Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлыс күні – ұлы той

Ұлыс күні – ұлы той


Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуды мақсат еткен елімізде ерекше құрметпен, ұлттық нышанмен аталып өтетін мерекелердің бірі – Наурыз мерекесі. Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында Наурыздың алғашқы рет тойлануы тек қазақтардың ғана емес, елімізде қоныстанған басқа да түбі бір түркі, шығыс халықтары еңсесін көтеріп, бір түлетті. Биылғы әз-Наурызды асыға күткен ақ халаттылар да ұлыс күніне орай іс-шара ұйымдастырды.
Профилактика және әлеуметтік психологиялық көмек бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Оразбекова және аяжандардың ұйымдастыруымен мерекелік кеш өтті. Әр мереке қарсаңында сан түрлі іс-шара ұйымдастырып, халықпен кері байланыс орнатуды үрдіске айналдырған медициналық-әлеуметтік қызметкер Жадыра Нұрбаева мен емхана психологы Зульфия Жағыпбарованың да еңбегін атап өтуге болады. Жыл сайын скрингтен өту, денсаулықтағы кінәратты анықтау, ауытқуы бар балалармен жұмыс жасау сынды сан түрлі жұмысты атқаратын бөлімнің жұмысы көзге көрінбегенімен, атқарар істері маңызға ие.
Өткен жылдың дәл осы наурыз айы жұқпалы індетпен тұспа-тұс келіп, халық ұлттық мерекені тойлауға мүмкіндік болмады. Карантиндік режим күшейіп, жан біткен төрт қабырғадан шыға алмай қалғаны есте. Міне, бұл жолы барша халық наурыз мерекесін ерекше ықыласпен күтті. Барлық талаптарды сақтай отырып аудандық емханада өткен шара соның бір айғағы. Профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінің барша қызметкерлері аудан халқын Ұлыстың ұлы күніндегі мерекемен шын жүректен құттықтады.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
20 наурыз 2021 ж. 271 0