Түйе баққанның тынысы кең
«Нар жолында жүк қалмас» деген мақалдан қазақ халқы төрт түліктің ішінде түйені ерекше қастерлеген. Көшпелі елдің көлігіне айналған. Түйе мінсең – көлік, жүні мен терісі – киім, сүті – сусын, еті – ас.«Сәл қисықтау демесең мойын жағы,
Ата-бабам әуелден түйе мінген.
Қазақ пенен түйенің бойындағы,
Маңғаздық, аңғалдықты сүйемін мен» деп сырбойылық ақын Мұхтар Ниязов төрт түліктің төресі жайлы толғаған. Түйе тұрмысқа қажетті, шөлге шыдамды болған соң оны өсіруге ден қойған. Бірлігі бекем ауылдың тірлігі де берекелі. Сондай еңбектің қазанын қайнатқан ауылдың бірі – Бала би. Түйе боздап, қой қоздаған берекелі ауыл. Қара жердің қайығы аталған осы бір ұлық малды көбейту барысын бала билік бірқатар азаматтар қолға алған. Бүгінде шаруасын түрлендіріп, гүлдендіріп, шалқытып отырған жанның бірі – Уайда Алиханов ақсақал. Кейіпкеріміз бір жастан асқан тайлақтан бастап, атан түйелермен осы кәсіптің өрісін кеңейтті. Уайда ақсақал ата кәсіппен қырық жылдан бері айналысып келеді. Бұған дейін Республикаға белгілі озық шопандардың бірі болған. Атқарған еңбектері лайықты марапатын алды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Социалистік жарыстардың жеңімпазы, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері. Аудандағы төрт түліктің санын арттырып, мал шаруашылығының өркендеуіне үлес қосқан. Алғаш шопан болған жылдары көп жетістіктерге қол жеткізіп, әр жүз аналықтан жыл сайын 171-212 төлге дейін алып, мал басын 100 процент аман сақтауды қамтамасыз етті. Шаруашылықта қажырлы да адал еңбегінің арқасында 1984-1986 жылдары аралығанда тағы да 2 дүркін аудандық партия комитетінің тұрақты мүшесі болды. Күміс медальмен марапатталды.
1980 жылы Х рет сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып тағайындалды. Қазіргі таңда республикалық дәрежедегі зейнеткер. Бүтіндей бір ауылдың абыз ақсақалы мен қазыналы қариясына айналып отыр. 90-ның бесеуіне жеткен ақсақал – бақытын еңбектен тапқан жан. Қазіргі таңда ата кәсіп балаға ауысты. Абыз ақсақалдың батасын алып көктеп отырған ұлы – Руслан Уайдаұлы ойсылқара тұқымының санын арттыруға 1997 жылы нақты бел байлады. Әке өнегесін бойына сіңіріп, тәрбие мен еңбекті ұштастырып, әке салған сара жолды дамытуда. Руслан – тумысынан елгезек, тұла бойы парасаттан жаралған шаруаға бейім, еңбекқор және қазіргі таңда Бала би ауылында ойсылқара тұқымдасын өркендетіп отырған ірі кәсіпкерлердің бірі. Осы шаруаны табандылықпен басқаруының арқасында 2007 жылы ауданның ірі кәсіпкері атанды. Шаруа қожалықтағы түйе санын бүгінде 100-ден асырып отыр. Алдағы уақытта санын арттыру ойда бар дейді. Елбасы Н.Назарбаев айтқандай «Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар». Расында, уақытпен санасып, алға мақсат қойған кәсіпкер келешекте екі адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Бойында адамгершіліктің, қарапайымдылықтың, еңбексүйгіштіктің лебі есіп тұр. Өн бойында өнеге мен еңбекті қатар алып жүретін осындай жастарымыз көптеп табылса, нұр үстіне нұр болар еді. Жер мен малға қанаттанған азаматтың сүйікті жары – Жазира таңмен таласа тұрып, үй тіршілігін жасап, бал қымыз сауып, берекелі тірліктен айнымаған келіншек шелегі аққа толса қуанып, ерекше ынтамен іске кіріседі. Отбасылық кәсіптің ерекше үйлесім тапқанын көріп, біздің де көңіліміз марқайды.
Ал саусақтары майысып, төрт түліктің төресін сауған Жазираның шелегіндегі сүт Шиелі ауданына жөнелтіледі. Нақтырақ айтсақ, түйеден алынған шұбатты Шиелі ауданындағы индустриялық аймақта орналасқан «Ару Ана» шұбат цехына өткізеді.
Ойсылқара тұқымының пайдасы ұшан-теңіз. Соның ойға келгенін сіздерге айтуға тырыстық. Мәселен, түйенің еті денені қуаттандарады. Жілік және өркеш майлары, сүті мен жүні дәрі ретінде пайдаланылады. Жаңа сойылған түйенің өкпесін таңса, терідегі ақтаңдақ жазылады, ал адраспанға түйенің несібін құйып қайнатып, қол-аяқты биіктеу ұстап, жылы кезінде сорғалатып құйса, сал ауруы жазылады. Қол-аяқтың буыны қайырылып, ісінгенде, түйе шудасын ерітілген тұзға немесе сірек суына шылап таңады. Өркеш майына сүт қосып қайнатып ішсе, организм қуаттанады екен. Түйенің еті ғана емес, сүті де адам ағзасына өте пайдалы. Бұрындары қазақ емшілері түйе сүтімен науқастарды емдеген. Жасы үлкен қарттардың дене қуаты төмендегенде ішкізген. Шұбат ішкен адамның денесі былбырап, терлеп жақсы қалыпқа келген. Міне, осы сынды қасиеттерін тізбектей беруге болады.
Шапағат Тілеубаев