Төңкеріс – «Тұран», Гигант – «Бәйтерек» деп өзгермек
12 қараша күні «Nur Otan» партиясы аудандық филиалында кезекті қоғамдық кеңес отырысы өтті. Жиынды облыстық ішкі саясат басқармасының жобасы аясында «Асыл мұра – Орда» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Саяси кеңеске облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Көбегенұлы және аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдар, кент тұрғындары қатысты.
Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Пердәлі Архабаев жиын барысында бертінге дейін шешімін тауып, оң нәтиже берген жұмыстардың барысымен бөлісті. Қоғамдағы өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырмайтын ашық алаң осы уақытқа дейін бірқатар жұмыс атқарған. Соның бірі – қазан айындағы мектепті тексеру жұмыстары. Естеріңізде болса, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері өткен айда үш топқа бөлініп, өңірдегі 40 мектепке түгелдей тексеру жасаған болатын. Сол сәтте білім ордаларында қордаланған мәселе бар екені анықталған. Бүгінде мектептегі түйткілді жағдайларға тиісті шаралар қолдануда.
– Мектеп мәселесі бойынша және елді мекендердегі судың дұрыс келмеуіне байланысты су жүйесінің басшысына қаулы бойынша іске асыруды міндеттедік. Ал тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль бөлімінің басшысы Дана Аманға мектептердегі жөндеу жұмыстары мен құрылыс барысындағы кемшіліктер атап көрсетіліп, оларға маман ретінде қадағалау жүргізуді айттық. Сондай-ақ күннің суытуына байланысты мектеп пештерінің жұмыс істеуі мен көмірмен қамтамасыз етуін оқу орындарының директорларына ескерттік. Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы М.Мақашқа бюджеттік қаржыларды сұранысқа сай уақытылы аудару мен игеруді қадағалауды тапсырдық, – деді аудандық қоғамдық кеңес төрағасы П.Архабаев.
Қоғамдық кеңес отырысында тұрғындар пікірі де ескеріліп, той мәселесі де шешімін тапты. Қазіргі таңда ауданда той түнгі сағат 12:00-ден кейін тоқтатылады. Ал облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Н.Көбегенұлы облыста атқарып жатқан жұмыстарына шолу жасады. Кеңес отырысында көше және елді мекендердің атауы да сөз болды. Ол бүгінде қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы арқылы жүзеге асуда. Атап айтқанда, көшпелі отырыс осы уақытқа дейін Төңкеріс және Бидайкөл ауылдық округтеріне барып, ауыл тұрғындарымен кездескен. Кездесу барысында тұрғындармен пікір алмасып, өзара келісімге келіп, «Төңкеріс» атауын «Тұран», «Гигант» атауын «Бәйтерек» деп өзгертуді ономастикалық комиссияға ұсынған. Алдағы уақытта көшпелі отырыстың осы сынды жұмыстары әрмен қарай жалғаса бермек.
Сонымен бірге келешекте аудандық қоғамдық кеңес отырысына ардагерлер, барлық бөлім басшылары, ауылдық округтің әкімдері, тіпті асабалар мен имамдар да қатысатын болады. Кең көлемде жүргізілетін кеңесте бір емес бірнеше мәселе қаралмақ.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ