, педагог М.Жұмабаев айтпақшы мына қоғам «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жалындаған жастарға иек артады, соларға сенеді. Еліміздің өсіп өркендеуі үшін, жас мамандар ойының ұшқырлығы, тың идеялары өте маңызды. Қандай мамандық иесі болса да, өз істеріне жауапкершілікпен қараған адамның, жетер жетістігі де өте көп болмақ. 2020 «Волонтерлер жылына» орай, волонтерлық жұмысты кеңінен жастарға насихаттау мақсатында кент және ауылдық округтерде, мектептерде 46 кездесу, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Натижесінде, «Жастар ресурстық орталығы» жаныннан құрылған «Еріктілер» тобының ұйымдастыруымен 32 – тазалық акциясы, 35 – қайырымдылық акция­­сы, 27 – жалғыз басты қарттарымыздың үйіне барып көмектер көрсетілді, – деді Ш.Нығметов өткен жылғы жұмысты саралап.
Ал, биылғы жылы жастар саясатын дамыту бағытында түрлі форматтағы 12 шара ұйымдастырылды. Әр айдың сенбі күндері аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі, ҮЕҰ-нің мүшелері, жергілікті полиция тобының ұйымдастыруымен кәмелеттік жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілінің қарауынсыз көшеде жүруіне тосқауыл қою, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудан орталығындағы жастар көп шоғырланатын орындарда, орталық алаңда, букмекерлік орталықтар, түнгі клубтар мен ойын-сауық орталықтарында 12 мәрте түнгі рейд жұмыстары жүргізілгенін де тілге тиек етті.
– 2021 жылға мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 19 млн 812 мың теңге қаржы бөлінді. Жалпы орталықта 7 қызметкер болса, ауылдық округтерде 23 жас маман жұмыс істейді. Ал аудандағы жастардың жұмыспен қамтылу барысы қандай?
– Жастармен жұмыс істеу жаңа көзқарасты қалыптастырады. Олар жаңашылдыққа, тың идеяға толы болады. Ағымдағы жыл басынан халықты жұмыспен қамту орталығына 805 жас азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелді. Жұмыс іздеуші ретінде тіркелген жастардың 431-і, яғни 53,5 проценті тұрақты жұмыспен және жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Атап айтар болсақ, «Еңбек» бағдарламасы аясында тұрақты жұмысқа – 211 жас, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бағытында мемлекеттік грант – 19 жас, шағын несие – 6 жас, жастар тәжірибесіне – 92 жас, әлеуметтік жұмыс орындарына – 14 жас, ақылы қоғамдық жұмысқа – 187 жас тартылды, – деді Ш.Мақсұтұлы.
Жыл басында облыс әкімі Г.Наушақызы Шиелі ауданында «Жастар орталығының» арнайы ғимараты ашылатынын айтқан болатын. Бұл қуанышты хабардың да ауылы алыс емес екен. Жас та болса жалын-жігерімен түрлі ауқымды істерге ұйытқы болған орталықтың басшысы 2-3 ай көлемінде жаңа ғимаратқа көшуді жоспарлап жатқанын жеткізді. Осыдан біткен істің өзі бір төбе екенін аңғарғанымызбен, алдағы жоспардың ауқымы одан да көлемді десті. Алдағы уақытта ерікті жастардың саны мен сапасын арттыру мақсатында қолға алынар істеріне сәттілік тілеуден басқа айтарымыз жоқ.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
03 сәуір 2021 ж. 473 0