ҚИЫНДЫҚТАРДАН ҚОРҚУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ
– Юрий Алексейұлы аз-кем өзіңіздің өмір жолыңыз жайлы оқырмандармен бөлісіп отырсаңыз.
– Мен 1956 жылы Жітіқара қаласында дүниеге келдім. Әкем Алексей Иванович Қияқтыдағы ГРП -21 мекемесінде бұрғылаушы, анам Антонина Павловна геолог болып қызмет атқарған. Өкінішке орай, шешем 9 жасымда дүниеден өтіп, 5 және 7 жасар қарындастарым Ольга мен Елена үшеуміз негізінен нағашы әжеміздің тәрбиесінде болдық.
– Мамандық таңдауда әке-шешеңіздің өмір жолы үлгі болған сияқты.
– Ия, солай деуге болатын шығар. Өйткені бала кезімізден Қазақстанның үлкен кен орындарын игеріп, көшіп қонып жүрген ата-анамның қиындықтарға мойымай өз ісіне деген адалдығына сүйсіндім. Бір кездері біз 12 шаршы метр болатын бір бөлмеде бес адам болып отбасымызбен тұрған кездеріміз болған. Бірақ соған қарамастан тату - тәтті, бақытты өмір сүрдік.Семейдегі геотехнологиялық техникумда оқыдым, әскер қатарында Германияда қызмет еттім, Қазақ политехникалық институтын бітіріп «Госстройдың» жобалау мекемесіне геолог болып жұмысқа орналастым. Жалпы өзіңіз білесіз геологтар, кеншілер ешқашан бір жерде ұзақ отырмайды. Менде осы кезге дейін 17 рет қоныс аударыппын Наманган, Теміртау, Мойынқұм, Буденовское, Уанас, Қыземшек,
Таукент, Алматы, Астана сөйтіп жалғасып кете береді.
Қай жерде, қандай қызмет атқарғаным жайлы тәтпіштеп айта берудің қажеті жоқ шығар. Өмірімнің есте қалар белестері Степноедағы жер асты сілтілендіру әдісін бірінші рет қолдануымыз, Буденовское-2 кенішін іске қосуымыз, Таукенттегі аффинаж заводын іске қосуымыз және Иіркөлдегі өнімді 5000 тоннаға жеткізуіміз.
– Иіркөл кенішінде өнім өндіруде біраз қиыншылықтар болғанын білеміз, жұмысты жолға қою оңай болмаған шығар.
– Жалпы кадр мәселесінде Иіркөлде ешқашан проблема болған емес. Мамандардың барлығы өз ісінің білгірі. Тек жұмысқа деген ынтаны арттыру, жеке бастан гөрі мекеменің, қоғамның қамын күйттеу және қиындықтардан қорықпауды талап еттім. Құдайға шүкір, қазір жаман емеспіз, жоспар қатарынан үш жыл асыра орындалып отыр. Бұл дегеніміз бірқалыпты жұмыс және болашаққа деген сенімділік.
Менің сенімді көмекшілерім осы өңірде туып-өскен елге танымал азаматтар. Олардың қатарында Мұхтар Жапбасбаев, Табиғат Үмбетов, Мәлік Медетбек, Әбдіманап Өтеев, Қанат Жұмаділов, Әбдіғаппар Нұрымбетов, Мұрат Бегайдаров, Сергей Петров, Дүйсен Тұрғанбеков, Мұрат Ишанқұлов, Нұрбек Қуандықов, Көркем Мырзабаев және басқа көптеген мамандар бар.
– Жергілікті билікпен және бұқарамен қарым-қатынастарыңыз қандай?
– Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевпен жиі кездесіп, мекеменің әл-ахуалы, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы жайлы әңгімелесіп тұрамыз. Ауданның, мекеменің даму үрдісі бойынша қөзқарастарымыз бір жерден шығып жатады. Ауданда болып жатқан іс-шараларға барлық қайырымдылық шараларына өз үлесімізді қосып жүрміз. Қазақта, «Істеген жақсылығыңды жар салып айтпа» – деген жақсы сөз бар. Бұл бағытта қандай шараларды іске асырып жатқанымызды, біз емес жергілікті халықтың айтқаны дұрыс шығар.
Ер жігіттің қадірін іс түскенде білерсің, қара етіктің қадірін - қыс түскенде білерсің демекші, әр адамның өмірінде қиын кездер болады. Сондай жағдайда бір-бірімізге көмек көрсетуіміз – азаматтық парызымыз, ар-ұятымыз сыналар сәт деп білемін. Әлеуметтік салаға көмек көрсету мәселесінде біз әрқашан “Семізбай-U” ЖШС бас директоры Игорь Владимирұлы Цойдың түсіністігі мен оң ықпалын сезінеміз. Біз аудан көлеміндегі барлық әлеуметтік шаралар мен мерекелерді өткізуге әрқашан атсалысып келеміз. Биыл, қазан айында өтетін даңқты диқан Ыбырай Жақаевтың 125 жылдық мерейтойы мен диқандардың «Алтын күз-2016» мерекесіне «Иіркөл» кеніші ұжымы бір кісідей атсалысып, ел абыройын асқақтауға дайын.
– Юрий Алексейұлы қазір кейбір жастар жақсы жалақысы бар жұмысқа тамыр таныссыз, ақшасыз тұру мүмкін емес деп есептейді. Осы пікірге қалай қарайсыз?
– Тамыр-таныстықпен жұмысқа тұруға үзілді-кесілді қарсымын. Бірінші кезекте білімің бағалануы керек. Ал, ақшаның күшімен жұмысқа тұру бұл қылмыс. Ондайға барған адамдар жазалануы керек. Ешқашан жұмысқа орналасу үшін, адам ақша төлемеуі керек. Керісінше, жұмысқа қабылданған адамға біз лайықты жалақы ұсынғанымыз ләзім. Бізде жұмысқа қабылдау ашық түрде конкурс арқылы өтеді. Ол комиссия құрамына аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы, «Нұр Отан» партиясының өкілі және “Семізбай-U” ЖШС, «Иіркөл» кенішінің бас мамандары кіреді. Мен тек талапкерлермен сұхбат жүргізуге қатысамын, комиссияға кірмеймін.
Жалпы, біздер жастар тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз қажет. Біздің кеніште жұмыс істейтін 200 -ден аса адамның тең жартысы 18-29 арасындағы жастар. Олар «Иіркөл жастары» атты жастар ұйымын құрып, тәрбиелік, патриоттық мәні бар біраз шаралар өткізіп үлгерді. Болашақта «Иіркөл жастары» Нұр Отан партиясы «Жас Отан» жастар қанатымен тығыз іскерлік байланыс орнатып жұмыла жұмыс атқаруға дайын.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Мақсұт Ибрашев.
Сурет автордікі.