Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қылмыс жасау мінезден бе, қоғамнан ба?

Қылмыс жасау мінезден бе, қоғамнан ба?

Хакім Абай «Қазақтың жаманшылдыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының тайын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық-сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсібін тастап, кезегендікке салына ма?» дейді қырық екінші қара сөзінде. Осыдан екі ғасыр бұрын жазылған сөз бүгінде маңызын жоғалтқан емес. Өкініштісі, қазіргі таңда жұмысы жоқ, тамағы тоқ жас жеткіншектер азғындалып, оның арты қылмыс жасаумен аяқталуда.

Рас. Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналды. Теледидарды немесе әлеуметтік желіні ашсаңыз, бір-біріне әлімжеттік көрсеткендерді, қалтаға қол салып, ұрлық қылғандарды яки бұзақылыққа барғандарды көреміз. Бұғанасы бекімеген балаларды темір торға тоғытуға да, әлгіндей ұрлық-қарлыққа да қимайсыз. Бар болғаны «Әттең-ай» деп бармақ тістеп, сан сабалаймыз.
Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22:00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Бұл тармақты барлығы біледі десек жаңсақ емес. Бірақ біле тұра, аяғын шалыс басып, қателікке ұрынатын жасөспірімдер баршылық. Өйткені, жас өскіндердің көбісі қылмысты қараңғылық түскенде жасайды екен. Аудандық ювеналды полиция тобының аға инспекторы Абай Мәдиевтің айтуынша, өткен 2019 жылы жасөспірімдер арасында 3 қылмыс тіркелген екен. Оның бірі – бұзақылық болса, екіншісі – мүлік ұрлау, ал үшіншісі – кәмелет жасқа толмаған жеткіншектердің жыныстық қатынасқа түсуі. Биыл да бұл көрсеткіш қайталанып отыр. Жас жеткіншектер жаңа жылдың басында-ақ ұрлық жасаған. Әрине, қылмыстың ауыры немесе жеңілі болмайды. Заты адам баласы адамшылықтан аттап, қылмыс жасады ма, демек заң бойынша жазасын алуға тиіс. Алайда, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көбі екі жақтың татуласуымен аяқталатын көрінеді. Қылмыстың өтеуі жаза емес, кешірім ретінде аяқталу процесін Абай Мәдиев те айтып отыр.
– Жасөспірімдердің барлығын соттай берсек не болады? Келешегіміз қандай болмақ? Түрмеге түскеннен кейін өмірі қай арнамен ағады? Сол үшін де біз істі бір жыл көлемінде бақылауға қоямыз. Қылмыс жасаған бала мектеп немесе оқу орнында іс-шараға, қоғамдық жұмысқа тартылады. Өз тәжірибемізден білеміз, өмірі домбыра тартпаған бала домбыра тартып, спортпен айналысуда. Мәселен, 2018 жылы 13 қылмыс орын алса, оның 12-сі ұрлық, біреуі бұзақылық еді. Осы қылмыстың барлығында екі жақ татуласқаннан кейін тергеу тоқтатылды. Егер барлық жеткіншекті қатаң жазаласақ, олардың өмірге қайта бейімделіп кетуі қиын, – дейді ювеналды полиция тобының аға ­инспекторы.
Жасөспірімдердің қылмысқа бой ұру мәселесіне құқық қорғау органдары ғана емес, ата-ана, мектеп, басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар да бей-жай қарамауы керек. Себебі, жас баланың азамат болып қалыптасуына жанұясы да, мектеп те, көше мен қоғамдық орындар да сеп болады. Өйткені, адам баласы өсе келе жанындағылардан үлгі алып, ересектерге еліктей бастайды. Осы орайда Сапар Байжановтың «Қанша адам болса, сонша мінез болады. Көп нәрсе, керек десеңіз, тіпті адамның тағдыры да кейде мінезіне тікелей байланысты. Адамның мінез-құлқы қалыптаса келе қасиетке айналады» деген сөзі еріксіз еске түседі.
Демек бала жастайынан ұрлыққа әуес, өтірікке құмар болса, өзінен кішіге зәбір көрсетуге арланбаса, бұл бозбала шағында да, орда бұзар жасқа жеткенде де үйреншікті әдетке айналады. Сондықтан жас шыбықтай иілгіш келетін жасөспірімді әу бастан арлы болуға, қара жердің өзін қатты баспауға, кісіге қиянат жасамауға тәрбиелеу қажетпіз. Ал сабақтан тыс уақытта баланың бойына білім дарытып, таным көкжиегін кеңейтуге жұмыс істесек абзал емес пе? Әсіресе, жас жеткіншектерге арнап спорттық шаралардың, шығармашылық қабілетін арттыратын үйірмелердің санын арттырса, олардың мүмкіндігін көбейтіп, жас буынды өзіне қарай тартса, жас өскіндердің қылмыс жасамақ түгілі, мойнын бұруға мұршасы болмас бәлкім? Бұл туралы қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев: ­
– Мектеп, ата-ана, қоғам бірігіп жұмыс істеуі керек. Егер балалар спортпен, өнермен айналысып, мәдениетке ден қойса, олардың төбелесуге, қылмыс жасауға уақыты болмайды, – деген болатын.
Тағы да қазақтың бас ақыны Абайдың сөзіне тоқталайықшы. Хакім мінез хақында «Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілтектікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады» дейді. Полиция қызметкерлері де жас буынның қылмысқа балалықпен немесе қызбалықпен баратынын айтып отыр. Яғни біз қылмысқа үйір жастар көбеймесін десек, әуелі мінез деген сауытты сақтауымыз керек.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

18 ақпан 2020 ж. 501 0