Кәсібін кеңейткен Балдаурен
Гүл өсіру біздің ата салтымызда бұрыннан бар дүние емес. Біздің тұрмысымызға бұл сала кейін келді. Ата-бабаларымыз көшпенді тіршілік кешіп, көгалдандыруға мән бермегендіктен, қазірде аталмыш сала кенже қалып отыр. Дегенмен гүлді өсірумен қатар оны әдемілеп безендіріп, сатып алушыға дайын күйінде беру де өнер. Бұл мақсатта гүл дүкендерінің алар орны ерекше. Бұрын әдемілеп безендірілген гүл алу үшін сонау облыс орталығына баруға мәжбүр болдық. Қазір жағдай өзгеше. Гүл дүкендері ауданымызда ашылып, елдің мерекені ерекше көңіл-күймен қарсы алуына сеп болуда.
Соның бірі Шиелі кенті, С.Сейфиллин көшесі бойында ашылған гүл орталығы. Жас кәсіпкер Балдаурен Жұманазарұлы ашқан бұл дүкен бұрынғылардан өзгерек. Осыған дейін 2 гүл дүкенін ашып үлгерген кәсіпкердің тындырымды істері талай жасқа үлгі болары сөзсіз. Жаңадан ашылған дүкенде мерекелік сыйлықтар, сан алуан гүлдер халыққа қол жетімді бағада ұсынылуда. Гүл дүкенінің ашылуы да ерекше өтті. Әйелдер мерекесі қарсаңында ашылу салтанатына аудан тұрғындарымен қатар, айтыскер ақындар Мейірбек Сұлтанхан, Ержан Әмір, сазгер Жарасқан Төлебай секілді елімізге белгілі азаматтар қонаққа келді. Сонымен қатар жас кәсіпкерге «Жастар Ресурстық орталығы» КММ-сі атынан арнайы алғыс хат табысталып, мерекелік шара өнер жұлдыздарының ән-кешімен жалғасты.
Рамазан ӘНӘПИЯ