Шапан жапса қуанамыз
Тарихтың талай тар жол, тайғақ кешулерінен өтіп, осы заман, осы күнге дейін талай теперіш көріп келген ұлт басына енді жаһандану деген алапат тасқыннан қорғану қажеттілігі туды. Сондықтан кей-кейде ұлтымызға тән қасиеттерімізді түгелдеп, ұлықтауға талпынатынымыз бар. Сондай жақсылықтың нышаны көбінде Наурыз мерекесіне байланысты аңғарылатыны рас.
Бәз-біреулер ұлттық бет-бейнені ұлттық киім киіп «еске түсіріп», ұлттық болмыстың айнасындай салт-дәстүр, әдет-ғұрыптармен мерекелік іс-шаралар үстінде танысып жататыны жасырын емес. Тіпті, жыл он екі ай бойына өз-өзімізді танудың басқа бір мүмкіншілігі жоқ сияқты бүкіл қоғам болып осы «әдетті» үрдіс етіп алғандай жайымыз бар. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» дегендей жылында бір жарқ етер бұл сәулелі шақ үшін де шүкірлік дейміз.
Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашындай болып қайта оралған Наурыз мейрамымен бірге қазақтың шапаны да кеңінен қолданысқа қайта оралғаны белгілі. Наурыз тойланған жерде қыз-келіншек көйлек, қамзолмен, әжелер жағы кимешек, ер-азамат шапан, мұрақпен сықиып шығатын болды. Содан «шапан жабу» дәстүрі қайта оралып, кеңінен қолданысқа түсе бастады. Сонымен қабат көпшілік қолданыстағы шапанның тігілу сапасы да, матасы да төмендеп бұл ауыл-үйдегі той-томалақта алыс-беріске жүретін арзанқол бұйымға жүретін болды. Сөйтіп ақырында кім-көрінгеннің иығына жабылатын, бір қолдан бір қолға өтіп жүретін шапанның қадірі кете бастады. Соның әсері ме екен, кейінгі жылдары Наурызда шапан киетін жұрттың қатары анау тоқсаныншы жылдардағыдан тым азая түскен де сыңайлы. «Жібекті түте алмаған жүн етеді» демекші, ұлттық дәстүрде ерекшелігі бар шапанның қадірін осылай түсіріп алғанымыз бар. Десек те, қазір алыс-берістегі арзанқол «шапан бұйымдары» бұрынғыдай көпшілік қолданыста емес көрінеді.
Әрине, бұрыннан шапан алыс-беріске жүргені рас. Бірақ ол замандағы шапанның жөні өз алдына. Қазіргі арзанқол шапандарды ойлап тапқан біздің замандастарымыз. Ал бүгінгі заман тұрғысында атадан қалған асыл мұрамыздың бірі болғандықтан сән-салтанат нышаны мен алыс-беріс ретінде болса да қадірлі. Ата мұрасының қайсыбірінің қадіріне жете бағалау үшін қадір қасиетін жете білмек керек болар. Ендеше қарапайым ғана шапанның сыр-сымбатына қанығып көрелік.
«Шапан – қазақтың ең көп тараған, аса қастерлі, кәделі сырт киімінің ертеден келе жатқан түрі. Тысы мен астарының арасына жүн немесе мата салынып, сырты шұға, барқыт сияқты әдемі, мықты матадан қапталып, іші астарланады. Сал-серілер мен ауқатты қазақтардың шапандарын тігуге ерекше жібек, барша сияқты бағалы маталар пайдаланылған. Олар көбіне Бұқарадан әкелінген. Шапандардың өңірі алтын жіппен жасалған оқа салып әшекейлеген. Шапанның басты ерекшелігі жағасы, өңірі, жең ұштары әдемі ұлттық ою-өрнекпен кестеленуінде. Кесте өрнектер ер адамның да, әйелдердің де шапандарына салынған. Кейде жиегі әдемі болу үшін бағалы аң терілерінен, басқа қымбат матамен көмкеріледі. Шапанға түйме, әйелдер ілгек, қапсырма қадайды немесе сыртынан белбеу буынады. Шапандардың күз бен көктем, жазда киетін қалың, жұқа түрлері бар. Дәстүрлі шапан ұзындығы тізеден сәл төмен, жеңінің ұзындығы саусақ ұшын жабуы керек.
Шапанның әлеуметтік белгі ретіндегі формалары да болған. Мысалы хандардың атқосшыларының шапанының етегі алдыңғы жағынан ойық болған. Бұл шапан етегі түрулі деген мағынада. Пішілуіне қарай сырмалы шапан, қаптал шапан, қималы шапан, кең қолтық ұзын жең шапан сияқты түрлері болса, әлеуметтік ерекшеліктеріне орай зер шапан, оқалы төре шапан деген түрлері бар. Тігілген матасына қарай мақпал, шибарқыт, пүліш т.б. айтылатын болған. Жаздық жұқа шапан жалаңқабат шапан аталған. Шапанның сондай-ақ аймақтық өзгешеліктері де болған. Ұлы жүздің шапандары көбінесе жолақты, жеңдері ұзын, ашық жағалы келген. Орта жүздің шапандары көбіне бір түсті матадан сырусыз, етегі шалғайлы, жеңі кең, жағасы шолақ ойма, түймелі келген. Кіші жүздің шапандары да шалғайлы, жеңі ұзын және кең, жүн тартқан қалың қайырма жағалы болып келген. Күнделікті тұрмыста киілетін шапан тысы берік қымбат емес маталардан жасалған. Оған әшекей ою-өрнек салмай тіккен. Шапанды ерлер де, әйелдер де, балалар да киеді. Шағи деп аталатын аса қымбат матадан немесе басқа жібек тектес матадан әйелдердің тойға, мерекеге киетін шапаны болған. Шағи шапанды кестелеп, әдемі етіп тіккен. Ерлердің киімінің ішінен киетін жұқа, қысқа шапаны «іштік» деп аталған. Ол көбіне тік жағалы, денеге қонымды етіп тігілген. Ол ішік, тон, күпі ішінен киілген. Белбеу тағылмайтындықтан екі-үш түйме қадалған. Етегінің ұзындығы тізеден, кейде одан төменірек. Егде ер кісілер жазда киетін жағасыз, жұқа, сырма шапандар – «қаптал» деген. Жеңі шынтаққа дейін тірсек жең шапан аталған. Іштік шапанға жататын шапанның бұл түрін егделеу әйелдер, ер-азаматтар киген. Олардың екі артқы қалтасы мен төс қалтасы болған. Ерлерге арналғанының жағасы тік, әйелдікі қайырма жағалы болып, етегі сырылып, өңірі кестеленген. Түйе жүнін майдалап түтіп қалыңырақ салған, сырып тігілген шапан – «күмпей» деп аталған. Құнды матадан орама жағалы, кең, ұзын етіп, жағасы, өңірі, етегі айнала кестелеленіп, жүн мата салынбай тігілген сал шапанды мырзалар киімнің сыртынан киген екен. Қазақ халқында сыйлы қонақтарға тарту-таралғы, сый-кәдеге жүрумен қабат, төлем түрінде де (ат - шапан айып, шеге шапан) жүрген. «Шеге шапан» кәдесі құда болуға баталасқан екі жақ келіскеннен кейін қыз әкесі жаушыға жабады. Бұл уәде пісті деген сөз. «Жаушы» жігіттің үстіндегі шеге шапанды көріп, жұрт шашу шашып қарсы алған екен. Отбасылық ғұрыпта шапанның қызметі мұнымен шектелмеген. Қалың малға берілетін кәделердің ішінде шапанның орны бөлек. Баланы сүндетке отырғызған адамға берілетін сый ретінде де кейде шапан жүрген. Қазақ тұрмысында шапанның маңызын көрсететін дәстүрдің бірі – шапан кигізу, иығына шапан жабу дәстүрі. Хандар жақсы қызметі үшін адамдарға қадірлі сый, дәреже бергенде иығына шапан жапқан. Мұндай шапандар арнайы тіктірілген. Ханның өз иығындағы шапанды кигізуі үлкен мәртебе саналған. Бай – шонжарлар ақын, серілердің өнері үшін шапан кигізген. Бір елмен ел арасындағы елшілікте де құрметті сый ретінде шапандар жіберілген» дейді ғылыми деректер.
Ия, қарап отырсақ, бір ғана шапанның астарында қаншама тарих, салт-дәстүр жатыр.
Ал енді осы ұлттық дәстүрлі киіміміздің қазіргі уақытта түр-түрі шығып жатыр. Бірінде тастармен көмкеріліп безендірілсе, бірінде сырмақпен ою-өрнек салынған. Және бағасы қол жетімді деуге келмейді. Себебі, барлығы да тігін цехынан емес, жеке адамның туындысынан, қолөнер шеберлігінен шығады. Аты атақты болған сайын дизайнерлер әрбір туындысын брендке балап, сомасын ойлаған бағаңыздан 10 немесе 100 есе шарықтатып айтуы бек мүмкін. Мұның себебін сұрасаңыз, өз деңгейімен байланыстырады. Мәселен, Құралай Нұрқаділова, Аида Кауменова сынды дизайнерлердің шапаны, қамзол, көйлектерінің бағасы кемі 300 мыңнан басталады. Өңірлік тігіншілер Айнұр Алиева, Аида Темір сынды дизайнерлерге қолқа салсаңыз 15-30 мыңнан жоғары айтады. Мұндай сомадағы ұлттық киімді әркімнің қалтасы көтермесі анық. Көз майын тауысады, матасы қымбат деп бағасын көтере беретін болсақ, ұлттық киімге деген қызығушылық төмендеп кетеді. Сонда қайтпек керек? Салт дәстүрді насихаттап, рухани жаңғырайық деп жүргенде бұл тоқтаусыз көтерілетін брендтік киімдегі баға мен базар бағасын қалай тоқтатсақ болады?
Ақбота БАЯНБАЙ