Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сертіне берік семсер қылыш

Сертіне берік семсер қылыш

Қазақтың тұңғыш президенті Н.Назарбаев өзінің «Үш Қоңыр» атты кітабында «Әлемнің талай жерін шарладым. Бірақ Алатаудың бір бөктеріне жамбастай жығылған Үш Қоңырыма жететін жер таба алмадым. Қайда жүрсемде Үшқоңырдағы жаз жайлауды жағалай тігілген ақшанхан киіз үйлер, жағалай отырып қымызын сапырып ішіп отырған ауыл қариялары есімнен кетпейді» деп еске алады.
Мен қазір Елбасының жиі-жиі еске алатын Үшқоңыр ауылында тұрып жатырмын. Табиғатының көркемдігінде шек жоқ. Төбеңе төніп тұрған биік таулар көкорай шалғын. Сарқырап ағып жатқан Шамалған өзені бәрі еріксіз көз тартады. Назарбаевтар отбасы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында туған жерлерін түлетуге қыруар қаржы жұмсағаны байқалады. Жақында ғана балаларға арналған әлемдік деңгейдегі спорт кешені, стадион пайдалануға беріліпті. «Атамекен» атты Елбасымыздың мұражайы Қарасай батыр атындағы үлкен мешіт салынып көркін ашып тұр. Көшелердің бәрі теп-тегіс асфальттанған. Су, газ, электр-энергиясында кідіріс жоқ. Ауылда жалпы білім беретін бес мектеп, екі колледж бар. Елбасымыз ауылдың қақ ортасындағы Қарасай батыр атындағы мектепте білім алған екен. Осынша сұлулықты көріп тұрғанмен әркімге өзінің туған, өскен жері қымбат. «Әркімге өзінің туған жері мысыр шаһары» деп бекер айтылмаған сияқты. Мен де туған жерімді, әлсін-әлсін соғып, ауа тазартып тұратын желімді сағындым. Қандай қиындықтан болса да тайсалмай туған жерін түлеткен елімді сағындым. Әрине, осы ойтүрткімді «оқыған ағайын», «сені біреу сексенге қадам басқаныңда туған жерден қуды ма?» деуі заңдылық. Бірақ қазақта кәрі түйе тайлағына ереді деген тәмсіл бар. Алты жасар немерем Жалынға мен сен үшін,сенің келешегің үшін келдім десем, ол: – «Ата, мен сен үшін келдім» дейді. Екеуміз бір-бірімізді жұбатып, немеремді сөйлетіп туған жерге, елге деген жүрек сағынышын басамын. Бұл жақта да «ағайын-туыс, жора-жолдас жетерлік. Келгелі бері ағайындардың қызықшылығынан қол босамай жатыр. Арасында туған жерден де хабар алып тұрамыз. Бірақ туған жердің, ағайынның, жарыңның орны бөлек. Әсіресе бақилық болғандары жиі-жиі түске еніп, ойыңды мазалайды.
Жақында ғана түсімде Ыдырыс інімді көрдім. Сол жайдарлы аңқылдаған қалпы. Мен әулетте соғыстан кейін дүниеге келген ұрпақтардың үлкенімін. Менен кейін әулетте ойнайтын жас балалар болмағандықтан жүгерінің сабақтарын қатар жатқызып, мынау Күләй бөпе, мынау Бегай бөпе, мынау Рәби (Рабиға) бөпе деп үстеріне жапқыш жауып, шуламаңдар бөпелер ұйықтасын деп отырады екенмін. Өзінен кейінгі балалар үлкен үйдің баласының ықпалымен дүниеге келген дейтін асыл жеңгелерім. (Бәрі бақилық болды, пейіш болсын тұрақтарың) Рабиға жеңгем менің атымды атамай «төрем» десе, Күләй мен Бегай жеңгем «Хан Төрем» дейтін. Бижамал, Ұлым жеңгелерім үлкен үйдің баласы дейтін. Жақында Ұлым жеңгем өмірден қайтты. Алла алдынан жарылқасын.
Сол қатарластырған собықтарымның бірі менен кейін дүниеге келген Ыдырыс інімнің орны бөлек еді. Сондықтан да түсіме кіріп жүрген шығар. Ыдырыс екеуміз де Қызылорда педогогикалық институтының жаратылыстану факультетін бітірдік. Ыдырыс жанұяда әке тәрбиесінен үлгі алып, шаруашылыққа бейім болып өскендіктен бе, тез шаруашылыққа ауысып кетті. 1975 жылы Еңбекшіде өз алдына отау тігіп, совхоз болғанша колхозда бригада есепшісі, өндіріс бригадирі қызметтерін абыроймен атқарды. Ал шаруашылық сов­хоз болып қайта құрылғаннан кейін ферма зоотехнигі, ферма меңгерушісі, бас зоотехник қызметтерінде жауапкершілікпен жұмыс істеді. Шаруашылықты басқарғанда қиналған жоқ. Ел басқару тәсілдері оған қанымен келген сияқты. Байтілес ағамыз ес біліп есейгеннен ел басқарған, ағайынға қамқор болған елі үшін аянбай еңбек еткен азамат болатын. Ағамыздың көп қасиеті Ыдырыстың да бойынан табылатын. Әсіресе, өз ойын батыл айтатын, бастаған іске батыл кірісетін қасиеті атадан дарығандай. Ыдырыстың совхозға директор болуы еліміздің тәуелсіздік алған кезеңімен қатар келгендіктен, қолына ел тізгінін алысымен ауылдың теріскей бетіндегі бейіттің жанынан мешіт саламын деп әрекет жасады. Барлық ынта-жігері мешіт салуға ауып тұрғаннан кейін ауылдан алыстау емес пе деп пікір айтпай, бүкіл ел болып азаматтың тірлігін қолдадық. Өтпелі кезеңде мешіт ауылдан шалғайлау болса да өз міндетін абыройлы атқарып елге қызмет жасады. Ыдырыстың ерекеше қасиеті өзі қандай тірлік бастаса да барлық ықыласымен, ынта-жігерімен атқаратын. Ағайын, дос­тарымен де сондай қарым-қатынаста болатын. Жақсы көрген адамына алаңсыз құлайтын. Әсіресе, достарының ішінде Сақтағанмен қарым-қатынасы ерекше болатын. Сақтағанда азамат қой, өзінің досы туралы естігенде бұл өмірде «Ыдырыстан көрген жақсылықты, шынайы достықты, қамқорлықты басқа ешкімнен көрген жоқпын» деп ағынан жарылуы досының өзіне деген ынта-ықыласын азаматтық тұрғыдан баға беруі нағыз мәрттік болды. Сейтомар досымен де сыйластығы ерекше болатын. Достары да Ыдырыс өмірден кетсе де сыйластықты жоғалтпады. Сейтомар арнайы Алматыдан келіп, достарының өмірден қайтқан күніне ауданның зиялы қауымын, ауыл ақсақалдарын, ағайынды шақырып ас беруі бұлардың достығының атадан балаға кететін мәңгілік достық екенін айшықтай түсті. Әрине өзінің туып өскен ауылында қызмет жасау қиынның қиыны. Ағайын сенің жетістігіңнен гөрі кемшілігіңді тез көреді. Туған елге қызмет жасауды мен Ыдырыстан бұрын бастадым. Ағайынның он рет айтқанын істеп бір рет айтқанын істемесең теріс қарап, теріс қарағанда да алаңсыз мойыны бұрылмай қалады. Оның мойынын есебін тауып бұрғызсаң, келесі ағайын теріс қарап қалады. Менде ел басқаруға ерте араласып, әрі шариғаттың түзу жолымен жүретін Қазбек көкемнің тәрбиесін алғаннан кейін көп қиындықты бастан өткіздім деп айта аламын. Ыдырыс та осындай қиындықтарды бастан өткерді. Қазақ елі басқаруға келген азаматқа «Атқа мінгенің, ажалға жеткенің» деп ел басқарудың қиындығын айтқан.
1995-1996 жылдары елімізде жаппай жекешелендіру кезінде Ыдырыс ешкімге бұра тартпай барлық жауапкершілікті комиссия мүшелерінің тапсырған кезінде өзінің үлесін ала-алмай ренжіген ағайын-туыстар уақытша қиындық көргенмен, бәрі өмірдің көшіне ілесіп, балалары оқып, ержетіп салиқалы өмір кешуде.
Аталарымыз өмір қысқа болғаннан кейін «бес күн жалған» деп бағалаған. Шынында адамның өмірі дүние жаратылған миллиардтаған жылдармен салыстырғанда көзді ашып-жұмғанмен бірдей екен. Өмір зулап өтіп жатыр. Күн шықса, тез батса екен дейміз. Уақыттың өтіп жатқаны өміріміздің өтіп жатқаны екенін аңғармаймыз. Уақыт өткен сайын ажал құрығының келе жатқанын мойындағымыз келмейді. Бүгінгі ойтүрткіге арқау болып отырған Ыдырыс інімде бақилық мекенінде. Тура Пайғамбар жасында мәңгілік сапарға аттанып кетті. Қазір аруақ болып құтхана мекеніне қамқоршы болып, айналып жүрген шығар. Жұбайы кіші ұлының қолында немерелерінің қызығын көруде. Үлкен ұлы Ерсаид ауылдағы білім ошағын бірнеше жылдан бері абыройлы басқарып келеді. Ыдырыстың өзі жоқ болғанымен, артында өшпейтін бейнесі, сөзі, ісі қалды. Әсіресе мен Қызылордадан көшіп келіп, Шиеліге қоныстанғаннан кейін жаңа жылда барлық іні-келіндерін ертіп келеміз.
– Аға, бүгін бұрынғы әдет бойынша жаңа жылды үлкен үйде қарсы алуға келдік, сізге мен ризамын. Қандай қиындық көрсеңізде ағайыннан алыстамадыңыз. Ағайынмен арадағы сыйластықты бәрінен жоғары қойдыңыз. Сіздің осы қасиетіңізге өмір бойы ризамын, деп ағынан жарылуы, ақыл-парасаттың, адамгершіліктің, ағайынды құрметтеудің жоғарғы парасындай болды.
Менде жүрегім езіліп, азаматтың азаматтылығына, ағайынды қадірлейтін, қимайтын нәзіктігіне разы болдым. Ыдырыс­ ел басқарғанда өте қарапайым, жаны таза болды. Елде оның осы қасиеттерін қадірлейді деп есептеймін.
Еңбекшінің 90 жылдық тарихында аты айшықталатын аз өмірін елім, жерім деп өткізген асыл азаматтың бейнесі ауылдастарының мәңгі есінде қалады.

Есіркеп Шәдібеков,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Шамалған ауылы
19 қазан 2020 ж. 415 0