Елорда маңында қарға батқан киік құтқарылды
Елорда маңындағы Қажымұқан ауылының тұрғыны қарға батқан киікті құтқарып, табиғи мекеніне жіберді, деп хабарлайды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі. «Күні кеше біздің инспекторлар құтқарылған ақбөкенді бостандыққа жіберді. 14 ақпанда Қажымұқан ауылының тұрғыны Мәди Бектасовтан «102» қызметіне қоңырау келіп түскен. Мәди мырза Нұр-Сұлтан – Астрахань тас жолы бойында жабайы ақбөкеннің (киік) қалың қарға батып қалғанын хабарлаған», – деп жазылды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Facebook парақшасында. Сол күні Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекцияның инспекторлары, Целиноград ауданы полиция бөлімінің табиғатты қорғау инспекторы, РМҚК ӨБ «Охотзоопром» инспекторлары бірлесіп ақбөкенді құтқару операциясын жүргізген. «Мәди мырза қарға батқан киікті үйіне алып келген екен. Инспекторлар ақбөкенді Целиноград ауданы Максимовка ауылдық округінде орналасқан «Целиноград» аңшылық шаруашылығы аумағына, олардың табиғи мекеніне жіберген. Мамандардың пайымына сүйенсек, ақбөкеннің жағдайы жақсы, жарақат байқалмаған», - дейді комитет мамандары. Естеріңізге салсақ, бұған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі көпшілікті киіктерге қамқорлық танытуға шақырған болатын. «Соңғы уақытта Қарағанды мен Ақмола облыстарының елдімекендері мен автомобиль жолдарының маңында ақбөкен жиі байқала бастады. Олардың ішінде әлсіреп қалған мүйізді киік (еркек) көп. Бұл 2020 жылдың желтоқсан айында өткен күйек кезеңінің салдары. Бұдан бөлек қалың жауған қар мен күннің күрт суытып, ауа температурасының соңғы 5-6 күнде -40 градусқа дейін төмендеуі де ақбөкеннің жағдайына әсерін тигізіп жатыр. Аталған факторлар киіктердің тіршілігін, азықтандырылуын қиындатып, өміріне қауіп төндіріп жатыр. Жыл басынан бері 14 киіктің өлімі тіркелді», - делінген хабарламада. Айта кетсек, Қазақстанда киіктердің Орал, Бетпақдала және Үстірт популяциясы мекендейді. 2019 жылғы есеп бойынша киік саны 334 мыңға жетті. 2020 жылдың көктемінде енгізілген шектеуге байланысты есеп жүргізілмеген. Алайда 2020 жылғы киік төлінің көп болғанын ескере отырып, қазір олардың саны 450 мыңнан асты деп болжанады.