Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көтермесе көңілді кір басады

Көтермесе көңілді кір басады

Қазақтың халық әні «Сәулем-айда» осындай жолдар бар. Адам өз көңілін өзі көтеру үшін үйінде домбыра тартады, баянда ойнайды, ән салады, би билейді. Тым құрығында ыңылдап әртүрлі әуендерге салып, өздерінше мәз болып жүреді. Ал мәдениет үйлеріндегі іс-шаралар, атақты әншілердің концерттері халыққа шаттық көңіл сыйлайтыны аян. Ән – көңілдің ажары. Күй – халықтың назары. Концерт – көпшіліктің базары. Аудандағы мәдениет саласының қызметкерлері халықтың көңілін көтеру жолында аянбай тер төгіп жатады. Әнші де, биші де, күйші де халыққа өнерімен танылады. Қасиетті сахна талай таланттың тұсауын кесіп, өнер биігіне ұшырып жатыр. Аудандық, облыстық, республикалық байқаулардан жүлделі оралған жерлестеріміз жетерлік. Енді олар осындай додаларда озып шыққысы келеді. Қайтіп? Әрине, жақсы бапталған даярлықтың арқасында. Бүгінде аудан көлеміндегі мектептерде, ауыл клубтары мен мәдениет үйлерінде көркем өнерпаздар үйірмелері жұмыс жасайды. Оған «пәланбай» оқушы, «түгенбай» жастар қатысады» деп жоғарыға ақпар береміз. Егер осы ақпар дұрыс болып, сондағы үйірмелер жұмыс істеп жатса, біздің талантты ұл-қыздарымыздың, немерелеріміздің қандай өнер конкурстарында болмасын, қалай болса солай жеңімпаз атанатындықтарына көзім жетті. Мен оны кеше кенттегі «Арман» мәдениет Үйінде аңғардым.
Мәдениет үйінің ұжымы жылда атқарған жұмыстарына есеп беріп, қорытынды концерт беруді дағдыға айналдырыпты. Оған кент жұртшылығы, өнерпаздардың ата-аналары, аудан әкімдігі мен ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері шақырылады екен. Қандай жақсы. Халық қашаңғы қамыға беруі тиіс? Өз басым ұжымның алға қойған мақсаттарын құп көрдім. Оқушыларға, жастарға эстетикалық, патриоттық тәрбие берудің бір тәсілі – осы көркем өнерпаздар үйірмесі. «Өнерлі өрге жүзеді» дегендей, өнерлі жастар отансүйгіш, алғыр, адал, біреуге жамандық ойламайтын ақкөңіл жандар болып есейеді. Әннен, жырдан, күйден, оқыған-жаттаған көркем сөзінен туған еліне деген патриоттық, елжандылық, ұлттық сезімі оянады. Біздің Тәуелсіз мемлекетімізге адал қызмет ететін болашақ жастарымыз шығады.
Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы қарсаңында жазған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанда тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» деді. Олай болса, біздің рухани азығымыз – әдебиет, өнер, музыка, эстетика, этика. Біз рухани жаңғыра түсуіміз керек. Мәдениетіміз, ана-тіліміз балабақшадан, мектептен, мәдениет ошақтарынан бастау алып жатса, рухымыз да, көңіл-күйіміз де көтеріңкі болар еді. Сахнаға шығып-түсу де, ән салу да, сөйлеу де үлкен мәдениет. Осынау айтқандарымның көпшілігін мен «Арман» мәдениет үйі ұжымы өткізген «Шығармашыл шабыт – Тәуелсіздікке тарту» деп аталған есеп беру концерттік бағдарламасынан байқадым. Олардың тышқан жылға атқарған жұмыстары мен жеткен жетістіктері қорытынды бейнероликпен берілді. Экранда «Әсем саз» домбыра үйірмесі. Жетекшілері: Дәулет Барлыбаев пен Өміржан Мінуаровтар. Үйірменің мақсаты – оқушыларға домбыра үйретіп, ұлттық өнерге баулу. Жетістіктері: «Мәңгілік ел алыптары» республикалық рухани-патриоттық және «Батыс жауһарлары республикалық» жастар мен балалар шығармашылығы байқауларының жеңімпаздары. «Жеті нота» ән және вокал үйірмесі. Жетекшілері: Ұлдана Мүсиева мен Дәурен Беркімбаев. Үйірме мақсаты – халықтық және заманауи үлгідегі әндерді және музыкалық аспаптарда ойнауды игерту, сахналық мәдениеттің дамуына жол ашу. Жеткен жетістіктері: ІV халықаралық «Alash star» өнер додасының, V республикалық «Жарық жұлдыз» балалар өнер байқауының жүлдегерлері. Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өткен «Супер әлемдік талант – 2020» онлайн байқауының және Белорусь елінде өткен Халықаралық фестиваль конкурстың жеңімпаздары атанған. «Арман – асыл аналар» ансамблі жетекшісі: Елдос Сейілов. Үйірменің мақсаты – халықтың ескі және ұмыт бола бастаған әндерін жаңғырту, сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрді насихаттау. Аналар сахнаға ұлттық киіммен, сәукелемен, шолпыларын тағынып шығады. Жетістіктері: «Өнерлі елдің, өресі биік» республикалық ата-аналар өнер байқауының және «Ұлағат болсын ұлыма, ғибрат болсын қызыма!» атты әжелер ансамбльдер арасында өткен облыстық байқауында жеңіс тұғырынан көрінген. «Сырлы бояу» шебер үйірмесі. Жетекшілері: Зухра Баймырзаева. Негізгі мақсаты – Қазақтың ұлттық өнерін тиімді пайдаланып, оны ізденімпаздықпен жаңарта отырып, келешек ұрпақтың бойына сіңіру. Жетістіктері: Balbylaq республикалық «Көктем шуағы» байқауының және Англияның астанасы Лондон қаласында өткен «Супер әлемдік талант – 2020» онлайн байқауының жеңімпаздары атанған шәкірттері. Қыл қалам шеберлер өздерінің салған суреттерін, жасаған бұйымдарымен көрермендерге көрінді. Бүлдіршіндерге арналған ән мен музыка үйірмесі. Жетекші апай Фарида ­Оспанова. Үйірменің мақсаты – бүлдіршіндер бойындағы жеке қабілеттері мен таланттарын дамыту, ән өнерінің қадір-қасиетін ұғындыру. Жеткен биіктері: «Өз жұлдызыңды жақ» ІІ республикалық білім мен өнер онлайн байқауында, сондай-ақ «Ұлы Абайды ұлықтау – Ұрпақ міндеті» атты республикалық білім мен өнер онлайн байқауларының төрінен орын алған. «Арман» би үйірмесі. Хореграф Римма Ералы апай. Мақсаты – оқушыларға денсаулық сыйлап, би қимылдары арқылы олардың дене бітімінің жақсы жетілуіне, мүсін сұлулығына көмектесу. Би үйірмесі сонымен қатар балаларды ұқыптылыққа, эстетикалық талғамын арттыруға, шапшаңдыққа, жылдам ойлануға үйретеді. Шыққан биіктер: «Мәңгілік ел алыптары» республикалық рухани патриоттық байқауында «Арман» би тобы «Crand priz» иеленіп, Алматы қаласына жолдама алады. «Дала өрнектері» атты аудандық байқауда «Бас жүлдені» қоржындарына байлады. «Аманат» көркемсөз үйірмесі де аудандық жарыс­тарда бой көрсетіп жүр. Жетекшісі: Фархад Дакенов. Оқушылары ұлы Абай, М.Мақатаев, М.Шахановтардың өлеңдерін шеберлікпен орындайды. Ал «Сырлы саз» ұлт аспаптар оркестрінің орны бөлек. Оркестрді талантты музыкант Гүлнар Джунаева басқарады. Облыстық, аудандық өнер сайыстарында қазақтың сырлы саздарын, сызылған әндерін, күмбірлеген күйлерін орындап, халық көңілін көтеріп жүрген бірден-бір ұлттық оркестр. Осындай өнерпаздардың өнеріне риза болған аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов жұртшылықты Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық торқалы тойымен құттықтап, осыншама керемет тірлік жасап отырған «Арман» мәдениет үйінің директоры Нұргүл Шалекеева мен көркемдік жетекші Роза Мизамбаеваларға, үйірме жетекшілеріне, өнерпаздарға, өнерді сыйлап келіп отырған көрермендерге дейін алғысын жаудырып, үйірме жетекшілерін түгелдей аудан әкімінің атынан «Алғыс хаттармен» марапаттады. Үйірме жетекшілері лайықты бағаларын алды деп ойлаймыз. Жауапкершілік төрінен көрінген үйірме жетекшілері еңбекақыларын адал алып жатқандықтарын дәлелдегендей болды. Есеп беру кешінде ән де айтылды, күй де тартылды, би де биленді, Абай өлеңдері көркем сөзбен оқылды. Әсіресе, «Әсем саз» домбырашылары мен үйірме жетекшілері қосыла тартқан Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі залды дүр сілкіндірді. «Арман» би тобының «Қоңырау», «Түрік билері», «Арман – асыл аналар» ансамблі орындаған халық әндері «Сәулем-ай» мен «Ой-көк», бүлдіршіндер шырқаған «Тәй-тәй» әндері көрермендердің есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Бүгін бір шабыттың шалқыған күні болды. Өнерпаз оқушылар да құлпырып кеткендей. Барлығы көңілді, ерекше ынталы, сахнаға шыққандарына қуанып, шапқылап жүр. Мынадай беріліп жатқан өнер тәрбиесі өнерпаз оқушылардың шығармашыл шабытын танытты. Олардың деңгейі жоғары. Соны аңғарған аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы – Гүлшат Мақан, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Нәйла Палымбет, «Арман» мәдениет үйінің директоры Нұргүл ­Шалекеевалар да өнерлі оқушыларға өз тараптарынан рақметтерін айтып, грамоталарын табыс етті.
Өскелең ұрпақтың тамырына рухани нәр беретін, мәдени дүниетанымдық құндылығы бар, балалардың жарқын болашағына жол ашатын Көкшоқыдағы «Арман» мәдениет үйінің өнегелі ісі, өзгелерге үлгі болса дейміз.

Өркен ИСМАИЛ,
ҚР мәдениет қайраткері

06 ақпан 2021 ж. 753 0