Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Асқар Мұқият: Саф өнер жаны таза адамнан ғана шығады

Асқар Мұқият: Саф өнер жаны таза адамнан ғана шығады

ÐÑÒÐ°Ñ ÐÒ±ÒиÑÑ: Ð¡Ð°Ñ Ó©Ð½ÐµÑ Ð¶Ð°Ð½Ñ Ñаза адамнан Òана ÑÑÒадÑАсқар Мұқият – "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының солисі. Ол – орындаушылық шеберлігімен тыңдарманның зор ықыласына бөленіп жүрген дәстүрлі әнші. Дәстүрлі ән өнеріне жаңа серпін әкелген өнерпаз көптеген ірі республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты ретінде танымал. Ә.Найманбаев атындағы Республикалық әншілер конкурсында және Халықаралық "Шабыт" шығармашыл жастар фестивалінің бас жүлде иегері атанған. Сондай-ақ өзге түрлі республикалық және халықаралық додалардың жүлдегері. Талантты әнші Ұлы Дала елінің музыкалық дәстүрін Еуропаның Аустрия (Вена), Словения (Марибор), Сербия (Белград), Словакия (Братислава), Венгрия (Шапрон), Франция (Париж, Кан), Белгия (Брюссель), Иордания (Амман), Египет (Каир), Ресей (Мәскеу) елдерінде жоғарғы дәрежеде танытып жүр. Репертуарына бірқатар қазақтың дәстүрлі әндерін жиған Асқар Нұр-Сұлтан қаласында "Бабадан қалған аманат" атты Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған концертін ұсынбақ. Осыған орай жас өнерпаз өз өнер жолы, дәстүрлі өнердің бүгінгі жайын айтып берді. "Бабадан қалған аманат" концертінің өзге дәстүрлі өнерді паш ететін концерттерден ерекшелігі қандай? Концертте Абайдың 175 жылдығына орай деген атау ғана болмайды, хакім Абайдың әндері де орындалады. Өзге дәстүрлі орындаушылармен дуэт айтылады. Концерттің ерекшелігі – бірінші блокта дәстүрлі әндер айтылып, екінші блокта опералық әндер орындалады. Операға бет бұрып, ден қойғаным жоқ, бірақ бұл маған қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Опера сахнасында да ән сала алатын қабілетімді бұған дейін ұстаздарым да айтқан еді. Сондықтан жаңа бағытта да өзімді сынап көргім келеді. Концертте халық әндері, А.Құнанбайұлының және жаңа заман композиторларының туындылары орындалмақ екен. Сіздіңше қазір өз бағасын алмаған, әлі де халық арасында танылуы тиіс деген туындылар бар ма? Қазір көп айтыла бермейтін, өз бағасын алмаған туындылар көп. Дәстүрлі өнердегі барлық авторды дәріптеп, түгендей алмай жатырмыз. Осы концертте де айтылмай жүрген тың дүниелерді алып шығуға жүрексіндім, себебі өнер жолым енді бастылып келеді. Концерт үлкен де емес, кішкентай да емес, орта деңгейде өтеді. Шынымен рухани жаңғыруға дәстүрлі өнер қалай үлес қоса алады? Ең алдымен осы дәстүрлі өнер үлес қосуы тиіс деп ойлаймын. Біздің дәстүрлі ән – ұлттық классикамыз, қазақтың қазақ екенін білдіретін нәрсе. Шын рухани жаңғыру үшін қазақтың дәстүрлі өнерін классикалық деңгейге шығарып, философиясын, мәнін, мағынасын жеткізе алып, үлкен сахна мәдениетіне алып келсек жеткілікті деп ойлаймын. Өнерде бой түзеп, үлгі алатын орындаушыңыз бар ма? Кей адам сахнада басқа адам, сахна сыртында басқа адам болып шығады. Ал негізі жаны таза адамнан таза өнер шығады. Маған бұйырған бақ шығар, маған ұстаздық еткен барлық адамның жаны сондай бір таза, пейілі кең, адал жандар болды. Ұстаздық еткен әр барлығын үлгі тұтамын. Бабыңызды жоғалтып алмау үшін не істейсіз? Қалай шыңдалып отырсыз? Домбырамды қолға алып, айтып жүрген әндерімді күнде қайталап отырамын. Тамаққа суық тигізіп алмауға тырысамын, бірақ соншалықты дауысымды күтемін деп айта алмаймын. Кейінгі кезде жастар арасында халық әндеріне деген қызығушылық азайып бара жатқандай, ұлттық өнердің насихатын кеңейту үшін не істеу керек, жалпы ұрпақтың бойындағы ұлтжандылықты қалай дамытуға болады? Ән, жыр, күй, терме болсын жалпы дәстүрлі өнер жайлы көп кісінің айтатыны – "көп ұлықталмай жатыр", "көп жерде шет қалып жатыр". Оған өзім келісе қоймаймын, өйткені қазір ұлттық өнерді көтерсек деп жаны ашып жүрген азаматтар өте көп. Дәстүрлі ән болсын, күй болсын, кез келген өнерімізді өз қалпын жоғалтпай, жаңа бағытта жеткізіп, ұсына білсек болғаны. Дәстүр осы екен деп, бұрынғы ата-бабамыз сияқты орындау шарт емес. Қазір тыңдарманға жаңа дауыс, жаңа бағыт керек. Бірақ оның өз дәстүрлі сыпатын жоғалтып алмау біздің парыз. Кейде есті әндерді, есті тыңдарманға жеткізу үшін жаңа сарында орындап, эстрадаға да жүгінетін кез болады. Эстрада болған да тарсыл-гүрсіл емес, қазіргі әндердің ырғағына сай аккомпанемент жасап ұсынсақ, ол басқаша қабылданады. Сондықтан қазіргі жастарға дәстүрлі өнерді ұсынудың бірден-бір жолы осы деп білемін. Қаны қазақ адам қанша шетелдік музыкаға еліктегенімен өз тамырынан ажырап кете қояды деп ойламаймын. "Жастар жылы" аясында өтетін кеш 21 маусымда "Қазақстан" орталық концерт залының камералық залында сағат 19.00-де өтеді. Концертке республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Әйгерім Алтынбек (сопрано), Қайсар Мұхтар (бас), Айымгүл Сыздықова (фортепиано), дәстүрлі әншілер Айзат Қарабек, Фариза Іргебаева және "Астана сазы" этно-фольклорлық ансамблі қатысады.

Massaget.kz
19 маусым 2019 ж. 708 0