Ырыс-құттың мекені, Гиганттың – Ұлмекені
Мақаламды аты аңызға айналған ырыс-құттың мекенінен бастауды ұйғардым. Өткен күн тарих, соның тереңіне үңілсек көретін дүние өте көп. Қиын қыстау кездерде 18 ұлттың өкілдеріне қыста пана, жазда сая болып бауырына басқан, қайнаған еңбектің көзін тауып ер, әйел демей ұрпақ қамы үшін жангештілікпен отқа күйіп, шоққа пісіп, ырыстың мол қазынасын толтыруда 12 Социалистік Еңбек Ерлерін, 5 Ленин Орден қаһармандарды баулып, көкке жалауын желбіреткен, ССсР Жоғарғы кеңесінің депутаттары Мәлике Басанова, Сартай Маханбетовадай, қазір ортамызда жүрген Қаляш Тұрсыновадай аяулы аналардың даңқын аспандатқан береке дарыған қазіргі Бидайкөл ауылының қойнауы әлі де жақсы мен жайсаңдарға толы.
Әр заманның өз ерлері бар. Тарихты тереңінен толғамай-ақ өзіміз естіген, ерлерден кем түспеген Отан қорғауда отбасын сақтауда білімді, білікті ұрпақтар дайындаудағы, алтын құрсақ қазақтың ой-өрісін, ақыл-парасатын бойына жинаған асыл аналарымыз қаншама. Ықылым заманнан-ақ ел Тәуелсіздігін армандаған халықтың ақылшысы, дем берушісі азаматтардан қалыспай белді буып, атқа мініп, қызмет еткен арамызда жүрген жандар тасада қалмауы тиіс. Осы айтылған сөздерімнің куәсін алыстан іздемей-ақ осы ауылдың топырағын түлетуге, аттап түскен алтын босағасын өсемін, өркендеймін, ана бақытын табамын, елді де бақытты етемін деп үлкен мақсатты алға тартқан, өзі шағын болғанымен ойының тереңдігі теңіздей, жүрегінің кеңдігі кең байтақ даладай бір жан бар. Ол есіктен ене еңбек майданында қайнаған ер азаматтармен қатар атқа мініп, оза шапқан Ұлмекен Назарбекованы аудан халқы түгел біледі десем артық емес.
Ұлмекен мектеп бітірісімен Шымкенттегі КООП техникумының экономист мамандығын алды. Өзі Сұлутөбенің тумасы. 1970 жылы Гигант ауылына тұрмысқа шығады. Еңбек жолын Шиелі аудандық тұтынушылар одағында экономист болудан бастайды. Кейін колхозға шаруашылыққа ауысады. Колхоздың сол кездегі басшысы К.В.Хван кішкентай ғана келіншектің ширақтығын байқап, алғашқы да бухгалтер етіп қабылдады. Кейін зеректігі мен тиянақтылығы бас экономисттікке алып келді. Көп жылдар колхоздың есеп-қисабын жүргізген Ұлмекеннің бойындағы екінші бір қырын таныған ауыл, аудан басшылары сол ауылға әкім етіп тағайындайды. Алғашқы әйел әкімдердің бірі осы – Ұлмекен еді. Әкім елдің әкесі мен шешесі. Барына да жоғына да жауапты. Ел жүгін арқалау оңай емес. Елімізде тоқырау кезеңі де осы уақыттар аралығында өтті. 6-7 айлап айлық алмаған уақыттар да болды. Өзін-өзі қаржыландырудың да қиыншылығы аз болған жоқ. 1986-1988 жылдар аралығында қосалқы шаруашылық есебінде халықтан ет, сүт, май, жүн т.б. жинауда үйме үй көше жағалауда уақытпен санаспаған күндері қаншама. Осы сатылардың бәрін бастан кешірген Ұлмекеннің 1983 жылы елеулі еңбегі үшін, 1991 жылы «Ерен еңбегі үшін» төс белгісі кеудесінен орын алды. Ұлмекеннің аудан, ауыл көлеміндегі айта берсе игілікті істері көп-ақ. Әсіресе отбасының шырқы бұзылған ене мен келіннің арасындағы қақтығыстар, ағайынның араздықтары сияқ ты келеңсіз жайларға араласу, оларды ымыраға келтірудегі еңбегін ауылы жыр етіп айтады. Ұлмекен зейнеткерлікке шықтым деп қол қусырмады. Сол ауылдағы әйелдер кеңесінің төрайымы. Аудандағы алдыңғы саптан көрініп жүрген Ұлмекен еңбегінің бағасын үнемі алып отырды. Ел ардақтысы Ыбырай Жақаевтың 110-125 жылдығы, Әбділда Тәжібаевтың 110 жылдығы мерекелік төс белгілерімен, аудандық, облыстық, республикалық марапаттардың иегері атанды. 4 дүркін ауылдық кеңестің, бір рет аудандық кеңестің депутаттығына сайланып, халық аманатын қалай арқаласа, әлі де сол қалпынан таймаған, өзінің бірсыдырғы мінез-құлқын сақтаған ел қамқоршысы. Әулеттің, отбасының көшбасшысы.Жолдасы Жолдасбек екеуі дүниеге 3 ұл, 2 қыз әкеліп, барлығына да жоғарғы оқу орнында оқытып әр салада қызмет етуге баулыған азаматтар. Қазір 15 немере мен 3 шөберенің әжесі мен атасы.
Қасымызда қара жерді аман-есен басып жүрген әрбір жан шүкіршілік ете отырып, бір-біріміздің қадірімізге жетуде оның өмірдегі табыстарын, жақсы істерін жариялаған бір ғанибетшілік. «Өзіңді-өзің жаттай күт, жат бойыңнан түңілсін» деген сөздің төркіні осыған саяды. Бір ауданда тұрып осындай үлкен жүректі, таза пейілді, жолының жіңішкелігіне қарамастан ер-азаматтармен тізе қосып, қатар шапқан Ұлмекендей асыл ананың еңбегі құрметтен тыс қалмауы тиіс. Ырыс-құттың мекені – Гиганттың Ұлмекені әлі де көрер қызығың, елге жасар қызметің ұзағынан болсын.
Айжамал Әбдіхамитқызы
штаттан тыс тілші
штаттан тыс тілші