Құқық бұзушылықтың алдын алу кеңесі

Рас. Бүгінде егде тартқан кісілердің ғана емес, өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналды. Теледидарды немесе әлеуметтік желіні ашсаңыз, бір-біріне әлімжеттік көрсеткендерді, қалтаға қол салып, ұрлық қылғандарды яки бұзақылыққа барғандарды көреміз. Бұғанасы бекімеген балаларды темір торға тоғытуға да, әлгіндей ұрлық-қарлыққа да қимайсыз. Бар болғаны «Әттең-ай» деп бармақ тістеп, сан сабалаймыз. Әрине, қай елде болмасын қылмыс жасау бар. Алайда сондай қылмысты болдырмау үшін жауапты мамандар бар күшін салып жұмыс істеуі керек. Осы орайда сейсенбі күні аудан әкімдігінде аудан прокуроры Н.Дүйсенбаевтың ұсынысымен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында ведомствоаралық мәжіліс өтті. Мәжілісте аудан әкімі Қ.Мүбараков төрағалық етіп, оған өңір басшысының орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша алғаш болып аудан прокурорының орынбасары Ақжолтай Мұқалым баяндама оқып, жыл бойында атқарған жұмыстарға шолу жасады. Аудандағы өсім алған қылмыстардың алдын алу және болдырмау мақсатында жүзеге асып жатқан жұмыстар жөнінде Шиелі аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Болат Тұрғанбайұлы мәлімдеме жасады. Жиын барысында аудан көлеміндегі мал ұрлығын болдырмау және пада ұйымдастыру жұмыстары жөнінде полиция бөлімі тарапынан кент және ауыл әкімдеріне ұсыныс айтты. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты аудандық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиевке тапсырмалар берілді. Жиын соңында өңірде қара сора егілген жер учаскелерін анықтау жолдары туралы жан-жақты ұсыныстар айтылып, шешімдер қабылданды. Бұдан бөлек аудан әкімі Қ.Мүбараков пен Н.Дүйсенбаев баяндамашылар жасаған мәлімдемені талқылап, соған сәйкес тапсырмалар жүктеді.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ