Балалардан үйреніңіздер: Димаш Құдайберген жанды дауыспен ән айтпайтын “жұлдыздарды” сынап тастады
Қазақстанды әлемге танытқан Димаш Құдайберген жанды дауыста ән шырқамайтын кейбір жұлдыздарды балалардан үлгі алуға шақырды.
Әнші инстаграм парақшасында «Бақытты Бала» атты бірінші халықаралық конкурстың аяқталуы туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.«Міне, əне-міне дегенше “Бақытты бала” атты бірінші халықаралық конкурс аяқталды. Осы конкурстан соң-ақ мен эстрада өнерінің шынайы жарық жұлдыздары өсіп келе жатыр деп сенімді түрде айта аламын. Кейбір “жұлдыздарға” жанды дауыста əн шырқауды осындай балапандардан үйреніңдер дегім келеді. Егер, осы сөзіммен біріңіздің көңілдеріңізге қаяу түсірген болсам, кешірім сұраймын, алайда шындықтың жолы сара жол, ол айтылуы тиіс. Мына видеода Наргиз бен Ержан. Екеуі де Гран при иегері. Шын жүректен құттықтаймын. Жалпы Барлық үміткерлер бары мен жанын салды. Біз сендермен əрдайым мақтанамыз. Тек қана сəттілік тілейміз. Жеңісті күндерде кездескенше аман-сау болыңыздар»,-деді Димаш Құдайберген инстаграм парақшасында.
Сонымен қатар, оқырмандардың басым көпшілігі де әншінің бұл сөзін қолдап, жанды дауыста ән шырқамайтын жұлдыздарды сынға алды.
«Əрбір сөзің “тайға таңба басқандай” өте орынды! Жас болсаң да осындай ақылмен шынайы, орынды айтқан лебізіңе рахмет. Кейбір жасы келген аға – апаларыңның сенен үлгі алуына болады деп ойлаймын! Бұл жоба өте биік деңгейде өтіп, жас таланттардың өнерлеріне тəнті болдық! Келесі жылы да осы ” Бақытты бала’ конкурсы жалғасады деп тілеймін!»,-деген пікір қалдырған оқырмандар.
«Біздің “жұлдыздар” жұлдыз деп өздерін өздері атап алған ғой»,-деді тағы басқалары.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласында Қазақстан, Ресей, Украина, Өзбекстан және Грекияның жас музыкалық дарындарының қатысуымен өткен Baqytty Bala-2018 эстрадалық әнінің бірінші халықаралық байқауы өтті.
Аталған сайыста екі үміткер Гран-придің жеңімпазы атанды. Олар Ақтөбенің атынан шыққан жас дарын Наргиз Жанұзақова мен Орал қаласынан келген Ержан Максим. Бас жүлде ретінде жас әншілердің әрқайсысына бір миллион теңге берілді.
Сондай-ақ, аталған эстрадалық әндер байқауына барлығы 20 елден 420 жас дарындар қатысқан. Оның ішінде 20 бала іріктеу кезеңінен сүрінбей өтті.
Stan.kz