Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 21 бекет: жаңа лайықты атау

21 бекет: жаңа лайықты атау

Сейсенбі күні редакцияға Алмалы елді мекеніне қарасты 21 бекет тұрғыны теміржол тораптық ардагерлер төрағасы Тәңірберген Ақпанов келді. Жағдай білісіп, жөн сұрасқаннан кейін ақсақал редакцияға ат басын бұрғандағы бұйымтайын айтқан еді. Екеу ара әңгімені бастамас бұрын аз-кем анықтама бере кетсек. Естеріңізде болар президент Қ.Тоқаев еліміздегі атауы көнерген елді мекендерге жаңаша ат беруді тапсырғанды. Бұл ретте кешегі Кеңес үкіметінің сарқыншағы сақталған елді мекен атауларына ерекше мән беріп, оларды қазақы һәм тарихи жер, су аттарымен атау басты назарға алынған еді. Президент пәрменінің арқасында өңірдегі 2 елді мекен мен 2 шағын бөлімшенің атауы өзгеріп үлгерді. Сонымен, өткен жылдың желтоқсанынан бастап төңіректегі Төңкеріс – «Тұран», Гигант – «Бәйтерек» ауылдық округі болып өзгерді. Ал Ақмая ауылдық округіне қарасты баяғы Полуказармаңыз «Қосарық», Алмалыдағы Лесхозды бұдан былай «Тоғайлы» деп таныстыратын боламыз. Ендігі кезек сол Алмалының тағы бір бөлімшесі 21 бекетіне жеткен көрінеді. Бас басылымның босағасын аттаған мейманымызды мазалаған да осы мәселе екен.
Тәңірберген ақсақал ауылда 21 разъезд атауын өзгертуге байланысты ауыл тұрғындары арасында қызу талқылау жүріп жатқанын тілге тиек етті. Тұрғындардың басым көпшілігі ауыл атын «Жерұйық» деп атауды жөн көріп отыр. Өз басым Жерұйық пен 21 бекетті сабақтастырып тұрған тарихи дәлелді байқамадым. Әрине, «Жерұйық» қазақтың ертеден келе жатқан мағыналы сөздерінің бірі. Оған ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ, Жерұйықтың біздің ауылға қатысы қанша, алдымен оның қандай мағынада, нендей мақсатта айтылғанына мән беру керек емес пе? Қазақ жерұйық деп адам қолымен жасаған жерді айтпаған. Керісінше Құдайдың назары түсіп, табиғат сыйлаған кереметтері мол жерді жер жәннатына теңеп Жерұйық деген. Иә, президент ауылдар байырғы тарихи атаулармен аталсын деді. Дейтұрғанмен, әр елді мекеннің өзіне тән тарихы бар. Бұл жерде біз ауылдың тарихына зер салып, соны басшылыққа алып, елді мекенге қатысты тарихи орындар мен жер, су аттарын ауылға беруіміз керек – дейді ақсақал.
Әсілі, Жиырма бір тұрғындары Жерұйық атауын қоярда кешегі «Асан қайғы мінген желмая Шиелі топырағына келіп шөккен екен» деген аңызға жүгінген секілді. Бірақ, Тәңірберген Ақпаев Жиырма бірдің өз тарихы барын айтып, аңыз-әпсананың ақихат екеніне күмәнмен қарап отыр. – Менің кіндік қаным осы ауылда кесіліп, 1958 жылы 21 бекеттегі 1 сыныпқа бардым. ­Жастайымнан ауыл үлкендерінің сөзін тыңдап, ауыл жайлы айтқан шежірелі әңгімелеріне қанық болып өстіп. Ауылдастарымның жан-жақты ақылдасып, кеңеспей аттан түскендей болып ­ауыл­­ды «Жерұйық» деп атаймыз дегендеріне көңілім толмады. Бұл ел-жұрт бір ауыздан келісімге келіп, бірлесіп шешетін мәселе. Жеке басым ат қоюға келгенде мына екі нәрсені ескеру керек деп есептеймін. Бірінші – сол ауылда туып өскен тарихи тұлғаларының есімін ауылға беру. Бірақ, қазір адам аттарын ауылға беруге рұқсат жоқ. Екіншіден – ауылдың ежелі атауына қайта оралу. Өзім тұратын 21 бекеті ауылының тарихына үңілер болсақ, бұрынырақта «Қарағай көпір» деп аталған. Ауылдың бұлайша аталуы себебі де жоқ емес. Ертеректе осы разъезден бастау алып, ауылдың үстімен және төмендегі Қарағай көпір арқылы қазіргі Жансейт, Ортақшыл елді мекеніндерінің тұсымен дарияға дейін теміржол тартылған. Үлкендер біледі, Жансейіттен Ортақшылға дейін «Дүрбі жол» деген болған. Сол «Дүрбі жол» кешегі салынған темір жолдың үстімен жүрген. Тіпті, дарияның арғы бетіне дейін темір жол тартылып, әйгілі Таштопқа барған. Міне осындай ауқымды жұмыстардың барлығы біз сөз етіп отырған «Қарағай көпір» арқылы біткен. Көпір жансыз болса да, мәңгілік есте қаларлықтай аты бар тарихи орын екені сөзсіз, – дейді Тәңірберген Ақпанов.
Жалпы, ақсақалдың сөзінің жаны бар. Ауылға ат қоюда сұлу сөз қуалап қателеспей өткен тарихпен санасып, тонның ішкі бауындай бір келісімге келген жөн. Сосын аудан басшылығы Жансейіт, Қосүйеңкі, Тоғайлы, Қосарық секілді ауылдарға алдағы уақытта көңіл бөліп, ол жақтағы жұртқа заман талабына сай жағдай жасауды жөнге салса дейміз. Әйтпесе, ауданнан бөлінген қаржы ауылдық округтерден әрі аспай, жоғарыда атап өткен бөлімшелер бөлекетеніп қалып жататынын жиі байқаймыз.

Елдос Айтөреұлы
29 қаңтар 2021 ж. 555 0