Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Білікті маман Ақмарал

Білікті маман Ақмарал


Наурыз айының екінші жексенбісі - Жерге орналас­тыру, геодезия және картография күні. Үкімет мұндай шешімді кәсіби күндерді құру шеңберінде қабылдаған еді. Мұның геодезия және картография саласындағы кәсіби қызметкерлер үшін маңызы зор. Геодезия ғылымы біздің заманымызға дейін қалыптасты. Мысалы, 1700 жылы мысырлықтар геодезиялық өлшеу үшін «Папирус Ринд» тәжірибелік геометрия оқулығын құрастырды. Мысырлықтардың геодезиялық тәжірибесін көне гректер де қолданды. Геодезия сөзінің мағынасы грек тілінен аударғанда «жер бөлу» дегенді білдіреді.
Геодезиялық өлшеу жүргізу жұмыстары аумақ пен мемлекеттік шекараны, сондай-ақ, нақты жер телімдерін және азаматтық жер дауларын мемлекет тұрғысынан жайластыру мәселелерін шешу үшін қажет болды. Геодезиялық өлшеу техникасы – мемлекеттің әкімшілік-аумақтығын ұйымдастыру, жер иелену, жерді пайдаланудың құқықтық мәртебесін бекіту, түрлі нысан салу үшін әртүрлі карта мен атластар құрастырудың негізі. Қазіргі тәжірибе бойынша геодезияны – барлық жер бетін немесе жеке бөлігінің көлемін өлшеу арқылы оларды есептеп өңдеу, карталарды, жос­парлар мен көріністерін құрастыру, оларды инженерлік, экономикалық, басқа да мақсаттарға пайдаланатын әдістерді зерттейтін ғылымға жатқызады. Сондықтан инженерлік ғылым ретіндегі геодезия математика мен физикаға сүйенген географиямен де, сондай-ақ, геология, геоморфология мен топырақ зерттеу, егін шаруашылығы мен геоботаника, жерге орналастыру, сәулет және құрылыс жобалаумен тығыз байланысты. Міне осындай маңызға ие маманның бірі – Ақмарал Сақтағанова. Ол «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиалы «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» Шиелі аудандық бөлімінің бас маманы.
Бүгінгі таңда сұранысқа ие 100 мамандықтың ішінде жерге орналастыру, геодезия және картография маманының орны бөлек. Үйлер, коттедждер, тұрғын үй кешендері, жолдар мен өндірістік орындар сияқты, салынып жатқан ғимараттар мен құрылыстардың күрделілігі жылдан жылға өсуде. Сондықтан құрылысты жүргізу дәлдігіне, оның элементтерінің орналасу жағдайына қойылатын талаптар да жоғарылайды. Сәйкесінше осы объектілерді геодезиялық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар да өседі. Сан түрлі талаптардың үдесінен шығып, өз жұмысын қалтқысыз атқарып жүрген Ақмарал Бекахметқызы мереке қарсаңында облыс әкімі Гүлшара Наушақызының алғыс хатын алды. 2008 жылдан бері аудандық «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» бөлімінде жұмыс істеп келе жатқан білікті маманның еңбегі ескерусіз қалмады.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
13 наурыз 2021 ж. 557 0