Еріктілер – ел ертеңі
Ғұлама Жүсіп Баласағұн «Ізгілік қыл, ізгілік көп кісіде, әсерлі ғой ізгілердің ісі де» дегендей жақсылыққа жаны құмар жандардың жүзінен жылулықты, көзінен қуанышты көруге болады. Олар жақсылық жасау арқылы жалғыз қалған жанға серік, шаршап-шалдыққанға тіреу, мүсәпірге көмек бола алады. Негізінен адам баласы дүниеге ізгі амалдар атқару үшін келеді екен. Ал біздің ғұмырымыз жақсылық жолындағы сапар болып табылады. Елімізде жақсылықтың жолымен жүріп келе жатқан жандар аз емес. Біз қазір еріктілер деп атап жүрген қайырымды жандардың қатары жыл сайын артып келеді. Өзгеге жасаған жақсылықты көрген әр адам келесі күні дәл солай қайталауға тырысады. Бұл әлемнің көлеңкелі тұстарын ғана емес, күнгей, жаймашуақ жағын көруге мүмкіндік сыйлайды.
Еріктілер жылының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Осындайда жетімді көрсе жебеп, қиындықты қашанда көтерісуге даяр тұратын қазақтың қамқор көңілі, дарқан пейілі кемімесе екен деп тілейсің. Өйткені адамды адам ететін қасиеттің бірі – қайырымдылық. Ол адамгершілік қасиеттен тамыр тартады. Әсіресе, адам еңсесі езіліп, әрі-сәрі күйге түскенде жаныңдағы жанның жылы сөзі-ақ көңілге көктем сыйлайды. Дәл қазіргі сәт, яғни індет дендеген уақыт еріктілерге деген сенімді одан әрмен күшейтті. Жанын шүберекке түйіп отырған әр тұрғын жылт еткен жақсылыққа жүрегі езіле, жанары жасқа тола қарайтын болды. Қым-қуыт тірлікте «Қайырымдылықты кім жасамайды?» деп аса мән бермеуші еді, ал қазір өз денсаулығын қатерге тігіп, қоғамның ортасынан табылып жүрген еріктілердің ісін ерлікке балағандардың саны артты. Тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та волонтерларға риясыз алғысын білдіріп, еріктілер күні қарсаңында оларды мақтан тұтатынын жеткізді. Мемлекет басшысы «Шын мәнінде, сіздер қазіргі кезде еліміз үшін аса қажетті, пайдалы жұмысты атқарып отырсыздар. Осындай еңбектің арқасында пандемияны да еңсеріп келеміз. Еріктілеріміз ешқандай қауіп-қатерге қарамай, дәрігерлерге, әскери қызметшілерге, қарапайым азаматтарға көмектесті. Бұл – нағыз ерлік. Сендерді мақтан тұтамын» деді өз сөзінде. Әрине, бұл еріктілер қауымына серпін беріп, ынта-жігерін арттырғаны рас. Ал қарапайым тұрғындар болса әр жанның бойында қайырымдылық жасауға деген құмарлық бар екеніне көз жеткізді.

Әдетте «Еріктілерге ақы төленбейді», «Олар өз қалауымен қайырымдылық жасаушылар» дейміз. Алайда жасы мен жасампазы жиналған еріктілер тобына да қолдау мен ынталандыру қажет-ақ. Кез келген ортаға демеу білдірсеңіз, жұмыс жемісті болады. Осы орайда бейсенбі күні Қызылорда қаласында «Волонтерлік – өмір белесі» атты облыстық волонтер жылының жабылу салтанаты өтті. Шараға жыл көлемінде волонтерлік қызметтің 7 негізгі бағыты бойынша жұмыстарды үйлестірген облыстық басқарма басшылары, «Облыстық волонтерлар фронт-офисінің» мүшелері мен облыстағы және аудандағы еріктілер қатысты. Салтанатты жиында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Е.Әбішев қатысушыларды аймақта волонтерлар жылының жабылу салтанатымен құттықтап, бірқатар еріктіні марапаттады. Солардың ішінде Шиелі ауданынан Н.Сапарбаев, Н.Абибуллаұлы, Ұ.Тлеулесова, Е.Мұхтаров және А.Қали облыс әкімінің алғыс хатын иеленді.
Сондай-ақ 8 желтоқсан күні еріктілер күніне орай аудан еріктілерінің басын қосқан «Мен волонтермін» атты семинар-тренинг болды. Аталған семинарды аудандық жастар ресурстық орталығы және «Ашық Азаматтық Қоғам» ақпараттық-ресурстық орталығы ұйымдастырды. Семинар барысында спикер Сабыржан Кеңшілік қатысушыларға волонтерлік бағытта оқыту жұмысын жүргізді. Әртүрлі ойын ойнатып, еріктіліктің де сан қыры болатынын тренинг арқылы жеткізді. Семинар-тренинг барысында бұрыннан бір істің басы-қасында жүретін ерікті жастар одан сайын бірігіп, бір-бірімен етене жақын араласты.
Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ш.Нығметовтің айтуынша, бүгінде өңірде 130-ға жуық ерікті жас бар. Оның ішінде 80-ге тарта жас өте белсенді. «Қазіргі таңда «Харекет» қайырымдылық қорымен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Мақсатымыз – баспанасынан айырылған жандарға үй сыйлау» дейді Шахмардан Мақсұтұлы. Ал семинар-тренингке белсенді қатысқан еріктілердің бірі – Абай Дүкенбаев. Ол – ауданда ғана емес, облыс көлемінде де қайырымды іс жасап жүрген белсенді жас.
– Жұмыстан тыс уақытымда волонтерлікпен айналысамын. Пандемия кезінде ауыл-аймақтағы тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік және басқалай да көмек қолын создық. Ауданда қаншама жас бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуде. Ал Мемлекет басшысы соны елеп-ескеріп, 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялауы бізді шабыттандырады. Алдағы уақытта да біз өз жұмысымызды әрмен қарай жандандыра береміз, – дейді Абай Мұратұлы.
Еріктілердің еркін форматта басқосуы марапаттау рәсімімен аяқталды. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры бірқатар еріктіге алғыс хат табыстап, өз ризашылығын білдірді.
М.БОЛАТҚЫЗЫ