Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ФОНОГРАММАҒА НҮКТЕ ҚОЙЫЛА МА?

ФОНОГРАММАҒА НҮКТЕ ҚОЙЫЛА МА?


Фонограммамен ән айтып, эстрада да жұлдыз болып жүргендер көп қазір. Жасыратыны жоқ саны көп, сапасы төмен әншілер қаптап кетті. Кейде тіпті басқа әншілердің дауысымен орындалған әндерді ұялмай айтатындар тағы бар. Дегенмен көрермен жақсы әншілерді бірден таниды. Бірақ жалған дауыста ән айтып жүргендерге қашан шектеу қойылады?
Қазақта ұялмаған бұйырмағанды ішеді деген сөз бар. Құдды бір қазақ эстрадасына қаратып айтылған ба дерсің. Көмейіне кімнің ұя салғаны беймәлім, бүгінде істемейтін нәрсені істеп, істемейтін микрофонмен ернін жыбырлатып тұратындар көбейді. Жанды дауыс­та ән айт десе, жаны шығып кете жаздайтын жұлдыздардың арасынан шын талантты тауып алу қиын болып тұр. Киелі сахнаның құтын қашырып жүргендерге жақын арада арнайы заң да шығып қалар деген үміттеміз.
Бұл мәселені министр Ақтоты Райымқұлова бұған дейін бірнеше рет қозғаған. Министрдің айтуынша, Димаш Құдайбергеннің ізімен өзге елдегі жарыстарда жүлделі орын алып жүрген жастарымыз ән айтудың өзектілігін көрсетіп отыр.
«Фонограмманың түрі көп. Біздің министрліктің көзқарасы: өнер таза болуы керек және эстрада да жанды дауыспен айтылуы керек», - деген еді Ақтоты Райымқұлова.
Иә, фонограммамен ән айтуға тыйым салынған елдер де жоқ емес. Мәселен, АҚШ-та фонограмманы заңсыз қолдану, концерттік іс-шараларды рұқсатсыз өткізу алаяқтық болып есептеледі және заңмен қудаланады. Қытайда фонограмманы қолданған әншіге айыппұл салынса, Түрікменстанда фонограммамен ән айтуға 2005 жылдың тамызынан бері шектеу қойылған.
Ал көршілес өзбек елінде 2015 жылдың шілде айының аяғынан бері фонограмманы қолдануға тыйым салынған. Ұлыбритания, Малайзия, Индонезия мемлекеттерінде әншінің деңгейі лицензиялау арқылы шешіледі. Ал Қытай елінде әншілер фонограммамен ұсталса, ауыр айыппұл төлейді.
«Батыста, Еуропада фонограммамен ән айту өліммен тең. Германияда өнерпаздар фонограммамен ән айтуға өлердей қорқады. Өйткені ұсталған жағдайда «фонерщиктерге» абақтыға қамау қарастырылған.
Ресейде ресми түрде фонограммаға тыйым­ салынбаған, бірақ бұл дерт жаңа жайыла бастаған кезде орыстың қылмыс әлеміндегі беделді тұлғалары Ресей «фанерщиктерін» бірден тәубесіне келтірген.
Олар «фонерщиктерді» көңіл көтеру мерекелеріне жинап алып, оларға түнімен ән айттырыпты. Кетерінде қолдарына ксерокс көшірмесінен өткізілген жалған доллардың бір бумасын ұстатып қоя берген. Бұдан басқа да жазалау тәсілдерін қолданған.
Не десек те, жанды дауыста ән айтқан әншінің мерейі қашан да үстем. Сондықтан фонограммамен ән айтатын өнер иелерінің ғұмыры ұзақ болмасын біле жүрейік.


Сымбат Серікқызы
26 наурыз 2021 ж. 477 0